Гендерлік теңдік стратегиясы, негізінен, нәзік жандылардың қоғамдағы теңдігіне қол жеткізуі үшін билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталған саясат. Гендер – бұл ер мен әйелдің мінез–құлқын, әлеуметтік өзара қарым-қатынасын айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы. Қазіргі кезде гендерлік саясатты жүзеге асыру мақсатында елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда.
Соның аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктердің мемлекеттік кепілдігі туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеуде. Осы гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру - әйел мен ерлердің өмір сүру құқығын жынысқа байланысты кемсітусіз жағдай жасауға бағытталған. Гендер ұғымын тек әйел теңдігін қорғайтын бағыт немесе құқығын асыра пайдалануды көздеуге бағытталған бетбұрыс деп қана түсінуге болмайды.
Гендер – әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшелігін қорғайтын, ал кемсітушілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс. Қазақстан Республикасы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктеріне мемлекеттік кепілдік туралы» заңның 9-бабында ер мен әйелдің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдігі туралы арнайы нормалар қарастырылған. Мемлекеттік органның басшылары олардың тәжірибесіне, қабілеті менкәсіптік даярлығына сәйкес, ер мен әйелдің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекеттік органдарда олардың тең әріптестік қарым-қатынасының сақталуын қамтамасыз етеді. Еліміздің арнайы заңы бойынша мемлекеттік қызметте әйел мен ерлерді бөле-жара қарауға немесе белгілі бір артықшылық беруге тыйым салынған. Осы орайда нәзік жандылардың озық, білімді, бәсекеге қабілетті болуы, еліміздің саяси өміріне және мемлекеттік аппараттың жұмысына белсенді араласуы, қай салада болмасын шешім қабылдауға атсалысуы –маңызды жайт. Еліміздің Ата Заңының 14-бабы 2-тармағында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне, көзқарасына, намысына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Сондықтан, мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі - ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту.
Әсемай Өтекешова, аудандық сот әкімшісінің бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы