Қарындасына тіл тигізіп...

Қарындасына тіл тигізіп...
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, құқық бұзушыға қолданатын жаза түрлері қатайтылды. Бұрынғыдай жәбір көрген жанмен татуласып, кінәлі адамның сытылып кетуіне жол берілмейді.

Айталық, осы кодекстің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер азамат осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген құқық бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасаса, онда 10 тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Төмендегі оқиға – дәл соның айғағы.

Өткен күз айының бір күнінде түнгі сағат 23 сағат 30 минут шамасында қаладағы өзі тұрып жатқан үйге мас болып келген орда бұзар отыздан асқан азамат жұрт секілді жайына қарап жата қоймады. Ахаңның буына бөгіп алған «батырлығы» ұстап, өзінің қарындасына тиісті. Оны балағаттап, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты». Үйдің берекетін алып, жанұя тыныштығын бұзған ағасының әрекетіне шыдай алмаған нәзік жан ақыры полиция бөліміне телефон шалды.

Сөйтсек, ішкіш сабаз осыған дейін де дәл осындай «тентектігі» үшін жаза арқалаған екен. Аудандық соттың биылғы 12 маусымдағы қаулысына сәйкес, ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауапқа тартылыпты.

Сондықтан аудандық соттың екінші қайтара шыққан қаулысымен құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.

Айжамал КӨПТІЛЕУОВА,

аудандық соттың бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521