Тілі мен дінін ұмытқан ұлттың болашағы бұлыңғыр екені анық. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі мемлекеттік тілді, яғни, қазақ тілін құрметтеу, оны білу- біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазіргі таңда соттарда қазақ тілінде қаралатын істердің сапасы артып, құжаттар мемлекеттік тілде сауатты дайындалады. Барлық шығыс және ішкі құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Ендігі міндет сот процестерін мемлекеттік тілге біртіндеп көшіру болып отыр. Бұл тұрғыда сотқа жүгінушілер тарапынан белсенділік қажет, яғни, олардың талап-арыздарын мемлекеттік тілде жазуы маңызды.
Сот тәжірибесі байқатқандай, азаматтарға құқықтық тұрғыда көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбінесе орыс тілінде дайындайды. Мұның өзі мемлекеттік тілдің дамуына кедергісін тигізеді. Қай салада болмасын тіл мәртебесінің артып, тынысының ашылуына жалпы қоғам өкілдері жанашырлық танытса, діттеген мақсатымызға жетеріміз анық.
Қазақ тіліне қажеттілікті арттыру – елдік іс, сондықтан, оның қолдану аясын кеңейту жауапкершілік пен жүйелі жұмыстарды талап етеді. Қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болу үшін оны күнделікті тірлігімізбен етене байланыстыруымыз міндет. Яғни, отбасынан бастап, жүрген ортамызда қазақша сөйлесуіміз керек. Сонда ғана қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді.
Индира Оңайжанова,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы



