Қала қалпына келді, бірақ жасалар жұмыс әлі де көп

Құлсарыда биыл атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарымен бөліскен қала әкімі Қадыржан Адинов әкімдіктің әлеуметтік парақшасында тікелей эфирге шықты. Шағын шаһар болса да, жыл басынан бергі он айда аудан орталығында біраз шаруаның басы қайырылыпты.

Қадыржан Аманкелдіұлының айтуынша, биыл Құлсары қаласында 32835 шаршы метр құрайтын жерге төсемтас төсеу жұмыстары басталып, қаланың 41 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Ықшамаудандарға 11 дана, оның ішінде: «Береке», «Барлаушы», «Жадырасын», «Шұғыла», «Аэропорт», «Мешіт» ықшамауданы мен №124, Ы.Алтынсарин, Д.Таубаев, Б.Өтеулиев көшелеріне әмбебап балалар ойын алаңы салынып, 6 ықшамауданның ауласын абаттандыру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. - Аталған жоба аясында ықшамаудан ауласына ойын алаңы, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, асфальт салу қарастырылған. Мердігер мекеме - «Өмірзақ» ЖШС. Қазіргі уақытта жұмыстың 70-80 пайызы орындалды,-деді ол.

Құлсары қаласындағы көктемгі су тасқыны салдарын жою мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, «Болашақ» ықшамауданынан 100 үйдің құрылысы аяқталып, күні бүгін Құлсары қаласы Махамбет даңғылындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары мен баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 80 үй беріліп, қоныстанып жатыр. Қазіргі уақытта сол ықшамауданға газ желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта «Болашаққа» көше жарығы жүргізіліп, балалар ойын алаңдары салынбақ. Қала әкімі, сондай-ақ су тасқыны кезінде зардап шеккен көшелер мен нысандарды атап, сол бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

- Тасқын салдарынан Махамбет даңғылы, И.Тайманов көшесі, Е.Омаров, Д.Әжіғалиев, Ұ.Абдрахманов, С.Шәкірова, Сауран көшелерінің 17 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы, Құрсай өзені жағалауы, Мемлекеттік қызметшілер аллеясы, Рәміздер алаңы зардап шеккен еді. Қазіргі таңда аталған нысандар қалпына келтірілуде. Сонымен қатар зардап шеккен 9,9 шақырым асфальт жолдың 7,8 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құлсары қаласы Н.Арқабаев көшесінде орналасқан автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары басталады. «CK-KAZALEM» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Бұдан өзге де қала көшелеріне 80 дана аялдама орнату жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 75-і орнатылды, 5 дана жылы аялдама қондыру жұмыстары жүргізілуде,-деді бірқатар жұмыстарды атап.

Оның айтуынша, Құлсары қаласындағы V ықшамауданы, «Теміржолшылар» ықшамауданы, 1-учаске мекен-жайындағы полиция бекеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қаланы көгалдандыруға, атап айтқанда, көпжылдық гүлдерді отырғызуға және күтіп ұстауға көңіл бөлінеді. Айталық, 7748 дана раушан және 2106 дана хризантема гүлдері егіліп, 3 мың шаршы метр жерге көгалдар мен 7000 дана жасыл желектерді суару, күтім жасау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, жасыл желектерді қараусыз жүрген малдан қорғау мақсатында тұрғындардың көшеде жүрген сиыр, басқа да түлік түрлері арнайы орынға қамалған. Нәтижесінде 30 хаттама ашылып, ескерту парақтары толтырылып, 5 тұрғынға айыппұл салынды.

- Алда Құлсары қаласындағы төрт автомобиль көпіріне күрделі жөндеу, Ө.Алдахов көшесіне аллея мен Жастар саябағын салу, «Барлаушылар» саябағын, 62407 метр жаяу жүргіншілер жолын және веложол тұрғызу, «Матай ата» зиратына кіреберіс жол салу, зираттарды коршау жұмыстарына жоба жасақтау жоспарда бар. Құрылыс жұмыстары 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылдары қолға алынады.

Атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылай келе, ертеңіміздің бүгінгіден де жарқын болуы үшін бірлесе қызмет етуге шақырамын,-деп сөзін аяқтады қала басшысы тікелей эфир соңында.

Қала әкімінің есебінен кейін тұрғындар түрлі мәселелерге орай өз сауалдарын жолдады. Қадыржан Аманкелдіұлы олардың барлығына нақты жауабын берді.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT