Өткен аптаның жұма күні Жылой журналистикасы үшін жағымды жаңалықпен есте қалды. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Ерлік еңбегі үшін» медалінің иегері, екі дүркін аудандық мәслихаттың депутаты, алғашқы болып ауданның Құрметті азаматы атағын алған, «Теңіз қалай түледі?», «Теңіз және экология», «Қара Арна: кеше және бүгін», «Біздің заманымыздың бір әулеттегі кейіпкерлері», басқа да кітаптардың авторы, жарты ғасырлық ғибратты ғұмырын өңір журналистикасына сарп еткен Бақытжан Бозданұлының атына Құлсары қаласының көрнекті жерінен көше атағы беріліп, өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Бір жақсысы – салтанатты сәт қаламгердің туғанына 85 жыл толған мерейлі жасымен тұспа-тұс келді.
Иә, Бәкеңнің есімін ауызға алғанда көбіне көп оның ұзақ жылдар облыстық «Атырау» газетінің Жылой мен Мақат аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарғаны сөз болып жататыны рас. Бірақ тілшілік тіршіліктің алғашқы баспалдағын аудан айнасы – «Кең Жылой» газетінен бастап, тырнақалды туындыларын сол кездегі «Ембі» деген атпен жарық көрген байырғы басылымға беріп, өңір баспасөзі арқылы аймаққа танылғаны айтыла бермейді. 1973 жылы облыстық «Коммунистік еңбекке» («Атырау») меншікті тілші болар қарсаңда Бақытжан Бозданұлының аудандық газет бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүргені көп нәрсені айғақтаса керек. Демек, аудан айнасы - нағыз мықтыларды тәрбиелеп шығарған журналистиканың қара шаңырағы.
«Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар» деп Қадыр ақын жырлағандай, сондай мықтылар қатарынан көрінген Бәкеңнің тұлғасы сол күні баршамызға қайта тіріліп келгендей әсер қалдырды. Бұл сезімді қуанышты сәтте сөз алған аудан ақсақалдары Меңке Бердіғалиев, Рашид Әділов, ардагер журналистер Қаржаубай Сұлтанғалиев, Төлеген Берішбай, Қонаш Қалдыоразұлы, Нұрлан Қабылов, Нұрдәулет Ақназаров, Меңдібай Сүмесінов, Бүркіт Базарбаев сынды Бақытжан Бозданұлымен үзеңгі қағыстырып бірге жүрген замандас-жолдастары мен қаламдас әріптес-інілері де бастан кешірді.
Көше мен ескерткіш-тақтаның ашылу рәсіміне облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, мерейгер иесінің тума-туысқандары, барша ауылдастары қатысты.
Бақытжан Бозданұлына көше атауы қаланың «СМП-224» ықшамауданының көрнекті жерінен берілді. Көшенің алқызыл лентасын ардагер журналист Төлеген Берішбай мен замандасы Рашид Әділов қиып, ескерткіш тақтаның ақ пердесін ашу бақыты облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұрлан Қабылов пен ақын Бүркіт Базарбаевқа бұйырды.
- Мұның барлығы – облыстық «Атырау» газетінің 100 жылдығы аясында өтіп жатқан шаралар. Ғасырлық мерейтой қарсаңында облыстық басылымда еңбек еткен, бірақ қазір арамызда жоқ әріптес-ағаларымыздың атына Атырау қаласы мен оның аудан орталықтарынан көше атауы беріліп, көзі тірісінде тұрып кеткен үйлеріне ескерткіш-тақта орнатылды. Журналист Бақытжан Бозданұлының рухына жасалатын құрмет өткен жылы жүзеге асуы тиіс еді. Бірақ белгілі себептерге байланысты кейінге қалдырылып келді. Бүгін, міне, сол айтулы күннің сәті түсіп отыр. Бәкеңнің жан жары Баян апамызды, барша туыстары мен жылойлықтарды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев.
Айтулы шара қаламгер ұрпақтары дайындаған Бақытжан Бозданұлының туғанына 85 жыл толуына арналған еске алу дастарханына ұласты. Журналист ағаның рухына Құран бағышталып, атына жүрекжарды жылы лебіздер айтылып жатты.
Е.ҚОШАҚАНОВ