Келешегі кемел кент келбеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Содан бері барлық деңгейдегі жергілікті әкімдер тұрғындармен жаңа форматта кездесу өткізе бастады. Бұл жағдай бұқара мен биліктің арасын жақындата түспесе, алшақтатпайтыны анық. Әрине, жергілікті жұртшылықтың жағдайын жергілікті әкімдер ғана жақсы біледі. Десек те, сол ауыл мен кент, қала басшыларының жұмысына өз бағасын беретін де сол жердің халқы. Сондықтан тұрғындардың талап-тілегін тыңдау үшін жай кездесу өткізіп қою жеткіліксіз. Қазіргі қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, әкімдер өз ауылдастары алдында жасаған жұмысы жөнінде есеп беріп отыру да міндеттелген. Міне, осы қағиданы ұстанған Жаңа Қаратон кентінің әкімі Сансызбай Баймұратов кенттің әлеуметтік парақшаларында тікелей эфирге шықты. Ол 2021-2025 жылға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының кенттегі орындалысы туралы және өзге де атқарылған жұмыстар мен жоспарлары жөнінде әңгімеледі. Алдымен, кенттегі ауыл шаруашылығына тоқталған С.Кеңесұлы биыл мүйізді ірі қара мал басы – 1574, қой мен ешкі – 4202 бас, жылқы – 581 бас, түйе 457 бас болғанын, сондай-ақ кентте 9 тонна ет өндірілгенін атап өтті.

-«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қарашадағы № 767 қаулысымен бекітілген бағдарлама аясында 2022 жылы Жаңа Қаратон кентінің көшесіндегі ескі жарық көздерін 860 дана светодиодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Кентте халыққа қызмет көрсететін 28 трансформатор болса, соның 12 данасы тоқ кернеуі көп трансформаторларға ауыстырылды. 1 кварталдың тұрғын үйлеріне 4153 метр көше жарығы электр желісімен қоса және Заңғар көшесіне 900 метр электр жарығы жүргізілді,-деді.

Оның айтуынша, кент ішіндегі салынып жатқан 7238 метр көше жарығы желісін аяқтау мақсатында 3 сыртқы қондырғыға арналған толық трансформаторлық қосалқы станция (КТПН) және сым кабельдері алынып тұр. "Элком" ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын толық әрі мерзімінде орындамауына байланысты келісімшарт бір жақты бұзылып, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін жаңа мердігер «KDC Group KZ» ЖШС анықталған. Мекеме құрылыс жұмыстарын бітіргеннен кейін Жаңа Қаратон кенті 97 пайыз көше жарығымен қамтылатын болады. 2021 жылы Жаңа Қаратон кентінде 33.4 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілді. Оны «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, пайдалануға берген. Қазіргі таңда кентішілік автомобиль жолдары 98 пайызға қамтылып отыр. Кент әкімі Жаңа Қаратонның 100 пайыз ауыз сумен қамтылып отырғанын атап өтті.

-Жаңа Қаратон кенті бойынша кәріз айдау станциясын және кәріз құбырларын қайта жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Мердігер – "Бекболатовтар құрылыс компаниясы" ЖШС. Жобаға сәйкес кентке қуаттылығы 1500 текше метр болатын кәріз тазалау станциясын орнату жоспарлануда. Аталған жобаның жалпы ерекшелігі кентте 11 кәріз айдау станциясын қайта жаңғыртады және қосымша 3 кәріз айдау станциясы қондырылып, кентішілік лас су құбырлары толықтай жаңартылатын болады. Сараптамаға 2025 жылы қаңтар айында жолданады,-деді әкім.

Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын аяқтағаннан кейін кент 97 пайыз орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылатын болады. Кентке ауыз су құбырын қайта жаңғыртумен қоса су айдау станциясы құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау және су айдау станциясы құрылысы бойынша алғашқы дереккөздер жинақталуда. Бұл жұмыс кешенді даму жоспарының 2025-2027 жылдарына қарастырылыпты. Жаңа Қаратон кенті газбен жабдықтау жүйелерімен толықтай қамтылған. Сонымен қоса, кенттегі №2-6 кварталдағы тұрғын үйлерге көгілдір отын құбырын тарту нысаны бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндағы ғаламтор мәселесін түпкілікті шешу мақсатында «Радио Мост» құрылғысы қондырылып, интернет желісі нүктелері орнатылды. Ендігі кезекте кентке «Алма ТВ» желісін орнату жоспарлануда.

-Жаңа Қаратон кентінде 9 ойын алаңы бар болса, қазіргі таңда кент әкімі аппаратының бюджетінен қаралған қаржыға №22 және №23 мектептің ауласына спорт алаңдарымен қоса балалар алаңы да салынуда. Сонымен қатар, кентке ойын алаңқайын футбол алаңымен қоса салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмысы 2025 жылы басталады деп жоспарланған,-дейді кент әкімі.

Кентті абаттандыру мақсатында ондағы 8 аллеяның ішіндегі қоршаусыз қалған 2-еуіне шарбақ салынып, толықтай сырланыпты. Сонымен қатар, кент әкімі аппаратының қаражаты есебінен 800 тал егілді. Жаңа Қаратон кентінде 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған-ды. Ал 25 төсектік дәрігерлік амбулаторияда 4 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 стоматолог, 19 медбике, 1 акушерка қызмет етеді. Зерттеу-талдау зертханалық кабинеті жаңа замануи технологиямен жабдықталыпты.

-Биылғы жылғы ит аулау жұмысы бойынша конкурс өтіп, жеке кәсіпкер «Жанаев» жеңімпаз атанды. Жоспар бойынша 100 бұралқы ит аулануы тиіс еді, жоспар орындалды. Қалған 47 бұралқы итке кастрация жасалып, сырғаланды. Сырғаланған иттерге вакцина егіліп, босатып жіберілді. Бұл жұмыс өз жалғасын табатын болады,-деді нақтылап.

С.Кеңесұлы сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау жұмысына да тоқталып өтті. Ол техникалық ақауларға байланысты кейде кешігу орын алатынын жасырмады. Бұл ретте тікелей эфирде тұрғындарға «Жылыой-тазалық» ЖШС-імен келісім-шартқа отыру керектігін, сол кезде ғана қатты тұрмыстық қалдықтарды алу жұмысы жүйеге келіп, қиындық туғызбайтынын қаперге берді. Эфир соңында кент әкімі тұрғындардың қойған сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT