Келелі кездесу

Келелі кездесу
Фото: Ш.Хамитова

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурызда №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған-ды. Міне содан бастап барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып келеді. Онда әкімдер Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіреді.

ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Мұндай кездесулерді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та тиісті кестеге сәйкес өткізіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оның шешілу жолдарын бірлесіп іздестіреді. Өткен бір кездесуін Жұмабек Байрақбайұлы әдеттегідей округ орталығында емес, Құлсары қаласынан тым шалғайда жатқан Жем ауылдық округінің бір түкпірінде орналасқан Қараша елді мекенінде өткізген еді. Онда мал бағып, ата кәсіптің тізгінін ұстап отырған ауылдағы ағайынмен жүздесіп, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуі Мемлекет басшысының арнайы бекітілген тапсырмасымен тоқсан сайын өткізіліп тұратыны анық. Округ жұртшылығымен жарқын жүзді жүздесу желтоқсан айында да жалғасын тапты. Өткен аптада аудан әкімі Жұмабек Қаражанов арнайы бекітілген кестеге сәйкес Ақкиізтоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұған дейін де әкім халықпен бірнеше мәрте жүздесіп, ауыл ішіндегі шешімін таппай жатқан мәселелермен танысып, бүгінде олардың басым бөлігінің түйіні тарқатылып үлгерген еді. -Бұған дейін өткізілген 5 кездесуде барлығы 46 мәселе көтерілді. Оның ішінде орындалмаған 2 мәселе бар. Бірі ауыл ішіне жаңа аялдамалар орнату мен ауылдың спортшы балаларын жаттықтыратын дзюдо, бокс залдарын кеңейту жөніндегі мәселелер. Бұл екі мәселе де бақылауда. Бұрын өткен кездесулерде Құлсары қаласының ішіндегі аялдамаларды ауыстырып, жаңасының орнатылатынын айттым. Ал бұрын қолданыста болған аялдамаларды біз ауылдық округтерге қоямыз. Одан бөлек, жол салудың келесі кезеңдерінде де осы аялдамалар қоюды қарастыратын боламыз. Ал екінші мәселе тек біздің ауданның емес, барлық өңірлерге қарасты ауылдардағы өзекті мәселелер қатарына еніп отыр. Балаларды жаттықтыратын денешынықтыру кешенін, спорт залдарын кеңейту үшін арнайы жоба жасақталмақ. Одан бөлек, жол салу мәселесі де өз ретімен шешіліп келе жатыр. Ауыл ішіндегі кейбір көшелерге жол салынды. Ауылдағы «Украинтөбе» көшесіне де халық грейдер жол салып беруді сұраған болатын, ол мәселе де өз шешімін тапты. Тағы да жол мәселесі бойынша тұрғындар тарапынан Құлсары-Ақкиізтоғай бағытындағы тасжолға ақ жолақ сызу жөнінде сұраныс түскен еді. Көтерілген мәселе аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша мердігер мекеме анықталды. Алайда мекеме өзіне жүктелген міндеттерді атқармай бұл жұмыс іске аспай қалды. Қазіргі таңда мердігер мекемемен келісімшарт біржақты бұзылып жатыр, - деді аудан басшысы Жұмабек Қаражанов.

200 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНАДЫ

Әкімнің сөзіне сүйенсек, ауылда жарық, құрылыс, интернет желілеріне қатысты да біраз күрмеуі қиын мәселелер шешімін тапқанға ұқсайды. Ауыл ішіне жарық жүргізу жұмыстары осы жылдың аяғына дейін аяқталады екен. Ал ауылға 200 орындық мәдениет үйін салу бойынша жоба әзірленіп, сараптамадан өтіп, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асыруға ұсыныс беріліп, келесі жылы жұмыс басталғалы тұр. Ауылдың бас жоспарына сәйкес, инфрақұрылым жүргізу бағытында кәсіпкерлік мақсаттарға 20 жер телімі, ал жаңа тұрғын үй құрылысына 295 жер қарастырылыпты. Бұл жерлерге электр, су, газ желілерін жүргізу үшін жоба сараптамадан өткен, бюджеттен бөлінетін қаражатқа сұраныс берілген. -Бұл мәселелерді шешуге қаражат келесі жылдың наурыз айында қарастырылады деген жауап алып отырмыз, - дейді аудан әкімі. - Сіздерге түсіндіріп айтып өтсем деймін, біздегі жүзеге асатын инфрақұрылымның бәрі де республикалық бюджет есебінен жүзеге асады, - деп жұмыстың реттілігін түсіндіріп те өтті. Тек Ақкиізтоғайда ғана емес, ауданға қарасты өзге де ауылдарда, тіпті Құлсары қаласының өзіндегі өзекті проблема - интернет желісі жылдамдығының аздығы. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша белгілі бір мекемемен келісімшарт жасақталып, жұмыстар таяуда аяқталатыны белгілі болды. Мекеме өкілдерінің сөзінше, бұл интернет желісі халық үшін өте тиімді екен. Бұрынғы желілерді тарту көп уақыт алып, тоқ желілерін тарту керек болса, жаңаша интернет спутник арқылы тиісті жерлерге жеткізіліп, ауылдарға дейін тартылып береді, ал тұрғындар интернет желісін үйіне дейін тартып алуды мекемемен келісімшартқа отырып, өздері жүзеге асыратын болады.

ТАРИФІ ТӨМЕН АУДАН

Аудан әкімінің жоспарға сәйкес үш ай сайын өткізіліп жүрген тұрақты кездесулерінің арқасында бұқара тарапынан айтылатын ұсыныс-пікірлер мен мәселелердің көбі шешіліпті. Бұл жолы халық та ауылда атқарылып жатқан істерді тізіп айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Нәтиженің барын халық тарапынан қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелердің аздығынан біз де аңғардық. Дегенмен, интернет желісі, жол мәселесі де қайтадан көтерілді. Сондай-ақ, ауылға жанашыр тұрғындар тарапынан жарық бағасының өсуі сөз болды. Ал әкім жылу, жарық, су тарифтерінің ең төменгі бағалары біздің өңірде екенін айтып өтті. Ақкиізтоғай ауылындағы тозығы жеткен ескі мектепке осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Бірақ, ауыл тұрғындары әкімнен жаңа мектеп салуды сұрап отыр. Алайда, мектепке жүргізілген күрделі жөндеудің жарамдылық мерзімі өтпей тұрып жаңа мектеп салуға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Кездесу кезінде әлеуметтік желі арқылы өз сауалдарын жолдаған тұрғындар да болды. Солардың бірі Қайрат Еңсепов ауылдағы Жеңіс саябағының қараусыз жатқанын айтып, қолға алуды сұраған. Ақкиізтоғайда ауыз су мәселесі де өте өзекті. Жазды күндері сағатпен беріледі. Ауылдың құнарлы топырағына жаз мезгілінде дәнді-дақылдар салып, бау-бақша егетін тұрғындар көп. Десе де, халық тұтынатын ауыз су тапшы болып жатқанда бау-бақшаға суды молынан жеткізу мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Сол себепті, тал суғаруға техникалық су тарту мәселесін көтерді. Әкім кездесу кезінде айтылған ұсыныс-пікірлерінің заң аясында шешілу жолдарын қарастырылатын айтты. Айта кетейік, кездесуге ауыл әкімі, аудандық дербес бөлім басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары мен жергілікті мекемелер басшылары қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Қанат Мыңбаев ашып, жүргізіп отырды.

Шаттық ХАМИТОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521