Қазына қаржысын қымқырғандар құрықталды

Қазір мемлекет халықты әлеуметтік қорғау саласына баса назар аударып келеді. Сондықтан да осы бағытқа қаралып жататын қаражат көзі де қомақты. Бұл орайда осы қызметті асқан жауапкершілікпен атқарып, бюджеттің бір тиынын да шашау шығармай өз мақсатына жұмсайтын лауазым иесі керек-ақ. Өкінішке қарай, «Ақша жүрген жерде адамның шайтаны жүреді» деген сөз рас екен. Аудандық сотта осы салада жауапты қызмет атқарған қос басшы азаматқа қатысты қаралған қылмыстық іс – соның айғағы.

73 млн. 325 мың 681 теңгені «түгімен» жұтып қойды

73 млн. 325 мың 681 теңгені «түгімен» жұтып қойды Осыдан он шақты жыл бұрын аудандағы халыққа арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бас есепші ретінде жұмысқа тағайындалған А.Ш.есімді азамат 2021 жылы басқарма басшысының бұйрығымен мекеме директорының уақытша міндетін атқарушы лауазымын да қоса атқарады. Мемлекеттік функцияларды орындауға уəкілеттік берілген адамға теңестірілген заңды тұла ретінде саналған ол мекемедегі барлық қаржы операцияларын «Қазынашылық» электронды жүйесі арқылы жүзеге асыруға қол жеткізеді. Яғни, ҚР «Электронды құжат жəне электронды цифрлы қолтаңба туралы» заңына сәйкес электронды цифрлы кілтпен кіріп, төлем құжаттарына заң талабының негізінде бірінші қол қою құқығы беріледі.

«Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген қағиданы бетке ұстаған жаңа басшы уақытша өзіне жүктелген міндетті «мол мүмкіндік» деп түсініп, жеке мүддесіне теріс пайдаланып қалуды көздейді. Сөйтіп директордың ЭЦҚ кілтімен кіріп, қазынаға қол сұғады да, бюджетті бүйірінен теспей соруға кіріседі. Директордың уақытша міндетін атқарушы боп тағайындалған 2021 жылғы 11 қазан мен 2022 жылғы 18 қазан аралығында өзінің туыстары мен танысының есепшоттарына бірнеше рет ақша аударып, қазынаның қомақты қаражатын жымқырып үлгереді.

Нақтырақ айтқанда, 2022 жылы 19 қаңтарда А.Ш. директор лауазымын уақытша атқару өзіне жүктелгенін түсініп, қызметтік бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде мекеменің есеп-шотынан өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік бюджеттің қаражатын тікелей қасақаналық пиғылмен иемденіп алуды ойлайды. Арам ойын іске асыру үшін, яғни материалдық жағдайын жақсарту мақсатында, алдымен, өзінің жалақысына артық мемлекет қаражатын аударып тұрады. «МТ-102» жəне «К2 қазынашылық» бағдарламаларына негізсіз мəліметтерді енгізген ол, сонымен қатар, 1990, 1995 жылғы туысын жəне 1984 жылғы танысын пайдаланып, олардың есепшоттарына өзіне қажетті бюджет қаражатын бөлгізеді. Бірақ оларға еш себебін түсіндірмей, ақша қаражаттарын өзіне қолма-қол түсіріп алып, әкеліп беруді тапсырады. Бұл ретте А.Ш-ның туыстары мен танысы мекеме басшысының қылмыстық құқық бұзушылық ойынан бейхабар болған еді. Бұл жерде директор туыстарының есеп-шотын оларға мән-жайды түсіндірмей сұрап алса, танысы бұрын өзі басқарған мекемеде жұмыс жасап кеткен соң әріптесі жөніндегі мәліметтерді біліп отырған.

2022 жылғы 18 қазанда мекеменің директоры қызметіне Г.Ж. тағайындалады. Міне, осы уақытта өзінің заңсыз іс-əрекеті əшкереленіп қалмауы үшін ол туыстарының банктік есепшотына бюджет қаражатын аударуды тоқтатады. Бірақ жаңа басшының сеніміне кіріп, оның ЭЦҚ кілтін сұрап алған ол көп ұзамай өзінің жеке бас пайдасы үшін бюджет қаражатын ұрлауды жалғастыра береді. Ал келген директор қарауындағы бас есепшінің қылмыстық іс-əрекетінен хабарсыз болып, қазынаның кілтін сеніп тапсырып жүре береді. Сөйтіп, мекеме басшысының көзін ала бере тұмсығының астынан қомақты қаражатты есеп-шоттарға аудару жолымен ірі мөлшерде жымқырған айыпкер әйел 2022 жылдың 19 қаңтарынан бастап, 2024 жылғы 28 ақпан аралығында өзінің атындағы «Форте банк» және «Халық банк» АҚ-ындағы есепшоттарына бөліп-бөліп, барлығы 61 329 774 теңге негізсіз артық ақша аударады. Дәл осындай жолмен өзінің туған сіңлісінің шотына 1 665 954 теңге, ал інісінің есебіне 1 013 890 теңге жіберсе, танысының атына 2 229 213, бірде 2 992 560, ал 2023 жылы барлығы 1 592 475 теңге жібереді. Осылайша, мол қазынаның «кілтін тапқан» бас есепші 2022 жылғы 19 қаңтар мен 2022 жылғы 2 қыркүйек аралығында сіңлісіне, 2022 жылғы 25 наурыз бен 2022 жылғы 14 қыркүйек аралығында інісіне, ал 2022 жылғы 2 ақпан мен 2024 жылғы 31 қаңтар аралығында танысына барлығы 11 млн. 995 мың 907 теңге негізсіз артық ақша аударып, аяқасты байып шыға келеді.

