Өткен жылғы көктемгі алапат су тасқынының зардабынан ащы сабақ алған аудан төтенше жағдайды болдырмау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы сала мамандарының айтуынша, өңірге төніп тұрған қауіп деңгейі орташа көрінеді. Еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жинағалы «енді ондай төтенше жағдай қайталанбаса екен» деген тілек бар құлсарылықтарда. Бірақ, сөзден гөрі қолға алынып жатқан іс барысы қызықтырады халықты. Иә, тасқынның зардаптарын жою үшін орасан зор жұмыстар жасалды. Әне-міне дегенше қыстың соңғы айы ақпан да аяқталып, көктемнің төбесі көріне бастады. Қалың жұртшылықты «былтырғы зілзала қайталанбай ма?» деген сауал мазалайды. Өйткені республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы соңғы мәліметтер көңіл қуантарлықтай емес.
Ендеше, алдын алу мақсатында ауданда қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр? Осындай ойлар мазалап біз аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Әділет Жандосұлына жолығып, мән-жайды білген едік. Оның айтуынша, өткен жылдың жаз айларында арнайы жобалау зерттеу консталингі «Казгипроводхоз» институтының сүйемелдеуімен «Жем өзені арнасының өзен ағынын реттеу бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою және авариялық-қалпына келтіру жұмыстары» бойынша іс-шарасының жобасы жасақталған. Ғалымдардың нұсқауымен ауданымызда Жем өзені мен Құрсай өзегінің арнасында бірнеше өзгерістер орын алды. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Сап-ин-вэст» ЖШС түп тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. 96 шақырымды құрайтын жобаның 46 шақырымы Құрсай каналына тиесілі болса, Жем өзенінің 50 шақырымы да тереңдетіледі.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 81,8 шақырым түп тереңдету жұмыстары аяқталып тұр. Және дәл осы қазылған жерлерді арнайы техникалық көліктердің көмегімен тағы да тереңдету көзделіп отыр. Бұдан бөлек 65,3 шақырымды құрайтын бөгет салу жұмыстары да қоса жүргізіліп жатыр. Мұны көп адамдар түп тереңдету жұмыстарымен шатастырады. Алайда екеуі – екі бөлек жоба. Қысқасын айтқанда, су тасқынына қарсы қорғаныс жүйесі екі бағытта салынуда. Оның ішінде Құлсары қаласын қорғау үшін 42,8 шақырым, Ақкиізтоғайдан 5,3 шақырым, Тұрғызбадан 10,8 шақырым, Шоқпартоғай ауылының маңынан 6,4 шақырым бөгеттер көтеріледі. Құлсары қаласын қорғау мақсатында салынатын бөгеттер 6 қабаттық, жалпы биіктігі 1,7-1,8 метрді құрайтын болады. Бұл жұмыстарға 110 жүк көлігі, 36 арнайы ауыр техника жұмылдырылды. Күні бүгін 30-дан аса шақырымы аяқталды.
- Биылғы көктемгі су тасқынына қарсы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қолдан келген барлық жұмыстар жасалып жатыр. Арнайы мамандардың нұсқауымен жобалар жасақталды. «Қазгидромет» секілді мекемелермен тығыз байланыс ұстап отырмыз. Апатты болдырмау үшін қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Арнайы зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, ауданымызға аса қатты қауіп төніп тұрған жоқ,-дейді бөлім басшысы Әділет Жандос.
Иә, оны уақыт көрсетері анық. Өйткені өткен жылы «қауіп жоқ» деп арқаны кеңге салып жүргенде Құлсарының жартысы тасқын судың астында қалғаны анық. Сондықтан да, сөзден гөрі іске көшкен төтеншеліктер көктем жақындаған сайын дайындық жұмыстарының көрігін қыздыра түсті. Бөлім басшысының сөзіне көз жеткізу үшін нақты мәліметтерге көз жүгіртіп көрейік. «Қазгидрометтің» деректеріне сәйкес, былтырғы келген судың көлемі 319 млн. текше метрді құраған екен. Ал биыл 229-265 млн. текше метр аралығында су келеді деген болжам бар. Иә, өткен жылға қарағанда тасқынның көлемі аз болғанымен, бұл да оңай еңсерілетін қарқын емес. Дегенмен, жасақталған жобалар тыңғылықты аяқталар болса, қауіптің де беті сейіледі деп отыр мамандар. Себебі, Жем тереңдетілген арнасынан асқан күннің өзінде қаланы қоршай орналасқан дамбыны бұзып жарып өтуі екіталай. Оның үстіне қазір Жем өзенінің бойына орналасқан гидропосттар саны да көбейтіліп, олар нақты мәліметті күн сайын жіберіп отыр. Сөз соңында жұртшылыққа жағымды жаңалықты айта кеткенді де жөн көрдік. Бүгінгі таңда аудан аумағынан арнайы су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл жоба қолға алынар болса, келген суды тиімді пайдалануға жол ашылады. Себебі, Жем арнасы көктемде толғанымен, жаз айларында құрғап қалатыны аудан тұрғындарына мәлім. Енді осы су қоймасының арқасында су тапшылығына қатысты біраз мәселелер де оң шешімін табатыны анық.
Иә, кеткен қателіктерден ащы сабақ алатын кез жетті. 1993 жылы да Құлсарыны су басқаннан кейін қорғаныс жұмыстары күшейтілді. Бірақ уақыт өте келе зардабын ұмытып кеттік. Алапат тасқын енді қайталанбайтын секілді көрінді. Бірақ былтыр үш ұйықтаса түсімізге кірмеген қорқынышты жағдай орын алды. Қазір де бейне бір жаман түс көріп оянғандай болып жүрміз. Сондықтан «Сақтансаң – сақтармын» дегенді естен шығармай, қауіптің алдын алғанға не жетсін?!
Е.АЛТАЙҰЛЫ