«Қандай қымбат сыйлық берсек те лайықты»

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында редакция тілшісі көшеде кездескен ер азаматтарға: «Мерекені қалай тойлайсыз?» және «Анаңызға, жарыңызға нендей сыйлық ұсынасыз?» деген сұрақтар қойып, блиц-сауалнама жүргізген еді. Кейбір азаматтар бұл сауалымызға бірден жауап бере алмай тосылып қалып жатса, кейбірі өзінің ішкі сезімдерін еркін айтып, көңілді сұхбат жүргізді.

-Біз бұл мейрамды отбасымызбен жыл сайын қарсы алып, ерекше тойлап өтеміз. Себебі, бізге бұл мереке қақаған қыстан шыққаннан кейінгі жылулықтың басталуы іспеттес. Қолымнан келгенше бағалы дүние сыйлауға тырысамын. Гүл және тәттілер міндетті түрде болады,- деп жауап берді Ержан есімді тұрғын.

-Мейрам ретінде тойлағанда, бас қосып, қалаған сыйлықтар ұсынып, құттықтаймыз. Шыны керек, мен нәзік жандыларды тек 8 наурыз күні ғана емес, Құдайдың берген әрбір күнінде қуантып тұру керек деп есептеймін,- деді Азамат бауырымыз.

-Мен үшін бұл ерекше мейрам. Анама да, жан-жарыма да қымбат сыйлықтар сыйлаймын. Биыл да ол өз деңгейінде өтеді деп есептеймін. Сондықтан анама алтын болса, жолдасыма айфон сыйлаймын деп жоспарлап отырған жайым бар. Аяулы аналарымыз бен аруларымызға қандай қымбат сыйлық берсек те лайықты деп ойлаймын,- деп жауап қайырды Марат ағамыз.

-Мен кішкентай болсам да, анама да, ұнататын аруы ма да шын жүректен күшті сыйлықтар жасағым келеді. Оқушы болсам да, үлкендерден оқ бойы озып, өзімнің сүйікті жандарымды мерекесімен ерекше құттықтап, қуантып келіп тұрады,- дейді Бейбарыс ініміз.

-Мен, қарт кісі болғаныммен де, бұл мейрамды жас кезімнен қалт жіберген емеспін. Бұйыртса, биыл да өзімнің кемпіріме, келіндеріме де құр қол баратын ойым жоқ. Зейнетақымнан арнайы ақша бөліп, әрқайсысына жеке-жеке сыйлық аламын,-деді Мұрат атамыз.

Көріп отырғанымыздай, өңіріміздің жасы да, кәрісі де бұл мерекені ерекше тойламақ ниетте. Нәзік жандылардың назы мен еркелігін көтеріп, оларға қуаныш сыйлау - біздің басты міндетіміз. Сондықтан, сіздерді де, нәзік жанды құрметі оқырман, көктемнің керемет мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521