Қайсар рухты Құрманғали

Бұл деректі әңгімені анасыз балаларды мәпелеп өсіріп отырған рухтары биік келіндерім Балкенже мен Ажарға арнадым.

«Ақындар ауылы» атанған Ақкиізтоғай - менің кіндік қаным тамған қасиетті топырақ. Кәрі тарих қойнауына көз жүгіртсек, бұл жер әрісі Аралтөбеден табылған «Алтын адамның», берісі аруақты Пір Бекет атамыздың туып-өскен жері. Сондықтан киелі мекеннен өткен ғасырдың өзінде Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды біртуар ғұлама ғалым, ақиық ақындардың шығуы да заңдылық. Атақ-абыройы асқақтаған ауылда тек қаламгерлер ғана емес, батыр бабамыздың ерлік дәстүрін жалғаған ержүрек ерлер де дүниеге келді.

Патриот перзент

 Иә, жырақта жүргесін туған жерін, ауылын сағынбайтын адам жоқ. Мен Ақкиізтоғайдан 255 шақырым жердегі Атырау қаласында тұрсам да кейде көкіректі сағыныш сазы кернейді. Сондай сәттердің бірінде ертемен серуендеп, өз үйімнің іргесіндегі «Жеңіс» саябағына барамын. Мәңгілік алау жанындағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арнап орнатылған мемориалдық тақтаға келіп тағзым етемін. Ондағы мәрмәр тастың бетінде Ақкиізтоғай ауылынан қан майданға аттанып, жат жердің топырағын жамылып, Отан үшін опат болған бірнеше арысымыздың аты-жөні жазылған. Соның ішінде жерлесім, қарапайым ғана ауыл шаруасы Құрманғали Ершуовтің есімін ерекше қастерлеймін. Ол мен үшін ерен тұлға, зор құрметке лайықты азамат. Өскелең ұрпаққа қазақ халқының асқақ та биік рухының қандай екенін, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсете білген туған жердің төл перзенті.

 Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы халықты қынадай қырған зұлмат заманда жасаған ерлікке пара-пар қайсарлығына, табандылығына қарап, елге, жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезімінің қандай болуы керектігін ұғындым. Ондай құдіретті күш тек қана туған топырақты, ауылыңды аңсаумен шектелмейтініне көз жеткіздім. Ол кіші Отаныңа деген махаббат – туған өлкеңнің өзің секілді төл перзенттерін сүюден, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуден, әлсізді қамқорлап, қолдаудан, қиындыққа тап болса көмектесуден, өмірден өткен жерлесіңнің аруағын қастерлеп, мұсылманша ақ жуып, арулап Жер-ана қойнына тапсыру секілді адамгершілік пен ізгілік амалдарынан тұратынын көрсетті.

Әрине, менің әңгімемді оқып отырған адам елін басқыншы жаудан қорғап, шейіт кеткен мыңдаған боздақтар ішінен жалғыз Құрманғали Ершуовтің есімін неге айрықша әспеттеп отыр деп ойлауы мүмкін. Ол қан майданда көзсіз ерлік жасап, жалғыз өзі жауды тойтарған жоқ, танк колоннасын талқандап немесе бір шайқаста бірнеше фашисті жайратып салған жоқ. Мүмкін, қарсы келген дұшпанының тұмсығын тасқа тіреп, қандыкөйлек жолдастарымен бірге атойлап, соған пара-пар ерлік жасаған да шығар. Бірақ ол атақ-даңқ, орден-медаль үшін емес, артында қалған ағайынын, ұрпағын, ауылын, жұртын жаудан қорғаймын деп кеудесін оқ пен отқа төсеп, кескілескен шайқаста үнсіз мерт болды. Сондықтан да ержүрек ердің жауынгерлік жолы сан мыңдаған боздақтармен бірге белгісіз күйде тарих қойнауына сүңгіп кетті. Бірақ оның сонау 30-жылдардың ашаршылық нәубеті кезінде жасаған ерге тән ерлік ісін айтпасқа да, жазбасқа да болмайды. Өйткені қайсар рухты Құрманғалидың өз ауылдастарына деген адалдығын, аруақ алдындағы кіршіксіз таза ар-иманын өскелең ұрпақ жадында жаттап өсіп, есте сақтауы тиіс.

 Сол бір зұлматты заманның арқаға аяздай батқан ауыртпалығын арқалаған ақкиізтоғайлық Құрманғали Ершуовтің өмірінің қайғы-қасіретке толы жылдарын мен көзі тірісінде шоқпартоғайлық Тұяқбай Айтжанов деген ардагерден естігенмін. Ол - 1919 жылы туып, жүз жасаған абыз-ақсақал, қарт майдангер. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Қ.Ершуовпен әскерде бірге болып, бір окопта жатқан. Өмір мен өлім арпалысқан қанды қасапта ажалмен арыстандай алысқан арыстай азаматпен соңғы рет тілдесіп қалған да осы Тұяқбай әкеміз болды. Сонда қайсар жүректі қырдың азаматы ашаршылық кезінде басынан кешкен мына бір оқиғаны баяндап беріпті:

- Бұрын ештеңеден тайсалмаған жүрегім бүгін қатты қобалжып тұр. Шамасы маған да ажал сағатының таянып келіп қалғанын сезініп тұрмын. Артымда қалған елімді, жерімді, ағайынды, ұрпағымды ойлап, қатты қам жеп отырмын, мынау алмағайып заманда болашақ тағдырлары не болар екен? Егер аман-сау елге жетіп жатсаң, менен дұғай-дұғай сәлем де. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Бұл ауыр сынақтан да өтерміз, еліміз бейбіт дәуірге қол жеткізер. Бірақ өткен нәубет жылдардағы зұлмат заманның зар-мұңы құлағымнан кетер емес. Жарасы оңайлықпен жазылар ма?! Қаншама ағайын-бауыр бір үзім нанға зар болып, аш ішегі бұралып, сүйегі көмусіз айдалада қалды. Соның бәрін ойласам қабырғам қайысады. Қасқа қазақ не көрмеді?! Әсіресе кешегі елімізді Голощекин басқарған 30-жылдардағы ашаршылық ауыр тиді ғой. Ол аздай, енді, міне, соғыс. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен өткен коллективтендіру науқаны қолдағы барымызды сыпырып алды емес пе?! Төрт түлік малға қараған бұқара жұрт жоқшылықтың қамытын кигеннен кейін арғы жағынан аузын арандай ашқан ашаршылық та ауылымызға ажал болып төне бастады. Амалымыз таусылған біз ағайын-тумамен келісіп, туған жерімізден безіп, Бесқалаға қарай астық, көршілес Қарақалпақстан, Өзбекстан еліне босып кеттік қой,-деп бастаған екен әңгімесін қандыкөйлек жолдасы Құрманғали.

Туған жердің топырағын бұйыртты 

Жылойдан барған жұрт Бесқала жерін паналап барып тұрақтайды. Сол жерден жан бағып, өз-өзіне келген жылойлықтардың жат жерде де жағдайы келіспесе керек. Атамекеннен ауған адамның халі қайдан жақсы болсын?! Туған жерін аңсаған ағайын ауық-ауық ел жаққа елеңдеп, сағынышқа толы күндерін бастан кешіреді. Ақыры арада біраз жыл өтіп, өз өлкесіндегі өмір қалыпқа келді-ау дегенде қазақтар көштің басын ауылға қарай бұруға бел буады. Сөйтіп Бесқаладан жаяу-жалпылап шыққан ағайын айлап, апталап жүріп, Жылойға бет түзейді. Басы туған жердің топырағына табаны тиіп, ашқұрсақ, шаршап-шалдығып жетсе де, туысымен қауышып, елге аман келгеніне шүкіршілік етіп, шексіз қуанышқа кенеліп жатты. Сондай шағын көштің бірін біздің басты кейіпкеріміз Құрманғали Ершуов та бастап шыққан-ды.

