Кеңқияқтағы Рысты ана мешіті ауыл халқына шарапат пен шапағат шуағын шашып тұр

Газетіміздің өткен сандарында жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Сәлімжан Балжігітовтің Ақтөбе облысы, Темір ауданының Кеңқияқ ауылынан мешіт құрылысын салып жатқандығын хабарлаған едік.

Өткен қасиетті жұма күні сол ғибадат үйінің ресми түрде ашылу рәсімі болып өтті.

Салтанатты сәтке орай киелі мекен Кең Жылыой өңірінен ат терлетіп жеткен Мейіржан Қапанұлы бастаған Балжігітовтер әулетімен бірге осынау қуанышты бөлісу үшін 98-дегі ақсақал Абдолла қажы Абдрахманов, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де кенді өңір Кеңқияқтың топырағына табан тіреді. Жылыойлықтардан бөлек сонау Астанадан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек Әуезхан да келіп жетті. Мешіт Қапан қажының жұбайы Рысты ана атымен аталады екен. Бір жақсысы, Алланың үйінің ашылуы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың дүниеге келген қасиетті Мәуліт айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келді. Атырау аймағынан, соның ішінде Жылыой өлкесінен келген бір топ жамағат мешіттің ашылу рәсімінен бұрын ғибадат үйіне бас сұғып, сәлем намазын оқып, ел анасы атанған Рысты қажы Үсеумағамбетқызы мен Қапан қажы Балжігітұлының рухтарына Құран бағыштады.

Кеңқияқ – Ақтөбе мұнайының Отаны. Аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетовтың айтуынша, мұнда қара алтын өндіріле бастағалы 105 жыл болған екен. Тағдырын жер асты байлығымен тоғыстырған елді мекеннің көпшілік тұрғындары – мұнайшылар. Бүгінгі таңда 5 мың 300-дей халық қоныс тепкен округте мешіт салу мәселесінің көтеріле бастағанына төрт жылға тарта уақыт өтіпті. Имамдар айтқандай, жердегі Алланың үйін тұрғызу Алланың сүйген құлдарының маңдайына жазылатынын ескерсек, Жылыойдан бірнеше жүздеген шақырым қашықтықта жатқан Темір ауданының жерінен жерлесіміздің ғибадат үйін салуы кездейсоқтық болмаса керек. Биылғы сәуір айында қадасы қағылып, мамыр айының 7-сі күні құрылысы басталып кеткен Рысты ана мешіті алты айдың ішінде толық пайдалануға берілді. Көлемі 700 шаршы метр құрайтын ғимаратта бір мезгілде 1200 жамағат Аллаға құлшылық ете алады. Мешіт Кеңқияқ ауылының бұрынғы саябақ көшесінде орналасқан.

Сол күні ақ ұлпаға оранған Кеңқияқ округінде 15 градустық сықырлаған сары аяз күшіне мініп тұрды. Бірақ соған қарамастан, мешіттің ашылуына ауыл халқы көп жиналды. Жұрт күннің ызғарын елемей, Алланың үйінің алдындағы алаңда ұйымдастырылған салтанатты сәтті тікесінен тік тұрып тамашалап, көптен асыға күткен ғибадатхананың ашылуын тағатсыздана күтті.

