Кердең жүргізушінің кесірі

қарапайым жолаушыға тимесіне кім кепіл?

Атырау қаласына сапарлап шыға қалсақ, 230 шақырым жолды басып өтуге тура келеді. Ұзақ жол. Сондықтан да жолда кездесетін түрлі қауіп-қатерлерден сақтанып жүруге тура келеді. Сақтанбасқа болмайды. Әсіресе облысымыздағы басқа трассаларға қарағанда Атырау- Құлсары бағытында жайылып жүрген мал мен кейбір жол ережесін сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен кедергілер көп.

Көп кедергінің бірі - жол бойында жайылған мал. Соңында бақташысы не жылқышысы жоқ, иен далада маңып жүрген ірі қаралар жүйткіп бара жатқан автокөлік иелеріне үлкен қиындық келтіреді. Есі жоқ мал қатерді қайдан білсін, шауып жол бойына шығып кетеді. Әсіресе қараңғыда қауіпті.

Тағы бір қиыншылық келтіріп тұрғаны - жолда түнделетіп жүретін жүргізушілердің жауапсыздығы. Барынша жол ережесін сақтап, көзге түртсе көргісіз қараңғыда машинаның фарын да ережеге сай жағып келе жатамыз. Ереже бойынша бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан екі көлік жақындаған сәтте екі жүргізуші де алыстан жарқырай жанатын фарын өшіріп, сәл көмескі фарын іске қосуы керек. Себебі қос көліктің жарқыраған фарларының сәулесі шағылысып, бір-бірін, жолды көрмей қалады. Өкінішке орай, осы ережені мүлдем сақтамай, кердеңдеп өте шығатын жүргізушілер көп. Олар жол ережесіне пысқырып та қарамайды. Мұндай өркөкірек, өпірем шопырлардың кесірінен жол апаттары орын алады. Түнде жолға шығып кеткен не кесіп өтпек болған малды да әлгіндей шағылысқан жарықтың кесірінен көрмей қалу бек мүмкін. Бірақ мұны ойлап жатқан кейбір жүргізушілер жоқ. Трасса бойымен қарсы кеп қалғанда алысқа жағылатын фарын жаққан күйі баса-көктеп өте шығады. Ендеше, жол бойындағы қалыптасып отырған осы кемшілікке жол полициясы қызметкерлері назар аударса екен. Түнде рейд өткізіп, әлгіндей кердеңдеген қырсық жүргізушілерге шара қолданса, жолдағы қауіп те азаяр еді.

С. Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521