«Көш» деп ауыз толтырып айтып тұрғанымыз: бірлі-жарым есекке мінгескен жаяу-жалпы жүдеп-жадап, шаршап-шалдығып босып келе жатқан жұпыны жұрттың бірінің артынан бірі тізбектеле әрең ілескен легі ғана. Өзінің ағайыны, басқа жерлестері бар, ауылға бағыт алған Құрманғалидың соңынан да сондай біраз адам еріп келеді. Солардың ішінде есек жетектеген бір үлкен қарт та бар. Ол Кеңес деген ауыл ақсақалы еді. Төрт аяқты көлігіне ағайынды екі бүлдіршін ұл мен қызды отырғызып алған. Қос бала Сүйінғараның немересі Нұрғазы деген азаматтың перзенттері. Баланың бірі – Дүйсен, сол кезде 4-5 жасар бала болса, екіншісі апасы Қуаныш, 10 жастағы қыз екен.

Хош, сонымен, елге аңсары ауған жылойлықтардың сапары әп дегеннен сәтті бола қоймады. Жолшыбай шөл де қысады, аштық та қинайды. «Жол азабын жүрген білер» дегендей, бәрінен де бұрын Кеңес ақсақалға ауыр тиеді.

- Орта жолға келгенде қария қатты шаршады білем, әлде шөл қысып су іздеді ме, қайдам, бір тоғайлы жерге келгенде бұталардың түбіне қарай бой тасалап, бұрылып кетті. Кері келіп, қатарға қосылар деген оймен біз сапарымызды тоқтатпай, алға қарай жаймен жылжи бердік. Біраз жер жүргесін артыма бұрылып қарасам, соңымыздан еріп келе жатқан шалды көре алмадым. Амал жоқ, көшті тоқтатып, соңынан іздеуге шықтым. Бір талдың түбіне келгенде жерде сұлық жатқанын көріп, қасына жетіп бардым. Қарасам қариямыз жан тапсырыпты. Шамасы, аштық пен шөлге ағзасы шыдас бермеді ме, әйтеуір, үлкен кісі көз алдымда бақилыққа аттанды. Кенеттен келген қаза күйзелтсе де, сабыр сақтап шыдап, денесін көштің басына алып келдім. Әрине, өзіміз ұзақ жолдан діңкелеп келе жатқанда бір төмпешіктің басына жерлеп кетсем де болатын-ды. Сол үшін мені ешкім сөкпес те еді. Бірақ оған дәтім бармады. Осыншама жасқа келіп, туған топырағына жете алмай орта жолда арманда кеткен ауыл ақсақалын жат жерге қимадым. Қалайда елге жеткізуге бел байладым. Сөйтіп денесін бұзылмайтындай етіп жақсылап орап, арқама арттым да, мыңдаған шықырымды артқа тастап, ауылға қарай жол тарттым. Көлігім есек болды. Жетім қалған қос бүлдіршінді де жетектеп, далаға тастамай тума-туыстарына жеткізгенше асықтым. Ақыры талай азапты күндерді бастан өткеріп, өлдім-талдым дегенде туған жеріміздің топырағына да табанымыз тиді-ау.Кеңес ақсақалдың сүйегін аяғым жеткен Қарашүңгілдегі қорымға жерлеп, туған жердің қойынына табыстадым. Қос бүлдіршінді бағып-қағып, ауылға аман-сау алып барып, ағайын-тумасына тапсырдым,-деп әңгімесін аяқтайды Құрманғали Ершуов.

