Жігері жасымаған жастар да, қойнауы қазынаға тұнған қарттар да бүгінгі референдумнан қалыс қалмақ емес. Оған №18 М.Сатыбалдиев атындағы білім ордасында орналасқан №259 дауыс беру учаскесіне келген Қуан Мұхтар мен Дыбыс Әлімбердиева атты қос қарияның белсенділігі дәлел бола алады. Сексеннің сеңгіріне шықса да, болашаққа бетбұрыс жасайтын сәтте шет қалмай олар қол ұстасып таңдау жасауға келді.
-Бүгінге дейін бірде бір сайлауды өткізіп көрмеппін. Әр сайлауда өз дауысымды беру азаматтық міндетім деп санаймын. Ел ертеңі сарапқа салынған тұста, өз таңдауымды жасадым. Қазіргі жастар білімді жанына серік еткен білгірлер. Әр адамның дауысы маңызды деп ойлаймын. Жалпы осы референдумның ақпараттандырылуы жеткілікті болды. Себебі, АЭС туралы керек деректердің барлығын алдым деп есептеймін. Кез келген қазақстандық өз пайымынан өткізе отырып, елдің болашағы үшін пайда әкеледі деген таңдауын жасауы тиіс. Сондықтан, барлық қазақстандықтарды шет қалмауға шақырамын,-деді отағасы өз сөзінде.
Отасқандарына 55 жылдан асқан ерлі-зайыптылар қазіргі кезде 5 бала-келіннен тараған немере мен шөберелерінің ардақты атасы мен аяулы әжесі атанып отыр. Қуан ата Жылыойдың жалынды күйшісі Тоқсанбай Құлтумиевтің тұңғыш шәкірті болған. Домбыраның құлағында ойнап, күйдің құдіретін қалың көрерменге жеткізе білген. Тіпті, сол кездері Т.Құлтумиевтің қолдауымен Мәскеуде өткен Қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне жолдама алған.
Кезінде Гурьев облысы “Еркінқала” колхозында туған Қуан Мұхтар Шымкент қаласындағы мәдениет институтын бітіріп, Форт-Шевченко қаласының мәдениет үйінде басшылық қызмет атқарған. Маңғаз Маңғыстау өңірінің өнер саласына сүбелі үлес қосып, еселі еңбек етті. 1961 жылы ГСВГ келісімі бойынша Отан алдындағы борышын Германия жерінде өтеген. Одан бөлек Қосшағылда музыка пәнінен сабақ беріп, кейінгі жылдары Теңіз кенішінде мұнай саласында қызмет атқарды. Әке жолын қуған ізінен ерген ізбасарлары да қойнауы қара алтынға толы кен орнында жұмыс жасайды. 1994 жылы Құлсары қаласына көшіп келіп, мұнайшылар мекеніне табан тіреді.
Төремұрат батыр көшесінде тұратын қазыналы қартымыз «Кең Жылой» газетінің де тұрақты оқырманы екендігін жеткізді. Дыбыс әжеміз зейнетке дейін саудагер болып, жеке кәсіппен айналысқан. Бүгінгі күні екеуі де зейнеткерлік жастан асып, кенже баласының қолында немерелеріне қарап, еркелетуді ермек қылып отырған асыл қариялар. 55 жыл отасқан олар саяси науқандардан да қалмай, бірге барып дауыс беріп келеді.
Ерназ Алтайұлы