Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университет ректоры Атырауда ардагер ұстаздармен кездесті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университет ректоры Гүлмира Қанай Атырауда ардагер ұстаздармен кездесті. Университеттің 80 жылдық мерейтойына орай жоғары оқу орынының зиялы түлектері – ұстаздармен кездесу өтті.

Шараның басты мақсаты – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына зор үлес қосқан ұстаздар мен ғалымдардың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметтерін насихаттау. Сонымен қатар ұлттық ғылым мен білімнің өткені мен бүгінін, болашағын талқылау, жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту.

«Ұстаз – ел болашағын қалыптастырушы тұлға. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру, олар үшін ең жақсы үлгілерді қалыптастыру, білім мен мүмкіндіктер беретін қоғам құру – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Осы орайда, жас ұрпақтың зияткерлігін арттыру, білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында атқарылатын бастамаларда сіздердің, яғни, білікті ұстаздардың еңбегі ерен деп білемін», – деді университет ректоры Гүлмира Қанай.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар білім ордамыздың аға оқытушылары мен білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген университет түлектері өз баяндамаларын ұсынды.

«Мен қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 2006 жылғы бакалавр және 2008 жылғы магистратура түлегімін. Қазақ қыздарының шамшырағына айналған, Орта Азияда жалғыз түйір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітіргенімді мақтан тұтамын. Әр жеткен жетістігімде білім алған ұстаздарымның қолтаңбасы бар. Біз бұл университеттен тек ғылымды мен білімді игеріп қоймай, қазақ қызының бойындағы болуы керек барлық парасаттылық идеологиясын меңгеріп шықтық», – деді университет түлегі Дауткулова Ақмарал Қалиарбекқызы.

Кездесу соңында зиялы ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT