Кеніштен 1000 жұмысшы шығарылды

Ақыры, міне, көптен күткен күн де келіп жетті.

Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, Теңіз кенішіндегі карантиндік ахуалға байланысты бірқатар мердігер мекемелердің жұмысшы-қызметкерлері өндірістік аймақтан шығарылатыны белгілі болған еді. Бұл жөнінде өткен аптада тікелей эфир арқылы брифинг өткізген «Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Рзабек Артығалиев мәлім етті.

Соған байланысты «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Құлсары стансасындағы теміржол бөлімшелері көптен бері қызу дайындық жұмыстарына кіріскен болатын.

Ақыры, міне, көптен күткен күн де келіп жетті. Өткен сейсенбі күні жұмысшылар тасымалдайтын жолаушылар вагондарының алғашқы легі Құлсары стансасына келіп тоқтады. Біз осыған орай ауданға іссапармен келген «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы Атырау магистральды желі бөлімшесі директорының орынбасары Айбек Қуанышевпен тілдескен едік. Ол кісіден вагондардың екі бағытта жолаушы тасымалдайтынын білдік.

Сол күні кен орнынан жолға шыққан 500 жұмысшы Құлсары стансасына ТШО-ның 50 адамдық арнаулы автобустарымен жеткізілді. Олар алдын ала дайындалған 15 вагонға отырғызылып, Атырау қаласына қарай сапар шекті. Ал 500 жұмысшымен орнынан қозғалған он вагон тікелей Теңіз кенішінен Құлсары стансасына келіп аялдады. Көп ұзамай олар да Құлсары станциясынан шығып, Ақтөбе қаласын бетке алды. Жұмысшыларды тасымалдау кезінде төтенше жағдай режиміне сай барлық сақтық шаралары қатаң сақталды.

Осылайша алып кеніштің ірі өндіріс ошағынан бір күнде теміржол арқылы 1000 жұмысшы карантиндік аймақтан шығарылды. Жалпы Теңізден адамдарды оқшаулау өткен аптаның жексенбі күнінен басталғаны белгілі. Олардың барлығының қолында қауіпті індетті жұқтырмағанын айғақтайтын анықтама бар. Еске сала кетейік, осыған дейін Теңіз кен орнында тәж тажалынан қауіптенген 500-ге тарта жұмысшы жұмысқа шығудан бас тартқан болатын-ды.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521