Бірақ бас есепшінің байлыққа батқан қуанышы ұзаққа бармады. Оның былығын мекемеге келген 2024 жылғы 1 сəуірдегі №87 «Деловой-Аудит» ЖШС-ның аудиторлық тексеріс қорытындысы әшкерелеп берді. 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 1 наурыз аралығында мекеменің директоры міндетін уақытша атқарушы əрі бас есепші қызметінде болған А.Ш. бюджеттің есебінен өзінің банктік есепшотына негізсіз 61 329 774 теңге қаражатты артық аударғаны анықталды. Бұдан басқа бюджеттің есебінен өзінің туыстары мен таныстарының есепшоты арқылы негізсіз тағы да 11 995 907 теңге қаражатты жымқырғаны белгілі болды. Сөйтіп ол өзіне сеніп тапсырылған барлығы 73 млн. 325 мың 681 теңге бюджет қаражатын қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салып жəне иемденіп алу жолымен жымқырып, өзінің жеке қажеттігіне жаратқаны әшкере болды. Нəтижесінде, облыстық басқармаға 73 325 681 теңге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді.

Бас есепшінің былығы аздай...

Өкінішке қарай, бас есепшіге ЭЦҚ кілтін сеніп тапсырып жүрген мекеме директоры да «сау сиырдың боғы» болмай шықты. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, қолында қазынаның қақпағын аша алатын кілті бар ол да бас есепшінің «бас ауруымен сырқаттанып», бюджеттің бір бүйірін теспей сорып жүрген сабаздың бірі екен.

2022 жылғы 18 қазанда басқарма басшысының бұйрығымен басшылық қызметке тағайындалған Г.Ж. мен оның бас есепшісіне бюджет қаражатын тиімді жұмсау тапсырылған-ды. Бірақ мекеме басшысы ретінде ол өзінің қызмет бабын теріс пайдаланып, мекеменің өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттің қаражатын тікелей қасақаналық пиғылмен ірі мөлшерде талан-таражға салып, иемденіп алу мақсатында өзінің таныстары мен туысының есепшоттарын сұрап алып, бас есепшінің «схемасымен» ақша аударып отырған.

2024 жылғы 15 мамырдағы №116 «Деловой-Аудит» ЖШС-ның аудиторлық тексеріс қорытындысына сəйкес, 2022 жылғы 1 қаңтар – 2024 жылғы 1 наурыз аралығында мекеме директоры Г.Ж. бюджеттің есебінен туысы мен таныстарының банктік есепшотына негізсіз 6 млн. 881 мың 549 теңге қаражатты артық аударғаны анықталды. Сөйтіп облыстық басқармаға осыншама мөлшерде материалдық шығын келтіргені белгілі болды.

Сотта қос айыпкер де өз кінәсін толықтай мойындап, жауап берді. Бас есепші тергеу кезінде 2021 жылғы қазан айынан 2024 жылғы ақпан айы аралығында өзінің барлық алған 73 миллион теңге шамасындағы ақша қаражатының 14 миллион теңгесін кері мемлекетке қайтарғанын, алдағы уақытта 59 миллион теңгені де өтейтінін, бұл қылмысын топ болып жасамағанын айтып ақталды. Ал есепшіге қарағанда, директор айыбын мойындап өзі келген. Тіпті, тергеу ісіне көмектескен де көрінеді. Өйткені аудиторлық тексеріс кезінде су бетіне қалқып шыққан бюджеттің 6 млн. теңгенің үстіндегі жетпестігі өзінің былығы еді. 2023 жылғы қазан мен 2024 жылғы ақпан аралығында 6 миллион теңгеден аса қаражат алғанын, барлық залалды тергеу кезінде 2024 жылғы сəуір айында толық төлегенін, ақшаға баласының қарыздарын жабумен болғанын, өзінің тергеу кезінде күдікті ретінде берген жауабын толық қолдайтынын, өзінің жасаған əрекетінің заңсыз екенін білетінін, өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

Сотталушылардың, жəбірленуші өкілінің, куəлардың жауаптарын тыңдап, сотқа ұсынылған дəлелдемелер жиынтығын зерттеген сот айыпкер бас есепші мен сотталушы директордың қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандағы кінəсі толық дəлелденді деп есептеді. Істің мұндай тұрғысында, сот, сотталушы А.Ш.-ның қылмыстық іс-əрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2) тармақтары мен ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша дұрыс дəрежеленген деп санады. Өйткені ол «Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салып жəне иемденіп алу жолымен жымқырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған». Сондай-ақ, сот, сотталушы Г. Ж-ның қылмыстық іс-əрекеті ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2) тармақтары бойынша дұрыс дəрежеленген деп таныды. Себебі ол «Өзінің қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салып жəне иемденіп алу жолымен жымқырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасады».

Аудандық соттың үкімімен бұрынғы бас есепші жоғарыдағы 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінəлі деп танылып, оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жəне оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал бұрынғы директор де айыпты деп танылып, мемлекеттік секторда өмір бойына лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылып, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі негізінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Жазасын өтеу барысында пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағат мөлшерінде мəжбүрлі еңбекке тартылатын болды.

Осылайша бюджетті бүйірінен теспей сорып, мемлекет қазынасының қаржысына қол сұққан белді бір мекеменің бұрынғы басшысы мен бас есепшісі заң алдында жақсылап тұрып сазайын тартты. Бұл өзге мемлекет тұтқасын ұстаған өзге лауазымды қызметшілерге ащы сабақ болса керек.

Гүлзада Жанғазиева, аудандық соттың аға сот приставы, Е.БИСЕКЕНҰЛЫ, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT