«Кең Жылой» – даладай дархан Жылыойдың бозторғайы

«Кен Жылой» - даладай дархан мінезді Жылыойдың бозторғайы

1933 жылы латын харпімен жарық көрген газетте қаншама тарих бар десеңізші!

Небір шетелдік мекемелер мұнай өндіріп жатқан Жылыой жеріндегі шағын Құлсары қаласындағы мына көріністі көзге елестетудің өзі ауыр еді. Халық көшедегі су колонкаларының қасында салдырлатып бидон, шелектерін арқалап кезекте тұратын. "Кең Жылой" газетінің бірінші бетіне "Ең бай аудан қара суға да жарымайды" деген айқайлаған тақырыппен сын мақаланы, су кезегінде тұрғандардың суретімен қоса жарияладық). Бұдан соң сол кездегі "Атырау-Ақпарат" КМК-ның төрағасы Э.Жұмағазиев телефон соғып: "Енді су туралы сын мақала жазбай-ақ қойыңдар. Облыс әкімі ТШО-ның "Игілік" бағдарламасының қаржысын 3 жыл бойына Жылыойда қалдыратын болды",-деп хабарлады.

Шынында да көп ұзамай әбден шіріген жер астындағы су құбырларының орнына жаңа пластик тұрбалар тартылды. Көпқабатты үйлерге алғаш рет су көтерілді. Содан бастап халық су кезегінде бидондарын салдырлатып тұратын аянышты көріністер мүлдем жойылды.

Вокзал Кеңес одағы кезіндегі бейшара қалпында қалған шағын үй еді. "70 адам әрең сиятын вокзал 70 мың халқы бар аудан үшін тар емес пе?" деген сын мақала жарияладық. Сол кездегі әкім, кейін Сенат депутаты болған Сәрсенбай Еңсегенов вокзал қожайынын шақырып: "Не вокзалды әкімдікке бер, не өзің жөнде",-деп талап қойды. Вокзал еурожөндеуден өтті.

"Кең Жылой" газеті осылайша туған жеріне бозторғайдай шырылдап тек рухани жағынан ғана емес, басқалай аз да болса үлес қосты деп айта аламын. Бір қызығы, редакциямызға көмек сұрап келетіндер көп болатын. Бір жұмыссыз әйелдің төлқұжаты жоқ, өзі екі айлық баламен, басқа балалары аяқкиімі жоқ болғандықтан сабаққа да бара алмай, аш отыр екен. Оған "Кең Жылойға" бар деп ақыл айтыпты біреулер. Журналистер дереу қалтамыздан ақша жинап, базардан аяқкиім мен азық-түлік сатып алып, әлгі әйелдің үйіне келдік. Жалдап тұрған үйіне бір жыл бойы ақша төлей алмай, қожайыны қысты күні қуып жатыр. Пәтер иесіне, Ақтау қаласына телефон соғып, үйден қумауын өтіндік. Ол да мейірімді жан екен, бір жылғы қарызын алмайтын болып келісті. Бұдан соң біз Әділет басқармасына телефон шалып, төлқұжатын алды. Балаларына жәрдемақы тағайындаттық. Кәсіпкерлер ақшалай көмектесті. Әлгі әйел редакцияның адамындай болып кетті ))). "Баламның сүті таусылып қалды",- деп келіп тұратын )).

Қолдан келгенше мүгедек балалар мен жағдайы төмен отбастарына көмектестік. Газетімізге оларды тегін жаздыртуға жұмыстандық. Ол кезде газет таралымы 9 000 болатын. Интернет дейтін алып танк жолындағыларды жайпай келмегенде таралымды көбейтпек жоспарда бар еді).

"Кең Жылой" - Жылыойдың даладай дархан мінезді халқының үні, жыршысы, бозторғайы. 1933 жылы латын харпімен жарық көрген газетте қаншама тарих бар десеңізші! Ақын Меңдекеш Сатыбалдиев жұмыс жасаған газет қой бұл.

"Атырау-Ақпарат" медиасеріктестігіне қарайтын газет бүгінде үлкен жаңа форматта, 12 бет болып шығады. Серіктестік директоры, жас та болса білікті басшы Ысқақ Егембердиев жаңаша талаптар қоюда. Оқырмандарға барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Газетке тек почта арқылы ғана емес, баламалы түрде (редакция тасымалдайды) өте арзан бағаға жазылуға болады. Сондай-ақ онлайн жазылу іске қосылды, үйде отырып-ақ газеттің пдф нұсқасын телефоныңызбен оқи аласыз. Офлайн жазылу да енгізілді.

Жыл сайын бір жылға жазылған оқырмандар үшін ұтыс ойынын ойнату дәстүрге енген. Биыл да түрлі оргтехникалар ұтысқа тігіліп отыр. Ешбір әлеуметтік желі, сайттар баспахана иісі шығып тұратын газеттің ролін алмастыра алмайды.

Газет - кино, театр, теледидар тәрізді адамзат ойлап тапқан жаңалықтың бірі. Ол ешқашан жоғалмайды.

Сәулеш Шәтенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT