Қала дамуының қарқынды қадамдары

Былтыр қаламызда санитарлық тазалау, көгалдандыру және абаттандыру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып, қала инфрақұрылымын дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Құлсары қаласының әкімі Адинов Қадыржан Аманкелдіұлы өз сұхбатында атап өтті.

 – Қадыржан Аманкелдіұлы, 2025 жылы қаламызда қандай бағыттар бойынша нақты шаралар жүзеге асырылды? Қала дамуы тұрғысынан басымдық қай салаларға берілді?

 – Өткен жылы қала дамуы нақты жоспарға сүйене отырып жүргізілді. Негізгі назар санитарлық тазалықты тұрақтандыруға, көгалдандыру жұмыстарын жүйелеуге және абаттандыру жұмыстарының сапасын арттыруға аударылды. Бұл бағыттар тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететіндіктен, жұмыстар кешенді түрде ұйымдастырылды.

– Қаланың санитарлық тазалығы бойынша жүргізілген жұмыстардың ауқымы қандай болды?

 – Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында “Жылыой Тазалық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қала аумағындағы 522 көшеде күнделікті тазалау жұмыстарын атқарды. Жыл бойы 50 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағытына да ерекше көңіл бөлінді. 820 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, оның 100 мың тоннаға жуығы сұрыптаудан өтті. Бұл қалдықтарды азайту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы нақты қадамдар деп айтуға болады.

– Қала келбетін қалыптастыруда көгалдандыру мен абаттандырудың маңызы ерекше. Осы екі бағыттағы іс-шараларды қалай бағалар едіңіз? 

– Дұрыс айтасыз, көгалдандыру мен абаттандыру бір-бірімен тығыз байланысты. Биыл бұл бағыттарда кешенді жұмыстар жүргізілді. Қала аумағын көгалдандыру жұмыстары жүйелі жоспарға негізделіп жүргізілуде. Атап айтқанда, 2023 жылы Құлсары қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу және жасыл желектерді түгендеу бойынша конкурс жарияланып, оның нәтижесінде “Jan Invest” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз ретінде анықталды. Жоба аясында қала аумағындағы жасыл желектер толық есепке алынып, 36 239 ағаш пен бұта, 979,1 шаршы метр гүлзар және 619,6 шаршы метр көгал тіркелді. Бұл жұмыстар көгалдандыруды жүйелі жүргізуге және жасыл желектерді тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Көгалдандыру жұмыстары облыстық деңгейде қабылданған шешімдермен де үйлестіріліп келеді. 2021 жылы Атырау облысының сол кездегі әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен “Теңізшевройл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы бас директоры Кевин Лайон арасында өңірді көгалдандыру жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Аталған меморандумға сәйкес Құлсары қаласында 50 гектар аумаққа көшет отырғызу жоспарланды. Осы жоспар аясында 2022 жылы 15 гектар аумаққа 9 000 көшет, 2023 жылы 1 гектар аумаққа 700 көшет, 2024 жылы 4,6 гектар аумаққа 2 800 көшет отырғызылды. Отырғызылған көшеттерге 3 жыл бойы күтім жасау қарастырылған. 2025 жылы “Теңізшевройл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көгалдандыру мақсатында 29,3934 гектар жер учаскесі бөлінді. Сонымен қатар “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында мамыр айында демеушілік негізде 750 көшет отырғызылды. Күзгі кезеңде де көгалдандыру жұмыстары жалғасын тапты. 2025 жылдың қазан айында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өткізіліп, нәтижесінде 1000 ясень ағашы отырғызылды. Аталған жұмыстарды “KHAIYR мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды. Қазан және қараша айларында “ЖылыойМұнайГаз” мекемесі тарапынан 3 гектар жер учаскесіне 2 270 көшет отырғызылды, ал қараша айында демеушілік негізде 250 қарағай көшеті егілді. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан 4000 жас көшет жеткізіліп, оның 2300-і білім беру мекемелеріне таратылды, ал қалған бөлігі қала округтері мен тұрғындарға үлестірілді. Бұл шаралар қала тұрғындарының көгалдандыру жұмыстарына тікелей қатысуына мүмкіндік беріп, ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталды. 

– Абаттандыру бағытында биыл тұрғындар нақты қандай өзгерістерді байқай алады? 

– Абаттандыру саласында көзге көрінетін нәтижелер бар. Қала аумағында 11 әмбебап балалар ойын алаңының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар бірнеше шағын аудандарда аулалардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жобалар аясында ойын алаңдарын салу, тротуар төсеу, жарықтандыру және аулаларды асфальттау қарастырылған. Негізгі жұмыстар биыл орындалып, толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған және Ө.Алдахов көшесінде аллея салу, Махамбет даңғылындағы “Арбат” пен Қ.Сыдықов көшесіндегі аллея құрылыстары бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы “Нұрсая” және “Достық” парктерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал “Барлау-Бұрғылау” паркі, Орталық алаң, “Бабалар тағзымы” алаңы және “Жастар” саябақтары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаражат бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. 

– Құлсары қаласында көше жарығын жүргізу және қайта жаңғырту бағытында қандай жоспарлар бар? 

– “Құлсары қаласында көше жарығын жүргізу және қайта жаңғырту” үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы “Гранд-Мастер” ЖШС-і жеңімпаз атанды. Жобаға сәйкес 280-ге жуық көше жарықтандырылады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталатын болады.

 – Қалаішілік автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша басталған 4-кезеңнің қазіргі барысы туралы атап өтсеңіз?

 – Былтыр “Құлсары қаласының қалаішілік автомобиль жолдарын реконструкциялау жобасының 4-кезеңі” бастау алды. Қазіргі уақытта 76 шақырым жолға ірі түйірлі асфальт жабындысы төселуде. Құрылыс жұмыстары толыққанды 2026 жылы аяқталады. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер – “Казкомсервис” ЖШС.

– Жаяу жүргіншілер мен велосипед қозғалысына арналған инфрақұрылымды дамыту қалай жүзеге асуда?

 – Қаланың көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 101,6 шақырым тротуар мен веложол салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды.

– Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылды? 

– Қала тұрғындарының қоғамдық көлікті пайдалану жағдайын жақсарту мақсатында 80 жаңа автобус аялдамасы және 5 жылы аялдама орнатылды. Жылы аялдамаларды электр желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қосымша 30 автобус аялдамасын орнатуға арналған мердігер анықталды. 

– 2025 жылы атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылай келе, қала маңыздылығы үшін ең негізгі нәтиже қандай деп ойлайсыз? 

– 2025 жыл Құлсары қаласы үшін нақты нәтижелерге негізделген, жүйелі даму кезеңі болды деп айтуға болады. Қала аумағында санитарлық тазалау, көгалдандыру және абаттандыру бағыттарында атқарылған жұмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелерді қамтыды. Бұл тек жекелеген жобалар емес, қаланың жалпы келбетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Санитарлық тазалықты тұрақты жолға қою, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, жасыл желектерді көбейту, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту барлығы бір мақсатқа, яғни Құлсары қаласын өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі тартымды қалаға айналдыруға бағытталды. 2025 жылы жүргізілген жұмыстар қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да негіз қалады. Сонымен қатар былтыр басталған жобалардың басым бөлігі алдағы кезеңде жалғасын табады. Тротуарлар мен веложолдардың құрылысы, аулаларды абаттандыру, саябақтар мен аллеяларды дамыту секілді жұмыстар кезең-кезеңімен толық аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. Бұл ретте әрбір жоба тек бүгінгі қажеттілікті емес, қаланың болашақ дамуын да ескере отырып жоспарланды. Жалпы алғанда, 2025 жылы атқарылған жұмыстар – қаланың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты қадамдар. Алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қаланы дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT