Қазақстанда банк қызметі саласындағы жаңа заң: цифрлық қаржы активтері мен екі деңгейлі лицензиялау

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың басында Қазақстанда банк қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Бұл заң қаржы секторын дамытуға, тиімділігін арттыруға және халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, Қазақстанның банк жүйесін цифрландыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі Төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың мақаласында айтылды.

Заңның басты мақсаты — банктердің қызметін реттеу, қадағалау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешу. 

Сонымен қатар, бұл заң қаржы құралдары мен цифрлық активтерге қатысты жаңа ережелерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. Жаңа заң банктерге қол жетімділікті арттыруды, жаңа технологияларды енгізуді және қаржылық инклюзивтілікті қамтамасыз етуді көздейді. 

Төраға орынбасарының дерегінше, бұл заң — соңғы онжылдықта қаржы секторында дайындалған барынша маңызды заңнамалық құжаттардың бірі.

Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген әрі банк қызметі саласындағы қолданыстағы нормаларды жан-жақты тұрғыдан қайта қараудың нәтижесі болды. Реттеу, қадағалау, лицензиялау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, әсіресе кредиттік өнімдер бойынша, және банктердің орнықтылығын қамтамасыз ету тәсілдері өзгертілген. Құжатта үздік халықаралық практикалар, атап айтқанда Халықаралық валюта қорының ұсынымдары, сондай-ақ озық елдердің — Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия және Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесі негізге алынған.

Дәурен Сәлімбаевтың мәліметінше, биыл қаңтар — мамыр айларында банктердің, сарапшылардың және халықаралық консультанттардың қатысуымен 30-дан астам жұмыс кездесулері, талқылаулар және ашық консультациялар өткізілді. Заң жобасының барлық негізгі ережелері ашық түрде, нарықпен егжей-тегжейлі кері байланыста талқыланды. Нәтижесінде біз банктің бүкіл жұмыс істеу циклын, яғни лицензия алу мен жұмысты бастаудан бастап қызметті тоқтатуға және төлем қабілетсіздігін реттеуге дейінгі қызметін қамтитын тұтас, қисынды тұрғыдан құрылымдалған заңды дайындадық. Заң 135 баптан, 9 бөлімнен және басқа заңнамалық актілерге ондаған ілеспе түзетулерден тұрады. Шын мәнінде, ол орнықты және технологиялық заманауи қаржы секторы үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырады.

— Орталық блоктардың бірі цифрландыру мәселесі болды. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар жай ғана құрал емес, банк жүйесінің жұмыс істеуінің негізі болып табылады. Сондықтан жаңа Заңда цифрлық қаржы активтері (ЦҚА) — токенделген қаржы құралдары үшін алғаш рет құқықтық режим енгізіледі. Цифрлық қаржы активтерінің үш түрі көзделген: ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер; нақты базалық активке шығарылатын қамтамасыз етілген цифрлық активтер; сондай-ақ цифрлық нысандағы қаржы құралдары, яғни акциялар, облигациялар және токен форматындағы басқа да бағалы қағаздар. Мұндай активтер қаржы құралдарына теңестіріледі және классикалық құралдармен қатар платформаларды міндетті тіркеумен, операцияларды қадағалаумен, ішкі бақылауға, ақпаратты жария етуге және инвесторларды қорғауға қойылатын талаптармен реттеледі, — деп атап өтті Дәурен Сәлімбаев.
Орнықты, технологиялық тұрғыдан бейтарап және бәсекеге қабілетті қаржы ортасын қалыптастыру үшін Ұлттық Банк цифрлық платформалар мен инфрақұрылымның жұмысы үшін техникалық стандарттарды белгілейді. Сондай-ақ, Ұлттық Банк стейблкоиндердің шығарылымы мен айналысын реттейтін, олардың бірыңғай құқықтық жүйеге ықпалдасуын бақылайтын болады. Өз кезегінде, Агенттік нарықтың инвестициялық жағына назар аударады, цифрлық бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының шығарылымы мен айналысын реттейді, эмитенттерге қойылатын талаптарды белгілейді, ақпаратты жария етуді қадағалайды және инвесторларды қорғауды қамтамасыз етеді. Екі орган бірлесіп негізгі инфрақұрылымның, яғни платформалар, тіркеушілер және биржалар жұмысының қағидаларын айқындайтын болады, бұл цифрлық активтер нарығын ашық және қауіпсіз дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге цифрлық ортада — мобильді қосымшалар, интернет-сервистер және өзге де технологиялар арқылы пайдалануға болатын ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітіледі. Бұл жылдам және қауіпсіз есеп айырысу жүйесінің маңызды элементі болады. Бұдан басқа, төлем ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, төлем ұйымын есептік тіркеуге және төлем ұйымдарының тізілімінен шығару негіздеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады.

Айта кетейік, микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтерді қадағалаудың екі деңгейлі жүйесі енгізілмек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT