Қала тазалығы сын көтермейді

Бұл мәселе аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ауылшаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында қозғалды. Қала аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметінің жай-күйі мен осы мақсатта 2023-2024 жылдар ішінде Құлсарыда атқарылған жұмыстар жан- жақты талқыға түсті.

СУҒА КЕТКЕН ОҚУ ОРДАЛАРЫ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен комиссия мүшелерінің басқосуында аудандағы білім беру саласындағы өзекті мәселелер, жедел медициналық жәрдемнің қызмет сапасы, 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық проблемалары да көтерілді. Отырысқа аудандық мәслихат хатшысы Қанат Мыңбаев қатысты. Алдымен, білім беру саласындағы өзекті мәселелер жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова баяндама жасады.

-Ауданда 20 жалпы орта білім беретін мектеп, 24 балабақша, мектептен тыс 4 мекеме және №2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс жасайды. Үкімет мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, турникеттермен, мамандандырылған күзетпен және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен стандартқа сай қамтамасыз етуді тапсырған болатын. 2023 жылы балалардың қауіпсіздігіне 142 млн 790 мың теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде балабақшаларға 94 млн 896 мың, мектептерге 47 млн 894 мың теңгеге заманауи «турникет скут», «металліздегіш», қосымша «бейнебақылау камералары» сатып алынды. Осы тапсырмаға сай, білім беру ұйымдарында балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданның барлық мектептері бейнебақылаумен, турникетпен, мамандандырылған күзетпен қамтылып, 20 мектеп пен 20 балабақшаның «дабыл түймесі» полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды,- деп бастады сөзін бөлім басшысы.

- ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №249 Қаулысымен бекітілген «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасындағы басты міндеттердің бірі – барлық бала үшін сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету. Балаларды 2 жасынан бастап мектепке дейінгі біліммен қамтуға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Бұл ретте ата-ананың формат таңдау құқығы бар. Яғни ата-аналар өздерінің таңдауына қарай балаларды үйде, орталықтарда немесе балабақшаларда тәрбиелеп оқытуына болады. Негізінен, аудан бойынша балабақшада 5089 бала тәрбиеленуде. Мектепалды сыныптарында 1647 бала, мектеп жанындағы шағын орталықтарда 319 бала бар. Ал балабақша кезегінде тұрған бала саны-1822-ге жетті. Яғни ел ертеңін мектепке дейінгі біліммен қамту 89,6 пайызды құрайды. «Жылыой ауданын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» 7 балабақша құрылысын салу енгізілген. Апатты деп танылған Шоқпартоғай ауылдық округіндегі 160 орындық «Балдәурен» балабақшасының орнына ТШО-ның қаржысына жаңа ғимарат салынады. 280 орындық мектепке дейінгі мекеме құрылысын биыл бастау жоспарланған,-деді Г.Таңатарова.

Баяндамашының сөзінше, өткен 2023 - 2024 оқу жылында аудан мектептерінде 18 903 оқушы білім алып шыққан. Мектептер бойынша сапа көрсеткіші–55,6 пайыз, үлгерім-100 пайыз. Биылғы оқу жылында бір ғана түлек «Алтын белгіге», 30 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 600 түлек қатысып, орта балл – 55,7 пайызды көрсетті.

Комиссия отырысы барысында Гүлжансара Таңатароваға депутат, комиссия төрағасы Сәуле Мәмбетова сұрақ қойды. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен мектеп пен балабақшалардың қазіргі жағдайына, мектеп ғимараттарының жаңа оқу жылына қаншалықты дайын екендігіне алаңдаушылық білдірді.

Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы №5, №8, №19, №20, №6 (бұрынғы «Бөбек» бала бағы) жалпы орта мектептер ғимараттары мен №1 Т.Құлтумиев атындағы саз мектебінің 2-ші ғимараты, «Өркен-1», «Өркен-2», «Айгөлек-1», «Айгөлек-2», «Салтанат», «Балапан» балабақшаларының толықтай суға кетуіне немесе су қоршауында қалуына байланысты техникалық сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысына қарай облыстық білім беру басқармасынан қаражат сұралмақ. Яғни білім бөліміне қарасты су кірген ғимараттардың ағымдағы және күрделі жөндеуіне әлі күнге қаржы бөлінбеген деген сөз. Сала басшысының бұл хабарламасы халық қалаулыларын қатты қынжылтты. Сондықтан тұрақты комиссия тиісті органға депутаттық сауал жолдау жөнінде қаулы қабылдады.

Депутат А.Мұқанов мектептерді материалдық-техникалық қамтуға қатысты сауал тастады. Баяндамашы мектептерді парта, орындықтар, тақта және т.б. құрал-жабдықтармен жабдықтау жөніндегі барлық сұраныстар облыстық білім басқармасына берілгендігін жеткізді. Сондай- ақ, депутаттар ауданда салынып жатқан жаңа мектептердің қаржы есептілігінің ашықтығы, оқушылардың қауіпсіздігі туралы да мәселе көтеріп, тиісті жауап алды.

Комиссия отырысына қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мыңбаев күрделі жөндеу «жыры» әбден жауыр болған Қосшағыл ауылындағы №2 мектептің асхана құрылысы мен Майкөмген ауылындағы №17 орта мектепке жаңа типтік ғимарат салу жөнінде мәселе қозғады. Бөлім басшысының жауабына қарағанда, асхана құрылысы келер оқу жылының басында аяқталады, ал типтік жобадағы мектеп салу жайлы ұсыныс беріліп қойған, мәселе қарастырылу үстінде.

АУЫЛДАРҒА «СКОРЫЙ» ЖЕТКЕНШЕ...

Отырыстағы келесі мәселе медициналық «жедел жәрдемнің қызмет сапасы туралы» болды. Бұл жөнінде облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Т.Қожабаева былай деді:

-Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлімшесі болып табылатын аудандық «Жедел жәрдемде» қазіргі уақытта 4 автокөлікпен қамтылған бригада қызмет көрсетеді. Шақыртулардың басым бөлігі түнгі уақытқа тап келеді. Осыған орай, күндіз 3 дәрігерлік бригада, түнгі мезгілде қосымша тағы бір бригада қосылады. Тәулік бойы шамамен 70-80 шақыртулар келіп түседі.

Осы мәселе төңірегінде депутат Сымбат Қабдрахманова Тұрғызба, Жаңа Қаратон елді мекендеріне «Жедел жәрдем» Құлсары қаласынан келетінін, олар үшін жолдың қашықтығы өз алдына, жүк пойыздары жүрген кезде теміржол өткелінен кедергіге кезігетінін жеткізді. Бұл жаны көзіне көрініп жатқан ауылдағы науқас үшін өте ауыр тиеді. Сондықтан ауылдастарының қамын жеген халық қалаулысы «Жедел жәрдем» қызметін ауылдық округ орталығынан ұйымдастырса деген ұсынысын алға тартты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына депутаттық сауал жолдауды комиссия депутат Р.Атиноваға тапсырды. Өйткені, бұл көтеріліп отырған мәселе көптің көкейінде жүрген өзекті проблема.

Ал «Ауданның 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы» мәселе осы салаға жауапты аудан әкімі орынбасарының қызметте болмауына, оның үстіне, депутаттарға ұсынған баяндаманың нақты және толық берілмеуіне орай күн тәртібінен кейінге қалдырылды. Мәселеге қатысты шақырылған мекеме басшылары мен ауылдық округтер әкімдеріне депутаттар мүмкіндікті пайдаланып көкейде жүрген көп сауалдарын қойып қалды. Оның ішінде газ желісі, тоқтың бағасы, электр жүйесінің жәй-күйі, жарықтың жиі сөніп қалуы, орталық жылу қазандығының жағдайы сынды мәселелер өткір қозғалды.

Тұрақты комиссия күн тәртібінде қараған төртінші мәселесі қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау туралы болды. «Эко қала XXI» ЖШС-нің атқарушы директоры Д.Көбегенованың баяндамасын тыңдаған депутаттар Құлсарыдан қоқысты алу реттілігіне көңілдері толмайтынын жеткізді. Мекеменің қызмет көрсету сапасының нашарлығынан, қазіргі уақытта үйлерден тұрмыстық қоқыс қалдықтарын әкету жұмыстары сын көтермейтін дәрежеге жеткен. Әрине, мекеме өкілі Қ.Қапанов өз кезегінде қарсы уәждерін айтып, ақталуға тырысты. Оны тыңдаған комиссия төрағасы қайткенде де мәселені шұғыл шешу жолдарын қарастыруды ұсынды. Және әлеуметтік желілерде қоқысты алуға қатысты халықтың наразылығына жауап беріп отыру міндеттелді.

Құлсары қаласы бойынша 2023-2024 жылдары атқарылған жұмыстарды қала әкімі Қадыржан Адинов баяндады. Бұл мәселеге қатысты депутат Бекет Құлбаев та жақсы дайындықпен келіпті. Ол өзіне тапсырылған жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарап, Құлсарыдағы қолға алынған жоспарлы іс-шараларға өзінше зерделеу жүргізген. Соның нәтижесімен депутаттар мен отырысқа қатысушылардың назарына қаланың көрік- келбетіне селкеу түсіріп тұрған, қадағалауды қажет ететін, қала тазалығына қатысты жағдайды баяндайтын көрнекі фото, видео слайд ұсынды.

Соған сәйкес қала әкіміне депутаттар тарапынан бірнеше ұсыныс берілді. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде кенжелеп қалған жұмыстарға баса назар аудару, шағын шаһар басшысы ретінде әрбір ірілі- ұсақты шаруаның орындалуына жеке өзі қатаң бақылау жасауды тапсырды.

Бет қатталып жатқанда: тұрақты комиссияда көтерілген тасқын су басқан білім беру ұйымдарының оқу ғимараттарын жөндеу мәселесіне орай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатароваға хабарласып, мән- жайды білген едік. Оның айтуынша, бүгінде күрделі жөндеуді және сүрілуді қажет ететін мектептер мен балабақшалар үшін үш мердігер мекеме анықталып, тиісті жұмыстар қолға алынуда. Жалпы, ауданда тасқын судан зардап шеккен №5 мектептің ескі ғимараты мен бір балабақша жарамсыз деп табылуына байланысты бұзылады. Бұған қоса, №6 мектептің ескі бөлігі де сүрілетін болады. Қалған білім беру ұйымдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT