Кейбір пандустар көзбояу үшін салынған

Егер мүгедек жан үйінен шыға алмаса, көшеде жүре алмаса, атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың барлығы олар үшін еш қажетсіз боп қалады.

Жақында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде мүгедектер істері жөніндегі аудандық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Оны аталған бөлім басшысы Нұржарық Сауытов жүргізді. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып, мүгедектерді жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жайында аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы Қайрат Омаров баяндама жасады. Орталыққа 52 мүмкіндігі шектеулі жан тіркеліп, бүгінде оның 80 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған.

Қалғандарын жұмыспен қамту мақсатында мекемелерге ұсыныстар берілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру шаралары туралы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гауһар Сабырова және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмаш Шағатаевалар хабарлама жасады. Олардың айтуынша, арнайы мамандардан құрылған аудандық комиссия қаладағы әлеуметтік нысандардағы пандустарды тексерген.

Сонымен қатар адамдардың көп баратын жерлері: мейрамхана, сауда орындары, дүкендердегі жасалған пандустардың жайы туралы сөз болды. Байқап жүргеніміздей, көпшілік пандустар тек көзбояу үшін жасалған. Талапқа сай келмейді. Кейбір нысандарда пандус жоқ та көрінеді. Сондықтан осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін нысан иелеріне ескертулер берілуде. Жаяу жүргіншілер өтетін жерлер де арбамен жүретін мүгедектер үшін қолайсыз. Биік бордюрдан мінгізіп-түсіру оңай емес. Осыларды ескеру қажеттігі айтылды.

Мүгедектердің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау тек қана пандуспен шектелмейтіні белгілі. Сондықтан кеңесте ғимараттар ішінің де талапқа сай жасалуы туралы мәселе көтерілді. Мамандардың айтуынша, ғимарат құрылысы жүргізілетін кезде мүгедектерге қолайлы жағдай жасау мәселесі жобада қаралмай қалатын көрінеді. Алдағы уақытта қалада орнатылатын бағдаршамдарға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін дыбыстық белгі қою туралы да ұсыныс берілді.

Аудандағы мүгедек балаларды үйден оқыту және мұғалімдердің үйлерге баруын қадағалау, инклюзивті білім беруді енгізу туралы аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова баяндады. Оның айтуынша, ауданымыздағы мектептердің пандустарын талапқа сай қайта жасақтауға қаржы бөлінген. Мүгедек балаларды оқытатын 150 орындық арнайы мектеп, 50 орындық балабақша салуға ұсыныс берілген.

Қ.Дүйсенбетов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521