Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың халықпен келесі кездесуі Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарымен болды. Алдымен, аудан басшысы кенттегі мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына тоқталды. Былтыр бастап салына бастаған нысанды мердігер мекеме уақытылы жүргізе алмаған соң, пайдалануға беру кешіктіріліп жатқанын тілге тиек етті. Кәріз суын айдау станциялары құбырларын жабдықтандыру бойынша жобаға түзетулер енгізіліп, оны биыл аяқтауға жұмыстанатынын жеткізді. Газ құбырларын жүргізу бойынша қазіргі таңда 30 шақырым көгілдір отын желісі жүргенін, яғни жұмыстың 80 пайызы аяқталғанын атап өтті.
Сондай-ақ кентке 20 шақырым жаяу жүргінші жолы салынып, саябақ үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамадан өткен. «Қаражаты алдағы уақытта бөлінетін болады» деді аудан әкімі. Сонымен қатар, кенттегі екі мектептің ауласына спорт алаңдары мен Қорқыт ата көшесіне салынатын футбол алаңының құрылысын жүргізетін мердігер мекемелер анықталған.
Бұдан соң Ж.Байрақбайұлы кент тұрғындарының сауалына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қай-қай жерді де айналып өтпеген жұмыссыздық мәселесінен бастаған қаратондықтар, ең болмаса, кенттегі құрылыс жұмыстарына жергілікті жігіттерді неге тартпасқа деген ұсынысын жеткізді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар өз ауылының игілігі үшін барын салып қызмет жасайтынына сенеді олар. Жергілікті халықтың айтуы бойынша, кентте жұмыссыздық дендеп тұр. Тіпті қартайған ата-анасының зейнетақысына күн көріп жүрген зіңгіттей ер-азаматтар бар. Ал азық-түлік пен коммуналдық қызметтің бағасы күн санап қарыштап барады.
Кездесуде сөз сөйлеген ақ жаулықты әжелер зейнетақысының өзі тамаққа әрең жететінін айтып, осы баға мәселесі қашан шектеліп, шешілетінін сұрап, налыды. Тамақтың бағасы удай, ал оны ретке келтіретін дүкендердің қарасы көрінбейді. «Жығылғанға – жұдырық» деп, кәсіпкерлер оның үстіне алкогольдік өнімдерді түнімен сататын көрінеді. «Онсыз да жұмыссыз жүргендер енді ішімдік ішіп, азатын болды-ау» деп торыққан әжелер осы мәселеге бір тосқауыл қоюды сұрады.
Жаңа Қаратондағы интернет желісінің жылдамдығы баяу. Ай сайын ақша төлеп, бірақ ешқандай да қызығын көре алмай отырған тұрғындар осы мәселені шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ, кенттегі тазалықтың жайы да мәз емес. Айына бір-ақ рет қоқыс алынады екен. Бұл мәселенің түйіні алдағы уақытта шешілетінін айтқан аудан басшысы тұрғындарға өз ұсынысын да жеткізді. Ол тұрғындар қайтадан «Жылыой- тазалық» мекемесімен келісім-шартқа отыруы керектігін, өйткені кенттің тазалығымен енді аталмыш мекеме айналысқалы жатқанын хабарлады. Бұл орайда Ж.Қаражановтың ұсынысы – кент ішінен тазалық мекемесін құру. Яғни тұрғындар өз тарапынан техникалар алып, әлдері жеткенше белгілі бір аймағын тап-таза етіп ұстап отырса, мәселе біртіндеп шешілер еді. Бір жағынан, өздері үшін кәсіп көзі болса, бір жағынан, туған жердің тазалығы қалыпқа түсері сөзсіз. Ал қоқыс төгетін полигонның мәселесін аудан әкімшілігі шешіп бермек.
Бұл ұсыныс қаратондықтардың көңілінен шықты. Құп алып, іске асырып жатса, бүгінгідей көпшілік айтқан тазалық мәселесіне нүкте қойылар еді. Кездесуде тұрғындар тарапынан техникалық суға қатысты, үп етсе сөніп қалатын үйдегі жарық мәселесіне қатысты әңгімелер де өрбіді.
Ал келесі болып микрофон алған тұрғындар аудан әкімінен бейбіт шеруге шығу үшін рұқсат алуға көмектесуін сұрады. Олардың айтуынша, Теңіз кенішінде қызмет етіп жатқан мекемелер өздерін бір күнде жұмыстан шығарып жіберген. Жастары 50, 60-қа келген жандарды енді қайбір мекеме қызметке қабылдай қояды деп алаңдаулы. Осы мәселе бойынша біраз жерге хат жолдаған, бірақ, екі айдан бері мардымды жауап жоқ. Бұл жөнінде күні кеше облыста үшжақты арнайы комиссия отырысы өткен. Бірақ, онда айтылғандар арызданушылардың көңілін көншітпеген. Сол отырысқа онлайн қатысқан аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеев 30 адамды бір күнде жұмыстан босатқан мекеме бұл шешімнің шығуына келісім-шарттың бітуі себеп болғанын айтады. Облыстық еңбек инспекциясы да бұл шешімнің заңды екенін көрсеткен. Дегенмен, облыс әкімі қайтадан комиссия құрып, мәселені әлі де зерделеу туралы тапсырма берген екен.
Бұдан бөлек тұрғындар жеке басына қатысты мәселелерді де қозғады. Кездесу аяқталған соң, аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша нысандарды аралады.
П.ҚИЗАТОВА