"Кей жобаларда науқаншылдыққа салынуға болмайды"

Сенат депутаты С.Еңсегенов Қосшағыл ауылдық округінде тұрғындармен кездесті.

Парламент Сенатының өткен жылы атқарған қызметімен таныстыру, қабылданған заңдар туралы түсіндіру мақсатында сенат депутаты С.Еңсегенов Қосшағыл ауылдық округінде тұрғындармен кездесті. Ауданымызға сапары барысында сенаторға ауданымыздағы бірнеше өзекті мәселелер туралы сауал тастадық.

-Өткен жылдың еліміз үшін қандай маңыздылығы болды деп ойлайсыз? Ал, Парламент Сенаты үшін атқарылған, шешімін тапқан істер үдесінде өнімді жыл болды ма?

-2019 жыл әлемдік деңгейден алып қарағанда қат-қабат оқиғаларымен, күрделі проблемаларымен қиын жыл болды. Дүниежүзін шарпыған дағдарыс, Иран-Ирак мәселесі, Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынас әлемдік экономика мен саясатта шиеленістер туғызды. Соған қарамастан, еліміз үшін тұрақты даму жылы болды деп айта аламыз. Ішкі өнімнің жалпы пайызы 4 пайыздан астам өскен. Экономиканың жекелеген салалары, соның ішінде құрылыс саласы, тұрғын үй салу саласы, өңдеуші кәсіпорындардың шығаратын өнімдері артып отыр. Ал елдегі саяси тұрақтылықты, ішкі ұлтаралық, этносаралық татулықты, бейбітшілікті сақтау – Үкіметтің алдына қойып отырған бірінші кезектегі мәселесі. Сенат өткен жылы жалпы жиырма шақты заң қабылдады. Заңдардың басым бөлігі халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекетті нығайтуға бағытталған заңдар болып келеді. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қалыптасты. Негізгі мақсат – масылдықтан құтылу. Кеше ғана аудандық әкімдіктің өкілдері, аудан әкімі жергілікті тұрғындардың тазалық мекемесіне жұмысқа бармайтындарын айтқан еді. Жұмыс жоқ дейміз, жұмыс бар. Ақшасы аз дейді, енді мектептің еден жуушысының, тазалықшының ақшасын Теңіз кенішіндегі қызметкерлердің жалақысымен салыстыруға болмайды ғой. Үйде қарап отырғаннан табылған жұмысқа орналасып, 50-60 мың теңге тауып отырған жақсы емес пе? Сондықтан қазіргі атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматында егер адамның қол-аяғы сау, еңбекке жарамды болса, бірақ мемлекет ұсынған жұмыстан немесе кәсіппен айналысуына жәрдемдесер қолдаудан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмектен тек өзі ғана емес, оның бүкіл отбасы айрылатын болады. Ал биыл қаңтардан бастап ай сайын 4 баласы барлар 40 мыңнан аса, 5 баласы барлар 50 мыңнан аса т.б. көмек қаржы алады. Аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет бар, яғни оларға жас ерекшеліктеріне қарай тамағы, киім-кешегі, мектеп оқулықтары беріледі. 1 қаңтардан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Медициналық қызмет көрсетудің үш сатысы бар: бірінші, кепілдендірілген медициналық қызмет, екінші, міндетті медициналық қорына жарна төлеу арқылы, үшінші, азаматтардың қосымша өзі аударатын қаржысы. Ал кейбір қорғалуы керек жекелеген топтарға жарна төлеудің қажеті жоқ. Педагогтар туралы заң қабылданды. Негізгі мәселе – мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру.

-Өзіңіздің Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, шешімін тапқан мәселелеріңіз бар ма?

-2018 жылы Үкімет басшысына депутаттық сұрау жолдап, мал ұрлығына қатысты жазаны күшейтіп және өз алдына бөлек бап ретінде заң шығаруға ұсыныс берген болатынмын. Өйткені тұрғындармен кездесулерде осы мәселе көп көтерілді. Мал ұрлығынан зардап шегушілерді ұрлықшылардың арнайы бап болмағандықтан әрі малы ұрланған адамды үркітіп, қорқытып, келісімге келіп, жазадан құтылып кетулері қинайтын. Сондықтан Қылмыстық кодексте мал ұрлығы туралы жеке бап енгізуді ұсынған болатынмын. Осы мәселе қолға алынып, 2019 жылы желтоқсан айында өткен Сенат отырысында Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілді. Яғни мал ұрлығына байланысты Қылмыстық кодексте 188-1 деген жаңа бап қосылды. Бұл - сайлау кезіндегі айтылған ұсыныстардың іске асуының бір көрінісі.

-Сәрсенбай Құрманұлы, аудандағы бірер өзекті мәселеге тоқталсақ. Ауданымыз – өндірісі қанат жайған үлкен аймақ. Бірақ өндірісті ауданның экологиялық бөлімі жоқ. Бұрын экологиялық мәселелерді қадағалайтын бір бөлімше ашылды да, жабылып қалды.

- Жалпы аудандық әкімшілік құрылымын өзі анықтайды. Жобалық, типтік құрылым бар, бірақ ол қатып қалған дүние емес, оны жергілікті биліктің өзі анықтауға құқы бар. Министрліктің облыста Қоршаған ортаны қорғауға қатысты департаменті бар және оның аудандағы бөлімі болды. Бұл орталықтан ашылған министрліктің бөлімі болатын. Ол бөлім жабылып қалды. Мұны аудандық әкімшілік штатқа өзгеріс енгізу арқылы шешуіне де болады. Айтып отырғаныңыз дұрыс мәселе деп ойлаймын, сондықтан мұны жазып алайын. -Ауданда су тапшылығы мәселесі бар. Бұл ауылшаруашылығы саласына да, ауызсуға да қатысты. Сіздің осы су тапшылығын шешу бойынша мәселе көтеріп, проблеманы зерделеп-зерттеп жүргеніңізді білеміз. Ауызсу тапшылығын шешу жолдарының бірі ретінде Жаңасу, Бәли сияқты жерасты суларын пайдалану туралы ұсыныс айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай? -Бұл - енді өте маңызды мәселе. Қазақстан үшін ең үлкен қауіп – су тапшылығы. Өкінішке орай, бізге негізгі өзендердің барлығы шетелдерден келеді. Жайық, Еділ, Ертіс, Тобыл өзендері. Қазақстанның өз ішінен шығатын өзендер бар, бірақ олардың суы аз. Сондай өзендердің бірі – Мұғалжар тауынан шығатын бес өзен. Оның үшеуі Атырау облысына келеді. Жем, Сағыз, Ойыл. Екі өзен Ресейге барады. Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшарт бойынша біздің елге олар су жібереді, біз Мұғалжардан шығатын екі өзеннің суын жіберіп тұрамыз. Бірақ өзіміздің Каспийге құятын Сағыз, Ойыл, Жем ірі өзендерге жатады. 2016 жылдары ма екен, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысы Нұртас Қуатбаев және ауылшаруашылығы су ресурстары комитетінің бассейндік басқарма басшысымен Мұғалжар ауданында болдым. Мұғалжар тауында 70-жылдарға шейін 200-ден астам бұлақ болыпты. Біз тек олардан қалған екі-ақ бұлақты көрдік, оның өзі өлеусіреп ағып жатыр. Сол жердің қариялары, осы істі бүге-шігесіне дейін білетін адамдардың айтуынша, судың азаюының себебі қардың қалың түсуіне байланысты емес екен. Мұғалжарға 5-10 метр қар жауса да, су көтерілмейді. Қар суы әрі кетсе, 200 км-нан аспайды. Кез келген өзен астында бұлақ бар. Көзін содан алып тұрады. Ал Жемнің көзін ашатын бұлақтар бітеліп тұр. Бұлақтың бітелуіне себеп – трактормен бөгеттер салу. Жем өзені Байғанин ауданына келгенде тарамдалып кеткен. Бұл мәселені шешу үшін Аралтөбе су қоймасын салу керек. Бұл жөнінде облыста арнайы кеңес өтті. Ал ауызсуға келетін болсақ, аудан «Қазтрансойл» мекемесі арқылы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің суын тұтынып отыр. Қиғаштың суы тек Жылыойды ғана емес, Мақатты, көршілес Маңғыстау ауданын да қамтып отыр. Аталған жерлерге су жіберу үшін Қиғаштың суы Құрманғазының өз ауылы Ақкөлге де жетпей қалады екен. Ал жерасты суларын пайдалану мәселесі, әуелі, үлкен зерделеуді, ол үшін Үкіметтен қаржы бөлуді талап етеді. Бұл мәселе су мәселесіне қатысты Парламенттік тыңдауда қозғалып, жерасты суларын зерттеу үшін қаржы бөлу туралы ұсыныс берілді. Ал ақтөбелік Көкжиде суы зерттелуде. Бірақ, менің ойымша, бұл Атырау үшін тиімсіз. Әрі шалғай, ол бері келгенше бағасы қанша болмақ? Тағы бір алаңдайтын нәрсе, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, судың құрамында ауыр металдар көбейген. Өйткені мұнай компаниялары мұнай өндіргенде ол жерасты суларымен араласып кеткен.

-Үкіметтің мемлекеттің қаржылық шығынын үнемдеу мақсатында, яғни қатар қоныстанған ауылдарды қосып, бір басшы тағайындау туралы халықтың талқылауына беріліп жатқан жобаларға қалай қарайсыз?

- Елімізде 6 мыңның үстінде елді мекен бар. 3 мыңнан астамының даму болашағы бар. Кейбір шағын ауылдарда мектеп болмауына байланысты, жолдан шалғай орналасуына байланысты, табиғат жағдайына байланысты көшірудің қажеттілігі болуы мүмкін. Сондықтан кейбір елді мекендерді біріктіру үрдісі бар. Бұл - жалпы әлемдік тәжірибе. Бірақ бұл жерде науқаншылдыққа салынуға болмайды. Кейбір ауылдар шалғай орналасуы мүмкін, бірақ ауылды сақтап қалу мүмкіншілігі бар. Екі ауылға бір әкім сайлау немесе жауып тастауға аса сақтықпен қараған жөн. Өйткені бұл сол жерде мемлекет саясатын жүргізуге, адамдардың белгілі деңгейде мемлекеттік қызмет алуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұрын ауылдарды таратып, қайта ашу жағдайлары кездесті, ол көп қиындықтар тудырды. Қазір жергілікті мәслихат мәліметі бойынша, Жем округіне қарасты Қойсары елді мекені жабылған, ал енді, меніңше, Қарашаның болашағы бар болуы мүмкін. Сол сияқты Ақкиізтоғай мен Майкөмген, Қосшағыл мен Жаңа Қаратон сияқты ірі ауыл-кенттерді біріктірудің еш қажеті жоқ.

- Сөзіңіз аузыңызда, осы жерде қосшағылдықтарды көптен мазалайтын бір сауалды қоя кетсем. Осы ел арасында тарап кеткен «Қосшағыл ауылы көшеді» деген сыбыс қаншалықты рас?

-Қосшағылды көшіруге еш негіз жоқ. Бұрын Қаратон мен Сарықамыс көшірілсе, бұлар санитарлық қорғау белдеуіне кіріп тұрды. Қосшағыл аулы мен Жаңа Қаратон кентінің арасы да жақындап қалды, небәрі 3-4 шақырым. Әрі бұл үшін мемлекеттің қыруар қаржысын шашуға ешқандай негіз жоқ.

-Көп жағдайда тасжолдарымыздың сапасы сын көтермей жатады, жөнделгенінің ғұмыры ұзақ болмай, шұрқ тесіліп қалады. Жолдың сапасы неге байланысты деп ойлайсыз? Құрылыс материалдарының сапасыздығынан ба, жауапты мекемелердің сауатсыздығынан ба?

-Жол сапасы екі факторға да байланысты. Өкінішке орай, елімізде жол салатын мекемелер шетелдегідей шеберлікке жеткен жоқ. 10 жыл бұрын пайдалануға берілген үлкен трассалардың өзі қазірдің өзінде тозып жатыр.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT