Кең далаға киіктер қайта келді!..

ТАЯУДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ КӨРШІЛЕС МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ШЕКАРАСЫНДА ТОПТАЛЫП, ЖОСЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН КИІКТЕРДІ ТҮСІРІП АЛҒАН БЕЙНЕЖАЗБА ПАЙДА БОЛДЫ. МҰНЫ ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ «КӨРШІЛЕС АУДАНДА ОРЫН АЛҒАН ЖАҒЫМДЫ ОҚИҒА» ДЕП ЖАРЫСА ЖАЗДЫ. БЕЙНЕЖАЗБАДАН ТЕМІРЖОЛҒА ЖАҚЫН ЖЕРДЕ БІРІНЕН СОҢ БІРІ ЖӨҢКІЛІП БАРА ЖАТҚАН БІР ТОП КИІКТІ БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ. МҰНДАЙ КӨРІНІСТЕР БАСҚА ДА ЖЕРЛЕРДЕ БОЛҒАН. ӘДЕТТЕ, АДАМНЫҢ НАЗАРЫНА ЖИІ ІЛІГЕ БЕРМЕЙТІН АҚБӨКЕНДЕР БҰЛ ЖОЛЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КӨЗІНЕ КӨРІНУДЕН ДЕ ҚОРЫҚПАДЫ.

Былтыр қуаңшылықтан Маңғыстау облысында біраз мал қырылып, шаруалар шығынға ұшыраған еді. Осы облысқа жақын ауданымызда да мал баққан шаруагерлер жайылым болмай әбден қиналған болатын. Енді даланың сәні - ақбөкендердің өңірге көптеп келуі елді елең еткізіп, үмітін оятты.

Желідегі мәліметтерге сүйенсек, жазықтықтағы киіктің саны 12 мыңға жеткен. Өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге көбейген. Қазіргі таңда Үстіртте арқар мен қарақұйрықтардың да өріп жүргені айтылады.

Дегенмен, «бұларда өсім аса байқалмай отыр»,- дейді мамандар.

Жылыойлықтар да қойы қоралас, қазаны аралас, іргелес, ең жақын ауданға киіктің келуін жақсылыққа жорып отыр. Жалпы үлкендер жағы бала күндерінде ауданымызда киіктерді жиі кездестіретінін, ертеректе олардың саны тым көп болғанын айтып жүретін. Ал бүгінгі күнде иен даланы шарқ ұрып іздесең де киік таппайсың. Себебі, олар адами факторлардың әсерінен құрып кетуге шақ қалды. Дәмді етіне сілекейі шұбырғандар, құнды мүйізі мен тұяғын пайдаға асырғысы келген браконьерлер киіктің санын азайтып бітті. Соған сәйкес, мемлекеттің қорғауына алынып, 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енді. Оларды қорғау үшін жылына қыруар қаржы бөлініп отырады. Ақбөкеннің даласына оралғаны жақсылықтың нышаны болғай. Қауіпсіз жерде болса тез көбейетін өсімтал жануардың саны артып, жыл өткен сайын көбейіп, даланың сәнін қайта келтірер деп сенеміз.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521