Жуырда аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXI сессиясы өтті. Күн тәртібінде «2025-2027 жылдарға арналған Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің, сондай-ақ Жем, Қосшағыл, Қара Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бюджеттері туралы” 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №26-1 шешіміне өзгерістер енгізу» мәселесі қаралды. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, депутаттар қатысты. Алдымен Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов сөз бастап, шағын шаһардағы жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Әсіресе балабақша мен мектеп жасындағы балаларға арналған ойын алаңдарын сөз қылған ол:
- Құлсары қаласы теңгеріміндегі қала ішінде орналасқан ойын алаңдарының саны – 16 дана, ал шағын футбол алаңдары – 19. Осының ішінде жөндеуді қажет ететін 10 ойын алаңы мен 8 шағын футбол алаңы бар. Қазіргі таңда суға кеткен аймақтағы осындай ойын алаңы мен футбол алаңдарының салынуы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Құжаты дайын болғанда бюджеттен қаржы сұралатын болады. Сонымен қатар қаламызда орналасқан аялдама саны 260 дана екенін айта кетейін. Десек те әлі 168 аялдама қажет. Оның ішінде ««Атырау» ықшам ауданындағы», «Болашақ», «Жадырасын» ықшам аудандары 56 дана аялдаманы қажет етеді. Онда да «Атырау» ықшам ауданындағы» жол құрылысы жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана салынатынын ескерткім келеді. Оған да сметалық құжаттамасы жасақталып, дайын болғанда бюджеттен қаржы сұратылатын болады,-деді өз сөзінде.
Биыл өңір бюджетіне айтарлықтай өзгерістер еніп, аудан орталығы Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кенті, сондай-ақ шалғай ауылдарға бөлінетін қаржы өз кірістері мен трансферттер есебінен өседі деп жоспарлануда. Бұл жөнінде баяндаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова сөз алып:
-Биыл маңызы зор, сондай-ақ жылдам орындалуды қажет ететін жобаларға мүмкіндігінше мол қаржы бөлінуде. Атап айтсақ, қаламыздағы «Бабаларға тағзым», Қ.Сыдиықов, Орталық алаң және І ықшам аудан аллеялары бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасының бөлімін әзірлеуге, «І шағын ауданында орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу», «Махамбет даңғылында орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу», «Жаңа автомобиль көпірін күрделі жөндеу», сондай-ақ «№1, №5, №8, №9, №16, №18 мектеп ауласына спорт алаңы құрылысы» жұмыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге және «Мәдениет үйі жанынан аллея салуға жобалық-сметалық құжат жасақтауға» қаржы бөлінеді. Бұл ретте кейбір жобалардан қаржы шегерілетінін де ұмытпаған жөн. Мысалы, «Бабаларға тағзым», «Арбат» саябағының құрылысына, жобалық-сметалық құжаттама жасақтаудан, сондай-ақ аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің трансферттері есебінен көше жарығының құрылысына, «Жастар саябағын» салу үшін жоба жасақтаудан қаражат қысқаратын болады,-деді өз сөзінде.
Бөлім басшысы одан бөлек қаламыздағы О.Алдахов көшесінің бойына аллея салу, Дүйсеке ата қауымы мен басқа да 5 зиратты қоршау, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарының 2-ші кезеңін салу жұмыстарына қаражат бөлінетінін растады. Жиын барысында келелі кездесуді пайдаланған депутаттар қала әкіміне көкейде жүрген көп сауалдарын жаудырып, қарапайым халықтың білгісі келетін көп мәселелерінің басын ашып алуға тырысты. Оның арасында салмақты сауалдарын тізіп берген Сәуле Мәмбетова:
-Осы уақытқа дейін қаншама рет мәслихат отырысы өтіп жүр. Одан да бөлек жиындарда кездесеміз. Бірақ мен, жасыратыны жоқ, 80% сұрағыма лайықты жауап ала алмай келемін. Егер халыққа жаныңыз ашып, шынымен, ел қамын ойлайтыныңыз рас болса, онда осы мәселелерді түртіп алуыңызды сұраймын. Алдымен, жергілікті жұртқа маңыздылығы жоғары орталық ауруханаға тікелей көпір салынуы қажет. Олар қадам аттар жерге бүкіл көшені айналып келеді. Неге халықтың сұранысымен жұмыс жасамасқа?!
Одан кейін, ел аузында жүрген 11 дана әмбебап балалар алаңының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр ма, әлде тоқтап тұр ма немесе бюджеттен ақша бөлінді ме, соны біле алмай жүрміз. Өз аузыңыздан естиік десек, біресе бюджеттен қаражат бөлінді дейсіз де, біресе құжаты енді жасалады дейсіз. Оған бөлінген ақша қайда, ауада қалықтап жүр ме? Осыған мардымды жауап алмайынша, мен бұл мәселені күн тәртібінен түсірмеймін. Аудан орталығы Құлсарының өзіне әлі аялдамалар толық салынбады деп келдік. Әлі 40 данасы керек деп, одан 30-ға түсірдіңіздер, енді 20-сын салуға шешім шығардыңыздар. Оған да шүкір. Содан кейін айтпағым: ауданның бюджеті нақтыланатын отырысқа депутаттар да кіргізілуі қажет. Жақсы, көрінгеннің бәрі емес, тек елге шынымен жаны ашитын, ұсыныстарын жасырмай айта алатын екі-үш халық қалаулысы қатысуы қажет. Осыны ескерсеңіздер, жақсы болар еді. Біз сын мен мінді бекерден бекер артпаймыз. Сіздер сол сыннан қорытынды шығаруларыңыз керек,-деді қала әкімі Қадыржан Адиновке.
Әйел-депутаттың бұл сөзі жиынға қатысушы өзге әкімдерге де ой салып қойды. Халықтың қамы үшін атқарылар әрбір іс, соған сай бөлінер әр қаржы болашақтың кірпіші іспеттес. Қаламыз бен ауданға қарасты елді мекендердің жаңғыруы ел тілегімен, депутаттың ерік-жігерімен, әкімдіктің адалдығымен ғана жүзеге аспақ. Сессияда көтерілген мәселелер сондай үлкен бастамаларға қозғау салары хақ.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