"Каспий теңізі"

Қай ата-ана болмасын, баласын болашығым, өмірімнің бастауы деп танитыны анық. Сондықтан да оның тәрбиелі, білімді, табысты, жақсы мамандық иесі болғанын қалайды. Осы жолда бар күш-жігерін жұмсайды. Өйткені, ата-ана үшін бауырындағы әр баласының орны ерекше, өзіндік биік тұлға.

- Отбасымызда қызым Ақтолқын дүниеге келген күннен бастап-ақ оның әр күні мен әр айының, әр жылының босқа өтпеуіне дағдыландырдым. Жылдар өте келе домбыра үйірмесіне бердім. Оған төрт ай қатысты. Үйірмедегі тәжірибелі маманның байыпты түрде айтқанынан қызымның домбыраға емес, басқа өнер саласына қабілеті бар екенін түсіндім. Осылайша мұғалімнің ұсынысымен 2018 жылдан бастап Құлсары Балалар өнер мектебінің көркемсурет бөліміне бердім. Барғаннан-ақ, қызымның суретке деген шексіз қызығушылығын көз жанарынан анық байқадым. Күн сайын кеудесін қуаныш кернеп, сондай бір өзгеше күйге бөленетін. Сол сәтте сәби шағында тұсауын кескенде қарындашты таңдағаны есіме түсіп, қазақтың ырымының бекер еместігіне көзім жеткен. Бұл күнде қызым сол домбыра үйірмесіндегі оқытушыға алғысын білдіреді. «Мен сурет салғанды жақсы көремін, одан жаныма тыныштық табатынмын, әр бояудың да тілі бар екенін, бәрі бекер емес және менің мақсатым осы, өмірімнің нәрі екені сөзсіз»,-дегені қуантады, - дейді шәкіртім Ақтолқын Қуанышқалиқызының анасы Жанар Ақжігітова.

Ақтолқын 2022 жылы Құлсары өнер мектебін үздік бітірді. Төрт жыл білім алған уақытында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Атап айтқанда, халықаралық «Жаңа жылдық көңіл күй-2018», «Жаңа жылдық көңіл күй-2019», «Менің елім-Қазақстан», «Алтын күз», республикалық «Күздің соңғы күндері», «Бояулар құпиясы», «Жаңа жылдық мозайка», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Қыс», аудандық, мектепішілік «Шеберлікте шек жоқ» секілді сурет сайыстарында қыл қаламының құдіретін таныта білді.

-Биыл 9 сыныпты тәмамдаған қызым осы сурет саласын үздіксіз жалғастыру үшін Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының колледжіне оқуға түсті. Қазақтың Әбілхан Қастеевіндей дара дарынды суретші болсын деп тілейміз! – дейді анасы.

Гүлзада Айдарханова,

Құлсары Балалар өнер мектебі

көркемсурет бөлімінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521