«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытуға зор үлес қосып келеді. Атап айтқанда, көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын төмен пайызбен қаржыландырады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтитын «Агробизнес» бағдарламасын сәтті жүзеге асырып жатыр. Корпорация өңдеу өнеркәсібінің дамуына да қаржы бөледі. Осылайша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Президент тапсырмасын орындау аясында, Үкімет қолдауымен 2025 жылдың көктемгі егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оның 560 млрд теңгеге жуығын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» нарық капиталынан тартады.
«Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыруға өтінім қабылдауды биыл ерте бастап кеттік. Жыл соңына дейін 100 млрд теңгенің өтінімін қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары бұрынғыдай сақталады және фермерлер несиесін әдеттегі шарттармен төлей алады», деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Айта кету керек, биыл корпорация көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 320 млрд теңге бөлді. 2023 жылы 140 млрд теңге берілген еді.
«2022 жылдан бері «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландыру шарттарын жеңілдетіп келеді. Егер бұған дейін көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге бюджет қаражаты есебінен жылына 5% мөлшерлеме бойынша шамамен 60-70 млрд теңге берілсе, 2022 жылдан бастап бюджеттік несиелеу есебінен қаржыландыру көлемін екі есеге арттырдық және несиені қайтару мерзімін ұлғайттық. Бұрын несие қаражатын желтоқсан айында қайтару керек болған, біз наурыз айына дейін создық. Бұл фермерлерді қолдау үшін жасалды. Бұл – фермерлердің астықтарын қолайлы бағада сатулары үшін берілген мүмкіндік», дейді Алмат Әшірбеков.
Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барынша қолайлы жағдайда қаржылық қолдауға ие болады. Біріншіден, олар үшін «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталды. Екіншіден, көбіне агроөнеркәсіп кешені субъектілері корпорациядан несие алуға келгенде кепілдік жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының барлық кәсіпкері мен қоғамдық ұйымдары айтып жүрген мәселе еді. Енді оның да шешімі бар. Мемлекеттік қолдаудың сынақтан өткен тетігіне сәйкес, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін құрал ұсынады.
Өз кезегінде, «Аграрлық несие корпорациясының» еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуы үшін 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырады. Бүгінде көптеген қаржы институты ауыл шаруашылығын қаржыландырады. Дегенмен АӨК-ті қаржыландыруды қамтамасыз етудегі негізгі үлес «Аграрлық несие корпорациясына» тиесілі. Бірнеше жылдан бері корпорация өз қызметін біртіндеп жақсартып келеді және секторды қаржыландыру көлемін арттырып жатыр.
Кеңес алу үшін және «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясының» аймақтағы филиалдарына бару қажет. Қосымша ақпаратты «Agrocredit.kz» сайтынан алуға болады. «Kcell», «Activ», «Beeline» абоненттері үшін 5353 Call center нөмірі, «Tele 2», «Altel» үшін 8 701 006 19 91телефон нөмірі жұмыс істейді.