Кеше Құлсары қаласына қарай ағылған тасқын судың бөгетті жарып кеткенін хабарлаған едік. Бүгін де ауданда су тасқынының қаупі сейілмей тұр. Жем өзенінің Құлсарыға құяр сағасы Бақашы өзегінің де арнасынан асып, қаланың сыртқы бөлігін суға толтырды. Соның салдарынан Құлсары қаласының республикалық маңызы бар айналма тасжолының бойындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандары су астында қалды. Бұл жағдай трассаның екінші жақ бетінде орналасқан 2-ші және 3-ауыл тұрғындарына да сақтық шараларын қатаң сақтауды ескерткендей.
Ал бүгін жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Болашақ» ықшамауданы тұрғындарын да қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бұл ретте бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III- топтағы мүгедектегі бар азаматтар көшіріледі.
Қабылдау пункттері қаланың №18, №8, №1 орта мектеп ғимараттары болып белгіленді. Тұрғындарды жинау пунктіне дейін «БатысТехИнвест» ЖШС-ның автобустары тасымалдайтын болып бекітілді.
Өз тілшімізден