Қамқорлық қанат жайған күн

Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қамқорлық тағы бір игі іспен толықты. Өткен жылы ғана жұмысын бастаған орталық автобус көлігіне ие болды. Бұл – орталыққа “TengizTransGroup” компаниясының үлкен көлемде жасаған алғашқы тартуы еді.

Кеше ғана ашылған орталықтың тарихы да өзіндік бір белестерге толы. Бұған дейін мұнда тасқынның алдын алу бағытында жұмыс істеген төтенше жағдай қызметкерлері орналасқан болатын. Қазір сол ғимарат жаңа тыныс алып, тағдырдың түрлі сынағына мойымаған жандардың екінші шаңырағына айналған. Орталық былтырғы жылдың желтоқсан айында өз есігін айқара ашып, алғашқы 17 қызмет алушыны қабылдаған еді. Ал қазір мұнда облыс көлемінде 116 ерекше жан бар. Соған сәйкес 140-қа жуық маман жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке, мәдени ортаға бейімдеп, құқықтық, экономикалық, педагогикалық тұрғыдан бағыт-бағдар береді. Бұл жөнінде №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Айман Күзембаева:

- Мұнда өз үйіндегілер бағуға қауқарсыз немесе туған-туысы жоқ азаматтар келіп, жаңа ортаға бейімделеді. Қазіргі таңда 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар жандарды қабылдаймыз. Орталығымыз үлкен болғандықтан ерлер мен әйелдер бөлек шоғырланған. Олар бос уақытында теледидар қарайды, спортпен айналысады, концерт қояды. Барлығының да жағдайы бірдей деп айта алмаймын. Қызмет алушылардың арасында өнерге бейім, талантты жандар да бар. Кейбіреуі қолөнер жұмыстарымен шебер. Біздің мақсатымыз – осындай ерекше жанға жылулық сыйлау. Бұл жер олардың жай ғана баспанасы емес, өмірге қайтадан сенім ұялататын ортасы болуы тиіс. Әрине, әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы болады ғой. Десек те, өмірге деген құлшынысы бар жандармен жұмыс жасау бізді одан әрі қайрап, мықты болуға жетелейді. Сол жолда, міне, тынбай еңбек етіп келеміз,-дейді ой өрбітіп.

Алайда орталықтың толыққанды жұмыс атқаруы үшін қажетті жабдықтар да толық емес. Мәселен, қызмет алушыларды облыс орталығына апарып-әкелу біраз уақыттан бері күрделі мәселе болып келген. Енді, міне, «TengizTransGroup» компаниясы бұл түйінді тарқатып, автобус тарту етті. Компания өкілі Нұрлыбек Ихдановтың айтуынша, бұл — Жылыой жұртына жасалып отырған алғашқы сый емес

- Бұған дейін біз ауданға жедел жәрдем көлігін де сыйға тартқан едік. ТШО-мен серіктестік аясында бізге жыл сайын әлеуметтік бағытта көмек көрсету міндеттелген. Бұл біздің бағдарламада бар, сондықтан осындай игі істерді жалғастыра береміз. Әрине, ұзақ уақыттан бері аса қажет сыйды табыстаған кезде орталық мамандары мен қызмет алушыларының эмоциясы ерекше болды. Олардың қуанғаны – біз үшін жетістік,-дейді Нұрлыбек Ихданов.

Иә, жаңа автобус орталықтағы жандардың тыныс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, олардың қоғаммен етене араласуына жол ашпақ. Өйткені әрбір сапар, әрбір жаңа әсер ерекше жандар үшін өмірдің мәнін арттыра түсетін маңызды қадам. Оның үстіне қызмет алушылардың облысқа қатынап, қажетті ем-домын алып, тексерістен өтуі үшін бұл қажетті құрал еді. Алдағы уақытта орталық тағы да толығып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өз жұмысын жалғастыра бермек. Алайда мұнда интерактивті тақта, талапқа сай төсектер мен музыкалық аспаптар қажет екені айтылуда. Жылыой жұртының бірігіп қолдау көрсетуімен бұл да жүзеге асарына сенім мол.

 

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT