АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандық эмитенттердің карталары бойынша шетелде 200 миллионға жуық операция жүргізілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға артық көрсеткіш. Бұл туралы Бірінші несие бюросы хабарлайды.
Операциялар көлемі теңге эквивалентінде шамамен 3,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейінен номиналды түрде 28,6%-ға жоғары.
Динамиканың негізгі үлесін қолма-қол емес төлемдер, олардың үлесі барлық операция бойынша 98% (196,1 млн операция) және жалпы соманың 91%-ын (3,3 трлн теңге) құрап отыр.
— Қолма-қол ақша алу бойынша операциялар жалпы үрдіске сай емес. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша мұндай операциялардың саны 8,3%-ға азайып, 3,9 млн-ға дейін түскен. Алайда олардың жалпы сомасы инфляцияны есептемегенде 1,7%-ға өсіп, 323,5 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде бір операцияның орташа мөлшері 83,9 мың теңге болып, жылдық өсім 11% болды, — делінген хабарламада.
Сарапшылардың айтуынша, қолма-қол ақша алу операцияларының саны азаюда. Сонымен бірге, қазақстандық карталар арқылы шетелде жасалатын қолма-қол емес төлемдердің оннан жетеуі онлайн түрде жүргізіледі.
Бір онлайн-төлемнің орташа сомасы теңгемен есептегенде 13,6 мың теңгені құрап отыр, бұл өткен жылғы 12,3 мың теңгемен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Еске сала кетсек, биыл жазда Ұлттық банк «дропперлердің» төлем карталары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар көбейгенін ескерткен еді.


