«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»

Еліміздің татулығы мен ынтымағын насихаттап, төл мәдениетімізді жаңғыртатын байқаулардың өтіп жүргенін естіп жүрміз. Сондай сайыстың бірі - күні кеше облыстық деңгейде өткен «Dastur FEST» жобасы еді. Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының тапсырмасымен ұйымдастырылған «Нұрлытау» этно ауыл төрінде жүзеге асқан жоба бойжеткендерге «Қыздарға әсемдік жарасады», ер жігіттерге «Жігітке жеті өнер де аз» тақырыбында жүзеге асты. Байқауға әр ауданнан бес қатысушы қатысып, бақ сынасқан болатын.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, тал бесіктен басталған тәрбиені бойына сіңіріп, аудан емес, алдымен әке-шешенің абыройын маңызды санаған әр қатысушы жобаға мықты дайындықпен келгенін көрсетті. Онда аудан жігіттерінің намысын қорғауға Серік Ақдәулетов қатысса, қаракөз қыздарымыздың арасынан суырылып Сәлима Қабдоллаева шыққан еді. Дәстүр сабақтастығын жоғары қойып, өресі биік жастардың басын біріктірген байқау жігіттер үшін 4 кезеңді қамтыды. Олар алғашқы кезеңде ат ерттеп, сәйгүлікке мініп байқау басында бір қыздырынып алды. Жігіттердің құралайды көзге атқан мергендігі сыналып, садақ ату кезеңі бойынша ұпай жинады.

Үшінші кезеңде сұрақ-жауап айдарында белсенділік танытып, соңғы кезеңде өз өнерлерін паш етті. Қазақ халқының дәстүріне негізделген кезеңдерді бір демде өткеріп шыққан, аудан абыройын арқалаған Сәлима Қабдоллаева:

- Біз бірінші кезеңде бауырсаққа қамыр илеп, ол көтерілем дегенше екінші кезеңге өттік. Ол кезеңде құрақ тігіп, әртүрлі мата қиындыларын пайдаланып, қандай әдістер қолданатынымызды көрсеттік. Үшінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша түрлі сұрақтар қойылып, білгенімізді сарапқа салдық. Одан әрі бірінші кезеңде иленген қамырымыздан қазан-ошаққа бауырсақ пісірдік. Бұл кезде бауырсақтың үріліп, қызарып пісуі қамырымыздың қалай иленгендігін көрсетті. Соңғы кезеңде өз өнерімізді көрсетіп, қолдан келгенше жеңіс тұғырынан көріну үшін барымызды салдық, - дейді.

Ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, салт-дәстүріміздің қадір-қасиетіне жетуді көздеген байқауда Сәлима Қабдоллаева «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Ал Серік Ақдәулетов «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясын иеленді. Одан бөлек, ұйымдастырушы тараптан қаржылай сыйлықпен қанжығаларын майлап қайтты. Мақсаты жақсы іске негізделген «Dastur FEST» жобасы қазақ мәдениетінің қанат жаюына септігін тигізіп, жыл сайын өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521