Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан ерекше ойлар мен маңызды бағыттарды байқадық.
Ел президенті қазақ тілінің тек мемлекеттік рөлін нығайту емес, жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жету жолындағы орнына ерекше тоқталды. Бүгінде қазақ тілін білу – тек қажеттілік емес, сәнге айналған құбылыс! Әсіресе жастарымыздың оны үйренуге деген құлшынысы, бизнес өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі болашағымыздың жарқын екенін дәлелдейді.
Қазақ тілі әлемдегі ең кең таралған тілдер арасында 79-шы орынға көтеріліп, өз биігін бағындырып жатыр. Бірақ мұнымен тоқтамай, ғылым мен білім саласында инфрақұрылымды жаңғырту, оқыту әдістемесін жетілдіру, цифрлық технологияларды белсенді пайдалану қажеттігін ескертті. Бұл – тілдің тірегі болар маңызды бастамалар.
Бұл сұхбаттан ұлттың болашағына деген үлкен сенім мен ізгі тілек сезіледі. Қазақ тілі мен жастарымыз – еліміздің тірегі. Ана тілімізді дамыту мен жастарды қолдау жолында бәріміз бірге аянбай еңбек етуіміз керек!
Нұрбақыт Юрийқызы,
#9 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі