ҚАРАҒАЙДА ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ КӨП

Аудан әкімі Ж. Қаражанов халықпен кездесу жиынын ашып, былай деді:

-Тасқыннан кейін көп нәрсе өзгеріп кетті. Оның залалын тек қана Құлсары қаласы емес, сіздің елді мекен де көрді. Төтенше жағдай кезінде суға кеткен 5 үйден бөлек, кірме жол да жапа шекті. Алдағы уақытта кірме де, ауылішілік жол да кезең-кезеңімен жасалатын болады. Елді мекенде қазіргі кезде жарық мәселесі шешіліп келеді. Одан кейін Жұмабек Қаражанов тұрғындар сауалына құлақ түріп, сол жерде жауап беріп, мәселені шешудің заңды жолдарын жиылған жұртшылыққа түсіндірді. Көпшілік қауым ауылдағы интернеттің жоқтығына қапаланды. Ол түгілі тіпті байланысқа шығуға мүмкіндік жоқтығын жеткізді. Бүгінгі күні арнайы вай-фай тарататын антеннаның арқасында ғана ватсап желісі арқылы байланысып отырғанын, оның өзі бүкіл ауылды қамти алмайтынын айтты.

-Осы мәселені шешу мақсатында мердігер компаниямен келісімге отырған болатынбыз. Ол тек сіздің елді мекенге емес, аудандағы ауылдық округтердің көбіне жылдамдығы жоғары интернет желісін жүргізуі тиіс болатын. Бірақ, жұмысты толық аяқтамай кетті. Ендігі кезекте мердігер компанияны сотқа беріп, ауылдағы бұл түйткілді мәселені тезірек шешуге тырысамыз,-деді аудан басшысы.

Ауыл тұрғындарының көбісі биылғыдай су тасқыны келер жылы да қайталануы мүмкін бе деп алаңдаулы. Себебі, Қарағай елді мекені ең қауіпті жерде орналасқан, тіпті шеткі бөлігі су астында қалған болатын.

-Жалпы аудан тұрғындарының басты сауалының бірі де осы. Бүгінгі таңда ғылыми институт мамандарын шақырттық, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аралтөбеден бастап Каспий теңізіне дейінгі аралықты толықтай зерттейді. Содан кейін ғылыми қызметкерлер бізге өз жобаларын ұсынатын болады. Қай жерді тереңдетіп, қай жерден су қоймасын салу керек, сыйымдылығы қандай болуы тиіс деген сияқты мәселені егжей-тегжейлі қарап, зерттеу жұмысының қорытындысын беретін болады. Сол арқылы біз жұмыс жасайтын боламыз. Дегенмен, «Су – тілсіз жау». Алдағы уақытта табиғи апатты болдырмау үшін бар күшімізді, білімімізді салатын боламыз,-деді Жұмабек Байрақбайұлы.

Тұрғындардың тағы бір сауалы елді мекендегі кей үйлердің газ мәселесі болды. Себебі, кей үйлер қыс бойы отын жағып шыққан. -Жоспарда бар іс. Биылғы жылы «Болашақ» ықшам ауданындағы газ тарту жұмыстары бітісімен сіздерге де көгілдір отын келетін болады. Себебі, барлығы бір боймен келеді. Сондықтан, «Болашаққа» газ келмей, сіздерге газ тартылмайды. Оған дейін газсыз отырған бес үйге байланысты мен тиісті мекемеге тапсырыс беретін боламын. Жолдан өтіп жатқан газ құбырынан жалғауға мүмкіндік болса, арнайы мамандар келіп сіздергі газ тартып беретін болады,-деді аудан басшысы. Қоғамдық көлік мәселесі де көтерілді. Ауыл тұрғындарының біраз оқушысы негізінен №8, №19 мектепте оқиды. Әсіресе, қысты күні қиын.

-Қоғамдық көлік қыс айында біздің тапсырмамыз бойынша мердігер компания тарапынан іске қосылған болатын. Бірақ, жолаушылар саны мүлдем аз болды. Тіптен, кейде бос қайтатын кездер де көп кездесті. Бір жағынан сұраныс болмады, екіншіден, мердігер компанияға да ешқандай кіріс кірмегесін тоқтатты. Біз тағы да ұсыныс беріп, қайтадан қоғамдық көлікті жүргізерміз. Бірақ тағы да сұраныс болмаса, тоқтатуға тура келеді. Мектептегі автобус бойынша білім бөліміне ескертпе жасалды, олқылықтың орнын дереу толтыруы керек. №8 және №19 мектептің екеуі де күрделі жөндеуге жабылды. Қазан айында бітеді деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, барынша тез аяқтауға тырысамыз,-деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.

Екі сағатқа созылған кездесуде көптеген мәселе көтерілді . Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, қиындық әкеліп жүрген проблемалардың барлығын дерлік айтты. Аудан басшысы өзі тікелей мәселені шешіп, сол жерде отырған бөлім басшы- ларынан да жауап алды. Тиісті мекеме- лерге тапсырма беріп, тезірек шешілуін қадағалайтынын жеткізді.

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT