"Қазақ жырының тұңғиығы"

"Қазақ жырының тұңғиығы"
Фото: Е.Ахметкәрімов

«Жұмбақ ақын» атанған Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылдың 28 қарашасында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді. Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының авторы.

Міне, осы біртуар ақынның аруағын қастерлеген жылыойлықтар аудандық «Кең Жылой» мәдениет үйінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Қазақ жырының тұңғиығы» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізді.

Жұмекен Нәжімеденовтың шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйретуді мақсат тұтқан аталмыш байқауда ауданнан 13 үміткер бақ сынады. Байқау екі кезеңнен құралды. Қатысушылар бірінші кезеңде ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдерін көркемдеп жеткізсе, екінші кезеңде қаламгердің прозалық шығармаларынан нақышына келтіре үзінді оқыды. Талас пен тартысқа, үміт пен үрейге толы бұл сайысқа Әлібек Қойшыбайұлы, Үміт Жұмалықызы, Әлібек Амандықовтар әділ бағасын берді. Байқауда бақ сынаған жас талапкерлеріміз екі кезеңде де шығармаларды шеберлікпен орындай білді, сайыстың көркін одан әрі қыздыра түсті.

Ақыры жеңімпаздарды да анықтайтын кез келіп жетті. Қос турдың қорытындысы бойынша мықты деген үміткерлер іріктеліп, жүлделі орындарға жайғасты, атап айтқанда, қазылар алқасының шешімімен №3 жалпы орта білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Ерназ Жаңбырбай байқаудың бас жүлдесіне лайық деп танылды. Ал жүлделі І орынды осы оқу ордасының 9 сынып оқушысы Бекарыс Әлібекұлы қанжығасына байлады. ІІ орынды № 1 мектептің 10 сынып оқушысы Меруерт Ізберген мен № 5 Абай атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Әсел Дәулетбаевалар бөлісті. Сондай-ақ, №3 жалпы орта білім беретін мектептің 11 сынып оқушылары Еділ Боранқұл мен Ерасыл Жоламандар ІІІ орынды иеленді.

Жеңімпаздар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Е.Ахметкәрім

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521