Қаңырап қалған қайран қаңбақты!

Қарашаның 3-і күні бір топ адаммен жолға шықтық. Бұл сапарымыз киелі мекен - Кең Жылойдың тарихи өлкесі - Қаңбақты деген жерге бағытталды. Жанымызда – ауданның әрқилы мектептерінен келген оқушылар және олардың жетекші ағайлар мен апайлары. Міне, дәл осы құраммен өмірімде алғаш рет тарихи жерлерге экскурсияға аттандым.

Ғаламторсыз ғаламда

Жолдағы үнсіздікті Тұрар Шапқара ағай бұзып, сөз бастады. Өзін таныстырып, туған жердің тарихын қысқаша суреттеп айтып берді. Сол сәтте Киелі мекен - Кең Жылойдың тылсым табиғаты, тамыры терең тартқан тарихы туралы біраз мағлұмат алғандай болдым. Көкейімде көп сауал қалып қойды. Әрі қарай жолда әдемі әңгіме өрби берді. Үнсіз ғана тыңдай отыра, іштей қазақ болып туылғаныма шүкіршілік еттім. Көкірегімді мақтаныш сезімі кернеп, ұшы-қиыры жоқ дархан даламның құшағына еніп, жан-дүнием рахат күй кешті.

Солай рухани әңгімеден кейін бір-бірімізбен танысып, сөйлесе бастадық. Жол бойы интернет желісі болмаған соң, ешкімнің телефонға үңіліп отыруына зауқы болмады. Бұл өзім секілді оқушылармен жақынырақ танысып, жаңа достармен тез тіл табысып кетуімізге мүмкіндік берді. Жолы бойы бір-бірімізбен әңгімеміз жарасып, ойнап-күліп, мәз болыстық. Дәл осы сәтте өзімді шын бақытты сезіндім. Қаланың у-шуынан жырақта, даланың таза ауасымен тыныстап, бойымыз сергіп сала берді. Соның әсерімен әдемі әңгіме өрбітіп, межелі жерге қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалдық.

Жапан түздегі жәдігерлер

Түс әлетінде көздеген жеріміз – Қаңбақтыға да келіп жеттік. Қаңбақты - тарихи мекен. Жылой халқының ескі елді-мекені. Бір кездері аудан орталығы болған. Дәл осы жерде ауданның байырғы тұрғындары колхоздарда еңбек етіп, балық шаруашылығымен айналысқан екен. Ол кезде Каспий теңізінің жағалауы дәл осы Жылой кентіне тиіп тұрғанын естігенде, таң қалыстық. Ата-бабамыздың көзі мен тарихымыздың құтты мекені – Қаңбақты жері жүрегіме әлдебір ерекше рухани сезім ұялатты.

Мені қынжылтқан бір ғана нәрсе болды. Егер осы экскурсияға шықпағанда, мен туған жеріміздің осындай тарихи мекені бар екенін білмес те едім ғой. Кезінде ата-бабамыздың маңдай терін сарп етіп, жанын да құрбан қылып ұрпақтарына аманаттап қалдырған орындарының қазір елеусіз, қаңырап бос жатқаны қандай қиын. Тым болмаса, осы жерге ашық аспан астындағы мұражай салдырып, мемлекет қорғауына алса, қандай ғанибет болар еді. Өз еліміз бен туған жеріміздің киелі, құтты мекені мен тарихи дала жәдігерлерін мектеп оқушыларының өз көзімен көріп, танысып, оқытуына не кедергі? Ұрпақтың саналы, патриот болуы әуелі тарихымыздан бастау алады емес пе?

Міне, қасиетті Қаңбақты менің балғын жүрегіме осындай рухани күш-қуат сыйлап, туған жеріме деген шексіз сүйіспеншілікті арттыра түсті. Кең байтақ даламның бір бұрышындағы дәл осы бір тарихи атауы бар мекеннің елеусіз қалғаны көңіліме көлеңке түсіріп, мұң ұялатты.

Әрине, «Мың күндік сапар бір қадамнан басталады» дегендей, тарихи орынға жасаған алғашқы саяхатым ерекше эмоция сыйлады. Жаңа таныс достар тауып, елге деген шүбәсіз құрметті арттырды. Өмірімнің қызықты әрі бақытты парақтарын толықтырды. Осы сапарды ұйымдастырған барша жанға, Тұрар ағайға, аудандық білім бөліміне алғыс сезімімді білдіремін.

Мектеп бағдарламасында өзге елдердің географиясы, табиғаты кеңінен оқытылады. Бірақ, өз жеріміздің де тарихы өте терең. Сол құндылықты бағалап, туған мекеннің киесін сезіну үшін оқушылар арасында осындай саяхаттарды көптеп ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді!

Әйгерім Ғалымжан,

№15 Сүлеймен Қарабалин атындағы орта мектептің

11 сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521