–Халыққа рухани қуат сыйлар мұндай қуанышты сәтті біз тәуелсіздікпен байланыстыруымыз керек. Өйткені, өткен ғасырда марқұм болған ата-бабамызға, ата-анамызға Құран бағыштай алмай, марқұм болған тума-туысқанның жаназасын шығара алмай қиналған заманды да бастан өткердік. Ал қазір ел егемендігінің арқасында рухани дүниеміз жаңғырды. Бұрын Жылыой мен Кеңкияқ жұртын мұнай өндірісі ғана жақындастырса, бүгіннен бастап екі жұрттың арасында рухани байланыс орнады. Мешіттің ашылуы осы тәуелсіздігімізді нығайтуда ұлтымыздың көшбасшысы бола білген Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңына тап келуі де тегіннен тегін емес. Менің кіндік қаным тамған жер – Атырау қаласының Еркінқала ауылы. Өсіп-өнген өлкем – Темір ауданы. Атыраулықтарды жерлесім десем де болады. Сәлімжан Қапанұлы Кеңкияқтан мешіт салу жөнінде ұсыныспен келгенде мен Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы едім. Атыраулық азаматтың Алла жолындағы игі істі қолға алуға ниет білдіргеніне өз басым қатты қуандым. Бүгін, міне, сол бастама жергілікті халықтың қолдауымен жүзеге асып, тұрғындардың тілегі қабыл болып, жамағат баға жетпес бақытқа қол жеткізді. Енді Кеңқияқ тұрғындары жұма намазын оқу үшін көрші елдімекенге ат шаптырмай-ақ, өз мешітінде құлшылық жасайтын болды. Ендеше, ауыл халқын осынау зор қуанышымен шын жүректен құттықтаймын – деді Рысты ана мешітінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов.

Жүрекжарды жылы лебізінен кейін аудан басшысы мешіт құрылысын жүргізген жеке кәсіпкер Сәлімжан Қапанұлына арнаған алғыс хатын оқып берді. С. Балжігітовтің жұмыс бабымен іссапарда болып, салтанатты шараға қатыса алмауы себепті Кеңқияқ жұртының алғысын «Бақай» корпорациясының президенті Мейіржан Балжігітовке табыс етіп, арқасына шапан жапты. Сондай-ақ, мешіт құрылысына бір кісідей атсалысқан Бауыржан Махмудұлы, Сәуле Самғалиқызы секілді бір топ ауыл азаматтарына да алғысын білдірді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізген басқарманың дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек Әуезханұлы құттықтау сөзін былай деп бастады:

–Бисмилләһир рахманир Рахим! Мен – Балжігітовтер әулетіне қарыздар жанмын. 2004 жылы қасиетті Меккеге қажылық сапарға барғанда осы әулеттің әкесі Қапан қажы Балжігітұлымен бір бөлмеде жаттық. Кейін қасиетті Әл-Харам мешітіне тәуап жасап, құлшылық қылу кезінде Рысты анамызбен бірге жүрдік. Әулеттің отағасы мен отанасымен таныстығымыз, жақындығымыз осы кезден басталған болатын. Ал 2009 жылы Атырау облысының «Иманғали» мешітіне бас имам болып тағайындалғанымда Рысты анамыз жасының үлкендігіне қарамастан Атырау қаласына арнайы келіп, маған сәлем беріп, үйіне қонаққа шақырып, туысқандай болып кеткен едік. Сондықтан мен бұл әулетке асқан құрметпен қарайтынмын. Анамыз дәулетті болса да, өте кішіпейіл, қарапайым, қонақжай жан болды. Оның шұбатын ішу үшін өзге ел баласымен бірге сонау Атырау қаласынан Шоқпартоғай ауылына арнайылап біз де баратынбыз. Арада біраз жыл өткен соң, Рысты қажы дүние салғанда анамыздың жаназасын шығару маған бұйырды. Осындай анадан туған ұлдары да - жомарт жүректі жандар. Жылыой өңірінде «Мейіржанның мейірімділігі, Қайыржанның қайырымдылығы» деген қанатты сөз әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі мешіттің ашылуы – соның айғағы. Ағаларының өнегелі өмірінен үлгі алған Сәлімжан бауырымыз да Алла жолында осындай баға жетпес игі іске себепші болып отыр. Ендеше, осындай ұлағатты ұрпақты өмірге әкелген асыл анамыздың жанын Алла тағала жәннаттан қылсын!

Әрине, Жылыой өңірінде мешіт салуға дәулеті жететін жандар баршылық. Бірақ ол бақыт өзгеге емес, Алланың қалауымен Балжігітовтер әулетіне нәсіп етілді. Сондықтан сөзін түйіндеген Нұрбек Әуезханұлы тағы да Алланың үйін тұрғызатын дәулеттерің арта берсін деген жүрекжарды ақ тілегін жеткізді. Сөз соңында жер бетінде Алланың үйін тұрғызған адамға екі дүниенің бақыты күтетінін еске салды. Соның бірі – жәннат. Мешіт салған құлына арнап Алла тағала жәннаттан зәулім сарай тұрғызады екен. Осындай Жаратқанның сүйікті құлының біріне айналған жерлесіміз Сәлімжан Қапанұлына Нұрбек Әуезханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың алғысхатын жеткізді. Оны әулеттің үлкені Мейіржан Балжігітовке салтанатты жағдайда табыс етті. Балжігітовтерге көрсетілген құрмет жалғыз мұнымен шектеліп қалған жоқ. Кеңқияқ халқы әулетке өз ризашылығының белгісі ретінде Мейіржан Қапанұлына ат мінгізіп, арқасына шапан жапты. М.Балжігітов өз кезегінде жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, ортақ іске қолдау көрсетіп, бір кісідей атсалысқан Кеңқияқ тұрғындарына алғыс сезімін білдірді. Ауыл халқы атынан Марат Жүндібаев зәулім мешіт құрылысын жүргізген жеке кәсіпкер Сәлімжан Балжігітов пен барша жылыойлық, ақтөбелік азаматтарға шынайы алғысын арнады. Келесі кезекте жылыойлық абыз Абдолла мен жергілікті Баймырза ақсақал, Нұрбек Әуезханұлы мешіттің алқызыл лентасын қиып, жамағат ғибадат үйінің төріне келіп тізе бүкті.

Салтанатты сәт ғибадат үйінде жалғасып, Нұрбек Есмағамбет еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың бұйрығын оқып берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бұйрығымен Кеңкияқ ауылындағы Рысты ана мешітінің бас имамы болып Дархан Жанахметов тағайындалды. Ол осыған дейінгі атқарып келген Шұбарқұдық кентіндегі «Досжан ишан» мешітінің найб имамы қызметінен босатылды. Дархан Жамаладдинұлы Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетінің «Исламтану. Шариғат» факультетін тамамдаған. Оқу бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Мекке мешітінде найб имам болып жұмыс жасады. Тағайындаудан кейін басқарманың бөлім басшысы бірлік хақында уағыз айтты. Қазіргі бейбіт заманның негізін қалаған тәуелсіздіктің қадірін білуге шақырды. Осы жерде ол Францияға конференцияға барған сапарынан түйген ойымен бөлісті. Онда көшеде алақан жайып отырған сириялықтарды көп кездестірген. «Кезінде Сирия қандай қуатты мемлекет болып еді? Тәуелсіздігінен айрылған елдің халқы енді Европаға босып, әркімнің босағасында қайыршы күй кешіп жүр. Ендеше, тәуелсіздігіміздің туын берік ұстайық, оның қадірін білейік, ағайын!» - деді Нұрбек хазірет.

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан сөз алып, жаңа имамға мешіттің ішкі тәртіп ережесі мен басқа да ресми құжаттарын табыс етті. Жамағатқа ой саларлық ғибратты әңгімелерімен бөліскен Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Мансұров жұма уағызын айтты. Рысты ана мешітінің алғашқы азанын шақыру Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Арман қажы Исаевқа бұйырды. Мұсылмандардың қасиетті күнінде құлшылық қылуға жиналған жамағат жаңа имам Дархан Жанахметовтің имамдық етуімен Жұма намазын оқыды. Рысты ана мен Қапан қажының, барша өлі аруақтардың рухына Құран бағышталып, Абдолла ақсақал ақ батасын берді.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз,

Құлсары – Кеңқияқ – Құлсары.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521