Өткен жексенбіде аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Жем және Қара Арна ауылдық округінің шаруагерлерімен кездесті. Жиында тұрғындардың Жем өзенінің арнасында жүргізіліп жатқан тереңдету мен бөгет тұрғызу жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлері ескеріліп, көктемгі су тасқынына байланысты әңгіме өрбіді.
Бұған дейін түсіндірме жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған еді. Прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жергілікті шаруагерлер Жем бойында кездесу ұйымдастырып, жұмыс барысын талқылаған. Одан әрі жиын ауыл әкімдері мен «Казгипроводхоз Институты» ЖШС өкілдерімен жалғасын тапқан. Өткен жұма аудан орталығына бет бұрған Парламент Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұмановтардың іссапарының негізгі мақсаты да осы еді. 2025 жылғы төтенше жағдайдың алдын алу негізінде қалың қауыммен жүздескен олар Жем-Құрсай өзендерінің түп тереңдету мәселесімен жақынырақ танысып, бөгет тұрғызу жұмыстарын көзбен көріп кетті.
Жем ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы жоспар бойынша түп тереңдету жұмыстарының кестеге сәйкес көктемге дейін толық аяқталатынын, сондай-ақ бұл шаралардың көктемгі су тасқынын болдырмауға және аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізетіндігін жеткізді. Ол өз сөзінде:
- Өткен жылғы табиғи апатты біз Құлсары қаласынан, одан кейін ауданымыздағы елді мекендерден шығарып жіберуіміз керек болды. Бұл тұста көп қателік Бақашыдан кетті. Себебі, Бақашының ескі жолы Құлсарыға Ұлы Жемнен айналып келетін еді. Ал 2018-2019 жылы, яғни су тапшылығы уақыттары бұл жолды тікесінен шығарды. Міне, тасқын кезінде осындай мәселелер көптеп кездесті. Алайда мұндай қателік енді қайталанбайды деп сенеміз,-деді апаттың алдын алу үшін қолдан келгенді аянып қалмайтынын жеткізіп. Ауыл халқымен пікір алмасуда Жем арнасын ашу, жаяу жүргіншілер көпірін салу, төрт түлік малды суаратын жерге су шығару сынды ұсыныстар айтылып, аудан әкімі тұрғындар сұрағына нақты жауабын берді.
Ал Қара Арна ауылдық округіндегі түсінік жұмыстарында жергілікті азаматтар көктемге дейін бөгеттің сапасы тексерілсе, осал тұстары нығайтылса деген өтініштерін жеткізді. Және кездесуден кейін аудан әкімімен ауылдың бірқатар учаскелерін аралаған олар Алмаағашы тұсынан Айғара сайына қарай өзен басын, теміржол көпірі астынан Қоскөл бағытына қарай 500-600 шақырым өзен арнасын ашуды, Ботай күптен Уықбай көпірі астынан Оспанқораға қарай сайды ашу, Бақу бейіті тұсындағы каналдың басын ашып кету және су өткізгіш тұрба салу сынды мәселелерді көтерді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтар бойынша тиісті мердігер мекемелерге, бөлім басшылары мен ауыл округінің әкімдеріне тапсырмалар жүктелді.
Өткен жылғы тасқын кім-кімге де оңайға соққан жоқ. Билік пен бұқараның қалауы – бір. Апаттан сабақ алып, келер жылдары нәтиже шығаруымыз тиіс. Бұл жолда да бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Алайда, анығын алдағы көктем көрсетер.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