Өткен аптадан бастап ауа райының күрт жылынуы қала халқын біраз әбігерге салды. Ақпанның ақтүтегінде қалың қарға көмілген аудан орталығы мен ауылдағы елді мекендер көшелері қас қағым сәтте «көлге» айналды. Тұрғын үйлер мен халық көп қатынайтын әлеуметтік нысандар, сауда-саттық орындары қар суының қоршауында қалды. Құлсары келбеті былтырғы тасқыннан кейін көшелерді судан тазартып жатқан қарбалас кезеңді еске түсіріп жіберді.
Қаланы қар суынан тазарту жұмыстарына аудандағы коммуналдық мекемелер – «Жылыойсу» мен «Жылыой-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жеке кәсіпкерлер де атсалысты. Олар арнайы кезекшілік ұйымдастырып, күні-түні тынымсыз тер төкті. Әсіресе қаланың әлеуметтік нысандары орналасқан көшелер мен халық көп шоғырланған жерлер сорылды.
Сол бір қарбалас сәттегі аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, бір түннің өзінде 11 жалдамалы жеке кәсіпкер көлігі мен «Жылыой-Тазалық» мекемесінің екі вакуумы тартылған. Олар кешкі сағат 21.00-ден бастап түнімен жалпы көлемі 1530 текше метр су шығарған. Бұл жұмысқа «Жылыойсу» мекемесінің арнаулы техникалары да тартылды. Жалпы қаладан су сорып, тазарту жұмыстарына 13 арнайы техника мен 42 жұмысшы жұмылдырылды. Соның нәтижесінде мерекелік үш күннің ішінде аудан орталығынан 7 740 шаршы метр су, 16 200 шаршы метр қар шығарылды.
Осы уақыт ішінде қаладағы көктемгі қар суының еріп, көптеп жиналуына байланысты су шығару жұмыстары күшейтілді. Қар суынан тазарту көше қозғалысына және тұрғындардың қауіпсіздігіне әсерін азайту мақсатында жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде жұмыс күні басталған сейсенбіде қала көшелерінің біраз бөлігі құрғап қалды. Су шығару жұмыстары аудан мен қала әкімдігінің бақылауында болды.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