Замана уақыт ырғағымен алға озып, дамыған сайын адамдарға жасалатын қылмыстық онлайн шабуылдардың саны да күрт көбеюде. Халықтың сеніміне толықтай кіріп, бәрін мінсіз жоспарлап, өз құрығына түсіретін ондай алаяқтардың әрекеті адам шошырлық.
Әсіресе ХХІ ғасырдың басты құралына айналған интернет арқылы жасалатын қылмыстың алаяқтық түрлері бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Интернет арқылы жасалатын мұндай құқық бұзушылықтың сан алуан түрі бар. Яғни бұл жерде күдікті компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи қондырғылардың көмегімен адамдарды алдап, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.
Қазіргі таңда елімізде белең алған бұл заңсыз әрекетке алданып қалған азаматтардың басым бөлігі телефон арқылы келетін жалған хабарламаларды ресми ақпарат деп қабылдап, аңғалдықтан тез сеніп қалып жатады. Міне, қазекеңнің осындай адам баласына сеніп қалатын осал тұсын арам ойлы алаяқтар тап басып, өз пайдасына шебер пайдаланып кетіп жатыр.
Бүгінде аудан аумағында да интернет алаяқтығының құрбандары жетерлік. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы полиция қызметкерлері қаншама ескертулер жасап жатса да, желі арқылы алдану деректері тоқтар емес. Осыған байланысты осы салада ауданда тіркелген деректер мен дәйектер, зардап шеккендер жайлы мәліметті білмек мақсатпен аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жәнібек Нұрбергеновке жолығып, мәселенің мән-жайын білген едік:
- Соңғы деректерге жүгінсек, аудан көлемінде 77 алаяқтық фактісі тіркелген екен. Оның 54-і интернет арқылы жасалған қылмысқа жатады. Ауданымызда интернет алаяқтығына душар болған жәбірленушілердің басым бөлігі күнделікті қолданып жүрген ұялы телефон арқылы келген жалған хабарламаларға сеніп қалған тұрғындар болып отыр. Мысалы, кейбір алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға онлайн несие рәсімдеткен. Алаяқтықтың тағы бір кең таралған әдісі – белгісіз біреулердің атынан телефон шалып, «Пошта арқылы сізге зат келіп тұр» деп сендіріп, SMS арқылы келген құпия кодты сұратуы. Сонымен қатар, кейбір алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарды алдап, жеке деректерін толықтай айтуға сендірген. Осындай алдап-арбау тәсілдерінің құрбанына айналған адамдар абайсызда алаяқтарға қалай сеніп қалғанын, тіпті өзіне қатысты жеке деректерді толықтай айтып қойғанын да аңғармай қалып жатады екен. Міне, осындай алаяқтық түрлері қоғамда кеңінен таралып, белең алып барады, – дейді полиция подполковнигі Жәнібек Ербөлекұлы.
Аудан көлемінде тіркелген алаяқтық қылмыстарға байланысты бүгінде полиция бөлімі тарапынан алдын алу шаралары жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, интернет алаяқтығының жолын кесу, болдырмау мақсатында аудан және қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, көшелерге алаяқтықтан сақтану жолдары көрсетілген арнайы билбордтар орнатылып, әлеуметтік желілерде бейнебаяндар көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, тұрғындардың ақпараттық сауаттылығын арттыру мақсатында қоғамдық көліктерде аудио және бейнематериалдар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық брошюралар таратылуда. Бұл шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, аудан тұрғындарын алаяқтық әрекеттердің түрлері мен одан сақтану жолдарын түсіндіруге бағытталған. Бұл жерде айта кетерлігі, интернет-алаяқтық қылмысының түрлері қаншалықты кең көлемде таралса, полиция бөлімі тарапынан да оның жолын кесу, әшкерелеу, алдын алу шаралары да соншалықты белсенді жүргізілу үстінде.
Расында, тергеу бөлімшесі басшы-сының орынбасары Ж.Нұрбергенов тағы бір мәрте ескерткеніндей, ғаламтордың ғаламаты арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттері үдей түскен қазіргі уақытта ұялы телефон арқылы келетін кез келген хабарлама мен қоңырауға аса сақтықпен қарауға тиіспіз. Ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей тұрып, байбаламға салынып, белгісіз деректерге сеніп, күмәнді сілтемелер мен кодтарға ілесуден аулақ болған абзал. Өйткені қырағылық пен жауапкершілік – интернет иірімдеріне сұр жыландай оратылған алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы.
Мұратқали Ысқақов, аудандық соттың төрағасы,
Әйгерім Ғалымжан, өз тілшіміз