Кездесу орнына жеке қабылдау өтті

Кездесу орнына жеке қабылдау өтті
Фото: Е.Ахметкәрімов

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өткен сейсенбіде ат басын Жаңа Қаратон кентіне бұрды. Барлық бөлім басшыларымен бірге жиылып, ондағы халықтың үніне құлақ асты. Кенттегі №23 мектептің үлкен залында өткен кездесуге келген тұрғындар аудан басшысына көкейде жүрген көп сауалын жолдауға жиналды.

Жиналысқа жиналған жұрттың қарасы аз болған соң, әкім келген адамдарды жеке-жеке қабылдауды ұйғарды. Мұң-мұқтажын айтқан әлеуметке барынша көмектесуге уәде берді. Халықтың негізгі бөлігінің жанайқайы жұмыссыздық мәселесі болды. Ауылдағы жастардың қара алтынға бай туған өлкесінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендігі ашындырды.

Солардың бірі - Райгүл Сағындықова есімді тұрғынның ауыр әлеуметтік жағдайы. Оның қос перзентінің денсаулығында ақау бар. Жолдасы жақында ғана Теңіз кенішіндегі қызметінен босап қалған екен. Жарының жұмыссыз қалғаны отбасының бюджетіне өте қатты әсер еткен. Өзі мектептен қара жұмысшы ретінде тапқан айлығы шайлығына жетер емес. Оның үстіне екі баласын екі ай сайын қалаға апарып, дәрігерге қаратып тұру, өзге мәселелерді айтпағанда, күнделікті ішетін дәрі-дәрмегіне де ақша жеткізетін емес.

Ананың базынасын естіген Жұмабек Қаражанов мәселені барынша шешуге уәде берді. Балалардың еміне демеушілердің көмегімен көмек қолын созуға уәде берді. Ал, жолдасына тұрақты болмаса да, жұмыс тауып беруге келісім берді. Әкімнің уәдесін алған тұрғын үйіне үлкен үмітпен кетті.

Салауат Әжібаев есімді азамат та өз жағдайын айта келіпті. Оның жеке тұрғын үйінің маңындағы ағымдағы жол жөндеу жұмыстары кезінде кішкене келеңсіздіктер орын алған. Салауаттың үйі төмендеу «отырып» кетіп, жауған жаңбырдың суы оның ауласына қарай ағатын көрінеді. Сондықтан шарбақ маңына су жиналып, құйылатын кішкене құдық салып беруді сұрады. Әкім оған тез арада көмектесіп, бұл мәселені шешетінін жеткізді. Тұрғынның екінші мәселесі ауылдағы мектепке қатысты болды. Ол іргелі оқу ордасының заман талабына сай жабдықталып, сыртқы келбеті кенттің көркіне көрік қосатындай сәулетті болғанын қалайтынын жеткізді.

Әрине, қабылдауға өзге де тұрғындар келіп, жеке сұрақтарын аудан басшысының алдына қойды. Жұмабек Байрақбайұлы олардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, бірқатар бөлім басшыларына тапсырма берді. Сөз арасында барлық проблема бірден шешіліп кетпейтінін ескертіп, кезең-кезеңімен тұрғындар өтінішін орындайтынын жеткізді.

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT