Билік пен халық арасындағы алтын көпір – ашық диалогқа негізделген. Осы ұстаным аясында өткізіліп жатқан аудан басшысының тұрғындармен кездесулері өңірдегі маңызды мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылдауға себепкер болуда. Осындай басқосудың бірі - Майкөмген ауылдық округінде де өз жалғасын тапты.
Қарақұмның қойнауында отырған халықпен кездесуге аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақованың өзі келді. Онымен бірге аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Құлбаев, аудандық әкімдіктің дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдары және ауыл тұрғындары, ауыл әкімі Нұржарық Сауытов қатысты. Жиналыстың тізгінін қоғамдық кеңес төрағасы Б.Құлбаев ұстады.
Сөз кезегін алған Гүлнафис Аязберікқызы, алдымен, Майкөмген ауылдық округінің аумағында жасалып жатқан жалпы жұмыс барысына тоқталып, атқарылған іс-шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін 8 кездесу өткізіліп, 63 мәселе қаралған. Соның ішінде берілген 36 тапсырма орындалып, 14 мәселе бойынша нақты жауап жолданып, 11-і орындалу үстінде, ал екі сауалға қатысты мәселе әлі шешімін таппаған. Оған кеңінен тоқталған аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Аязберікқызы былай деді:
- Орындалу үстінде тұрған мәселенің бірі - жолға қатысты, бұдан басқа жайылымдық жерлердің көлемін кеңейту, ауылға жаңа мектеп салу, ауылішілік электр құрылысын аяқтау және ауылда саябақ салу жоспарда тұр. Жол құрылысы жөнінде: қазіргі таңда бұл жұмыстың 60 пайызы атқарылды. Мердігер мекеме жұмысын бастауы керек. Жайылымдық жерлердің көлемін кеңейту мәселесіне келсек: тиімді пайдалану жоспары бекітілу үстінде. Алдағы мәслихаттың кезекті сессиясына ұсынатын боламыз. Ауылда салынатын 300 орындық мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы толық аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асыруға ұсыныс берілді. Бұл жұмыс 2026 жылы жүзеге асуы тиіс. Ауыл ішіндегі аяқталмай қалған электр желілері құрылысына тоқталсақ: мердігер мекеме өз жұмысын жоба аясында орындамауына байланысты келісі мшарт біржақты үзілді. Қазіргі таңда авторлық қадағалаушы тарапынан қалған жұмыстар көлемі есептелуде. Қорытынды шыққаннан кейін қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Ал ауылға саябақ салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптама қорытындысы шықты. Алдағы уақытта аудандық мәслихатқа қаржы бөлінуі үшін ұсынатын боламыз. Орындалмаған екі мәселе: теміржолдың айналасын қоршау және егілген сексеуілдің төңірегін ретке келтіру. Теміржол мекемесі басшысының мәліметіне сәйкес қоршау жұмыстары күз айларында басталады. Ал сексеуілге қатысты «Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу» басқармасына ұсыныс енгізілді. Бұл жұмыстар осы аталған басқарма тарапынан жүзеге асатын болады.
Жиналыста тұрғындар бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде ерекше мән берілген ең өзектісі – ауыл аумағында қарақұрттың көбеюі. Кішкентай, бірақ өте қауіпті жәндік төрт түлікке шабуылдап, әсіресе түйе малын шағып, шетінен сұлатып жатыр.
Аудандық ветеринариялық стансаның басшысы Нұрболат Өрбісіновтің айтуынша, бұл соңғы 30-40 жылда болмаған жағдай. Қарақұрт шаққаннан кейін бірнеше сағат ішінде ем жасалмаса, жануарды аман алып қалу қиын. Әсіресе қараусыз қалған малдар үшін бұл тым қауіпті. -Қарақұртқа қарсы арнайы вакцина жоқ. Қараусыз жүрген мал – бірінші нысана. Сондықтан тұрғындар малын бақылауда ұстауы қажет, – деді Н.Өрбісінов.
Қарақұрттың көптеп таралған аймақтарына өзіміздің Жылыоймен қатар, Исатай, Индер, Махамбет аудандары да кіреді. Қазір арнайы мамандар бұл мәселеге байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алдын алу жолдарын қарастыруда.
Кездесу соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова барлық көтерілген мәселелердің жауапсыз қалмайтынын, тұрғындардың ұсыныстары мен уәждері ескерілетінін айтты. Соңынан аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