Кезең-кезеңімен шешімін табады

VII ШАҚЫРЫЛҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 14-СЕССИЯСЫНДА БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ. АТАП АЙТҚАНДА, «2022-2024 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН АУДАНДЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ», «ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ АХУАЛЫ ТУРАЛЫ», «ЖЫЛЫОЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ 2022 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖҰМЫС ЖОСПАРЫН БЕКІТУ ТУРАЛЫ» ЖӘНЕ «ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ ҚАРАША АУЫЛЫНЫҢ ТОПОГРАФИЯЛЫҚ ТҮСІРІЛІММЕН БІРЛЕСКЕН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН БАС ЖОСПАРЫН БЕКІТУ ТУРАЛЫ».

Міне, осы халық қалаулыларының бас қосқан алқалы жиынында әріптесіміз, «Кең Жылой» газетінің тілшісі, мәслихат депутаты, мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және экология мәселесі жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Перизат Қизатова қарапайым халықтың көкейінде жүрген келелі мәселелерді көтерді. Алдын ала медициналық мекемелерге жүргізген тексеріс бойынша осы салаға анықтама жасаған ол мәслихат депутаттары атынан өз ұсыныстарын алға тартты.

Дәлірек айтқанда, қажетті медициналық мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу кезек күттірмейтін басты проблема екендігін ескертті. Өйткені осы саладағы кадр жетіспеушілігі халық денсаулығына да кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, ол үшін жас маманға барлық жағдайды жасау да қажет. Сондықтан Перизат Түрікменбайқызы ауданға келген мамандарды әлеуметтік қамсыздандыру, әсіресе тұрғын үймен қамту, балаларын балабақшаға орналастыру мәселесін де көтерді. Мамандар мәселесін шешу мақсатында, өңірдегі ірі компаниялардың жанынан медициналық оқуға түсуге гранттар бөлгізу қажет деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар, аудандық емхана жанынан үлкен (реабилитация) орталығын салу, науқастарды облыс орталығына тасымалдау мәселесін шешу және Тұрғызба ауылына жаңа амбулатория ғимаратын тұрғызу керек деген келелі мәселелерді де қойды.

Аудан басшылары қатысқан сессия жұмысында депутаттың көтерген мәселелері аяқсыз қалмайтыны анық. Өйткені ол арнайы хаттамаға енгізіліп, аудан әкімінің алдына жазбаша ұсыныс ретінде беріліп, күн тәртібіне қойылады. Сондықтан оның кезең-кезеңімен шешімін табарына сенім мол.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT