Қайтсек масылдықты жеңеміз?

Қазақстанда оқимын, дамимын, жұмыс істеймін деген азаматтарға мүмкіндік мол. Қаражатын көбейтіп, табысын арттырамын дегендерге қолдау да табылады. Бірақ, соған қарамастан әл-ауқатының жақсы болуына деген бар үмітті мемлекеттің мойнына артып қоятындар аз емес. Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында негізгі басымдықты әлеуметтік саясатқа, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды тапсырды. Жалпы, мемлекеттен берілетін азын-аулақ көмек пен жәрдемақыға қарап отырмай, еңбек етудің артықшылығы өте көп. Соған қарап, Қазақстан халқына ортақ, маңызды міндеттердің бірі масылдыққа салынбай еңбек ету, экономиканы көтеру, адал жұмыс істеу арқылы қарқынды даму деп нақты айта аламыз.

Елімізде еңбек етуге тек он екі мүшесі сау адамдар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жан дар да құқылы. Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жайлы жағдайлар жасалып жатыр. Солардың бірі – ерекше жандарды жұмыспен қамту. Әрине, олардың да арасында еңбекке қабілеттісі және қабілетсізі бар. Бір байқайтынымыз, көптеген ерекше тұрғындар масылдыққа салынбай, өздерін қоғамның өзге мүшелерімен теңдей ұстап, жұмыс істеуді, ортамен араласуды қалайды. Әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен қорларға мүше болып, күнделікті өмірде белсенділік танытады. Тіпті тың жобаларға қатысып, өздерінің шектеулі мүмкіндігіне қарамастан ой-қиялын шектемей, соның арқасында жеңісті жетістікке жетіп, көпке үлгі болып келеді. Мұның бәрі халықты масылдықтан арылтуға, елдегі патерналистік көңіл-күйді жоюға айтарлықтай әсер етеді.

Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Айталық, былтырғы жылы аудандық «Мансап» орталығына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша 169 мүмкіндігі шектеулі жан тіркеліп, оның 110-ы аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған. «Еңбек» бағдарламасы арқылы қоғамдық жұмысқа шабарман болып былтыр 29, әлеуметтік жұмыс орнына 6, тұрақты жұмысқа 33, Жастар тәжірибесімен тағылымдамадан өтуге 4 және өз кәсібін ашу мақсатында «Бастау-бизнес» жобасына оқуға 35 мүмкіндігі шектеулі жан жолданды. Ал 1-еуі «Арнайы жұмыс орындар» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлік нысанға, 1-еуі тігіншілік мамандығы бойынша жұмыс істеуге жолданды.

Үстіміздегі жылы да жылыойлық мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етіп, екі қолға бір кәсіп көзін табуы үшін жоғарыда аталған жобалар мен бағдарламалар төңірегінде де қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл аудандық «Мансап» орталығына 107 мүгедектігі бар жан тіркелген. Оның 48-і «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып үлгерген. Орталыққа арнайы барып тіркелмесе де өз бетімен кәсіп бастап, адал нанын тауып жүрген ерекше жандар ауданда жетерлік. Ал қоғамның осы санатты өкілдерінің еңбекке деген белсенділігі мен өмір сүруге деген құлшынысы он екі мүшесі сау кей масыл азаматтан артық екенін жасырмай айтып өтуге болады.

Қазақ танымындағы масылдықтың түп атасы – жалқаулық. Ол – кешегі келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінен жұққан кесел. Сол дерттен халқымыз әлі арыла алмай келеді. Керісінше, өз қолынан келер істен қашып, жалқаулыққа жол беріп, жауапкершіліктен қашатын азаматтардың қоғам үшін қауіпті екені белгілі. Бұл ел дамуына айтарлықтай кері әсер етеді. Сондықтан денсаулық жағдайы мен бойындағы ерекшелікке қарамастан еңбекке ұмтылу қоғамның басты міндеті екенін тағы да еске салғымыз келеді.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT