ӨТКЕН АПТАДА АУДАН ӘКІМІ ХАЛЕЛ ЖАМАЛОВ ЖЫЛЫОЙЛЫҚ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ. ЕРКІН ФОРМАТТА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ЖҮЗДЕСУГЕ АУДАННЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫ, ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР, СПОРТШЫЛАР, СТУДЕНТТЕР МЕН ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН ЖАСТАР ДА ҚАТЫСТЫ.
Жастар – қашан да қоғамның қозғаушы күші болып саналады. Олар ауданның, елдің ертеңіне бейжай қарай алмайды. Барлығы да мұнайлы өлкенің шырайлы келбетін көргісі келеді. Жан-жақты дамыған, сәулеті мен сән-салтанаты үйлесім тапқан қалада өмір сүруді көз алдарына елестетеді. Осы себептен де, олар аудан басшысына көкейде жүрген өз сауалдарын жолдап, ойларымен бөлісуге келді. Бүгінге дейін жүзеге асқан жұмыстар туралы да пікір білдірді.
Жастар тарапынан білдірілген ұсыныстар қатарында ауданда ел ертеңінің бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорт үйірмелері мен мәдени нысандар(кинотеатр, боулинг) іске қосылса деген орынды ұсыныс бар еді. Одан бөлек, Шоқпартоғай ауылынан жастар саябағы бой көтерсе, қала ішіндегі бос тұрған ғимараттар жас кәсіпкерлерге берілсе, Махамбет даңғылы бойындағы қос қабатты ескі тұрғын үйлер бұзылып, орнына жаңа зәулім үйлер бой көтерсе деген ұсыныстарын айтты. Жастарды ауданға инвестиция тарту шараларын күшейту мәселесі де толғандыратын болып шықты. Сондай-ақ, форумдар ұйымдастырылса, ауыл жастарына көптеп көңіл бөлінсе, қайырымдылықпен айналысып жүрген еріктілерді бір арнаға тоғыстырса,-дейді олар өздерінің ұсыныс-пікірлерінде.
Аудан басшысы кездесу кезінде жастар айтқан ұсыныстар бойынша алдағы уақыттарда тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Ш.ХАМИТОВА