Қалада қордаланған мәселе көп

Өткен аптада Құлсары қаласындағы Жастар үйінің мәжіліс залында Құлсары қаласының әкімі Ернар Ысмағұл халық алдында 2021 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп, биылғы жылғы жұмыс жоспарымен таныстырды. Қала халқының алдында ой бөлісті. Қала басшысының есебіне аудан әкімі Халел Жамалов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, мекеме-кәсіпорын жетекшілері, қала тұрғындары қатысты.

Қала әкімі Ернар Ысмағұл қаланың бюджеті, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс, салық, кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту, білім, денсаулық, басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстар хақында баяндады. Бұдан соң есеп беру жиналысына қатысқан тұрғындар микрофон арқылы залдан сұрақтар қоя бастады. Бірінші болып Құлсары қаласындағы 6-учаске тұрғыны Жұмазия Таңбергенова сұрақ қойды. Ол «қала сыртында жаңадан бой көтерген ықшамаудандарға бірінші кезекте тақтайдай тегіс асфальт төселетінін, бірақ неге екендігі белгісіз, ескі учаскелер ұмыт қалатындығына» қынжылыс білдірді. Оның үстіне аталған көше тұрғындары көше жарығына да жарымай келеді. Жарықсыз әрі мидай балшық көшеге шақырса, «Жедел жәрдем» көлігі де кіре алмайды екен.

Аудан тұрғыны Омар Жалғасбаев халықтың қала ішінен жер ала алмай, көп жылдан бері ұзын-сонар кезекте тұрғанына ренішін білдірді. Қала тұрғыны Иван Тегіспаев тұрғындарды мазалаған мына мәселені көтерді. Оның айтуынша, «өткен ғасырдың 80-жылдарының бел ортасында салынған көпқабатты ықшамаудан үйлерінің әбден тозығы жеткен, жөндеуді қажет етеді».

«Қалаішілік автобус қозғалысын әлі де реттеп, олардың аялдауына ыңғайлы аялдамалар орнату керек»,-деді ол тағы да.

Сондай-ақ, ол «егін шаруашылығын дамыту мақсатында аудан аумағындағы Жем өзенінің арнасын тереңдету - өзекті мәселе. Ауданда ауыз су тапшылығын жою мақсатында неге Бәли, Жаңасу су қоймаларының суын пайдалану жоспарын тездетіп жүзеге асырмасқа?» деген ұсынысын алға тартты.

Ал «Барлаушы» ықшамауданының тұрғыны Аманжол Жәрекенов күнделікті тұтынатын көгілдір отын мен электр энергиясының қымбаттығын айтып шағымданды. Мәселен, жаңа пәтеріне газ қосу үшін көршісінің 162 мың теңге төлегендігін айтты. Ауыл ақсақалы сөз арасында тазалық мекемесінің жұмысын жандандыру қажет деген пікірін де жеткізді.

Сонау Қамыскөл көлінің арғы бетіндегі «Береке-2» ықшамауданы жақта тұрып жатқан Шархат Байжанова жасының егде тартқанына қарамастан қала шетінен ат арытып, әкім есебіне арнайы келіп тұрғанын жеткізді. Кейуананың сөзіне қарағанда, ол өзінің мардымсыз зейнетақысымен бес жетім бала бағып отыр. Оның екеуі - мүмкіндігі шектеулі. Келіні ауыр дертке шалдыққан. Жалғызбасты ана ретінде үй кезегіне тіркелгеніне де көп болған екен. Сондықтан жетім-жесірдің жағдайына қарап, жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерден тездетіп 2 бөлмелі пәтер беруді сұрады.

Әрине, қала әкімінің есебінде сұрақ қоюшылар саны көп болды. Соның бірі - кәсіпкер Аманқос Жұмағалиев. Ол қаладағы жаңадан салынып жатқан Абай атындағы мектеп құрылысын атқару үшін жұмыс көлемін алған. Алайда тапсырысшы жақ тиесілі қаржысын бермей әуре-сарсаңға салып қойған көрінеді. Жиналыста кәсіпкер Есенқұл Қазмағанбетовтың айтуынша, Қосшағыл мен Тұрғызба ауылының аралығынан Қиғаштан тартылған су құбыры өтіп жатыр. Міне, осы магистральдық желіні қазіргі су тапшылығы кезінде мал шаруашылығына тиімді пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, оған «ҚазТрансОйл» басшылығы рұқсат бермес. Десек те аудан басшылары келісімге келіп, қазан мен сәуір айының аралығында төрт түлікке аса қажетті су беріп тұрса деген ұсынысын білдірді. Ал «Зағиптар қоғамының» атынан сөз алған хатшы Самал Жұматова қоғам жұмысының атқарып жатқан жұмысындағы жетістіктерді баяндай келіп, аудан мен қала әкімдігінен демеушілік жасап, керекті аспаптар, дыбыс күшейткіш, ноутбук секілді қоғамға қажетті құрал-жабдықтар алып беруге көмектесуін сұрады.
Халықтың сауалына орай ақын Бүркіт Базарбаев өз ой-пікірін білдірді:

- Рас, әкімдер есебі екі жыл қатарынан пандемияға тап келіп, көптен мұндай басқосу өтпеді. Халықтың көкейінде содан көп мәселе қордаланып қалды. Негізінен, біз бұл жерге жеке-жеке проблеманы айтып емес, «Болашақ қаламызды қалай көркейтеміз?» деген сауалға жауап іздеп, сол мәселені талқылау үшін жиналуымыз керек. Әрине, әр ауылдың, әр тұрғынның өз алдына күрмеуі қиын мәселесі көп, барлығы да әкімге жеткізгісі келеді. Бірақ бұлайша ауызша айтылған өкпе-наздың барлығы бірден шешімін тауып кете бермейді. Сондықтан аудандық басылымдар бетінен қосымша беттер ұйымдастырып, «Сұрақ-жауап» айдарымен әкімдер мен халық арасында жазбаша түрде байланыс орнатылса нұр үстіне нұр,-деді ақын.

alada-1

Қоғам белсендісі Жанаргүл Шарғабаева қала басшысының алдына көптеген мәселелерді алға тартты. Соның бірі – көгалдандыру. Бұл жұмыстың қалада ақсап жатқаны рас. Егілген жас шыбықтар аптап ыстықта жапырақ жайып кете алмайды, өйткені суару жеткіліксіз. Ал Орталық базар маңындағы көше қиылысында бейнебақылау камерасының болмауы себепті кей жүргізушілер бағдаршамға бағынбай жол ережесін өрескел бұзуда. Бұл жаяу жүргіншілерге аса қауіпті. Сондықтан көшедегі талдарға тамшылатып суару әдісін қолдануды, ал базар жанындағы көшеге камера орнатуды ұсынды.

Екі сағат жарымға созылған қала әкімінің есебінде тұрғындар түйіні тарқатылмай жатқан көптеген қиын мәселелерді көтерді. Оның барлығына да аудан әкімі Халел Жамалов пен Құлсары қаласының әкімі Ернар Ысмағұл, газдың бағасына қатысты «Жылыойгаз» ЖШС-ның директоры Ғ.Жақашевтар нақты жауап берді. Есеп беру жиыны әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде де таратылып жатты. Қала басшысы желі қолданушыларының көтерген мәселесіне де зер салып, тұшымды жауап қайтарды.

Жиналысты аудан басшысы Халел Жамалұлы қорытындылады.

Е.ҚОШАҚАНОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521