Бұл шамамен 1936-1937 жылдардың о жақ, бұ жағында болған оқиға. Құрманғалидың елге аман жеткізген бала Дүйсені 1932 жылы туған ұл еді, 2002 жылы жетпістің жотасына жетіп, Майкөмген ауылында дүние салды. Ал 1926 жылы өмірге келген апасы Қуаныш 90 жасап, 2016 жылы қайтыс болды. Осылайша қайсар жүректі Құрманғалидың арқасында ауыл ақсақалына туған жерінің топырағы бұйырса, ит-құсқа жем қылмай жеткізген қос жетім жетіліп, жапырағы жайылып, ұрпақ өрбітіп, қарттық дәуреннің дәмін татып барып, өз атамекенінде өмірден өтті.

Асқақ рухтың символы

1900 жылы туған Құрманғали болса, сол кезде небары 37 жастағы жігіт еді. Қарияның сүйегін жат жерге тастамай, елге жеткізген Құрманғалидың табандылығы мен қайсарлығына, әрине, ауылдастары тәнті болды. Әсіресе, Кеңес ақсақалдың ағайындары разы болып, кейін алғысын жаудырған да шығар.

Бірақ біздің айтпағымыз басқа нәрсе: марқұмның сүйегі түгілі тірі адамның өзі денесін сүйретіп әрең алып келе жатқанда нар тәуекелге қалай барды? Мыңдаған шақырымға созылған алыс сапарда қаншама қиындық көріп, ауыртпалық арқасына аяздай батса да, өр рухты азамат жігіттің ақсақалдың мүрдесін қайткенде де атамекеніне жеткізуіне не себеп болды? Бұл көзсіз ерлікпен пара-пар емес пе?! Неткен төзімділік, неткен табандылық!

Сол Құрманғалидың орнына бүгінгі үшінші мыңжылдықтың 26-ыншы жылында өмір сүріп жатқан жас жігіттерді қойып қараңыз, осы ерлікті қайталар ма екен?! Күмәнім бар.

Өзге жердегі Бесқала аумағынан Жылой өңірінің Майкөмген ауылы аумағындағы Қарашүңгіл қауымына дейінгі мыңдаған шақырымдарды артқа тастап, арқасына мүрде артып, жетегіне кішкентай балаларды ертіп, қабырғасы қайыспай жүріп өтуге рухы жетер ме?! Үлкен кісінің сүйегін әкелмек түгілі, туған әке-шешесін қарттар үйіне тастап кетіп жатқан жоқ па?! Қос бүлдіршінді жетектеп жат жерден елге жеткізбек түгілі, іштен шыққан өз перзентін тірілей жетім атандырып, балалар үйіне қалдырып кеткен жастар қаншама?!

Осы оқиға көрсеткендей, адамның рухы мен адами қасиеті бәрінен жоғары тұруы керек екен. Ғылымда «Рух - сана, психикалық іс-әрекеттің ең жоғарғы формасы» деп анықтама береді. Бұл ретте рух пен адами қасиеттен жұрдай батыстың «мәдениетіне» еліктейтін қазіргі заманның мәңгүрттеріне не айтасыз?! Материалдық байлықтан басқа білетіні жоқ, санасыз, психикалық іс-әрекеттері ең төменгі формадағы жетесіздер жетіп жатқан жоқ па?!

Иә, қазақ – аруақты қастерлеген халық! Діні мен дәстүріне берік Жылой жұртының қайсар жүректі Құрманғалиының бұл әрекеті, сөз жоқ, бүгінгі заманның жастарына үлгі-өнеге боларлық ізгі іс, көзсіз батырлық! Құрманғали сынды атпал арыстарымыздың батылдығын, қайтпас қайсарлығын көбірек айтып, насихаттауымыз қажет.

Ол туған жерінің топырағы өзіне қандай ыстық болса, жат жерде көз жұмған қария үшін де сондай қастерлі екенін жан-жүрегімен ұғына білді. Сондықтан да Ақкиізінің ақшағылын, Қарақұмның қоңыр бұйра құмдарын аңсаған ақсақалдың арманын орындау үшін өлі денесін арқасына артып, мыңдаған шақырым шаршап-шалдықса да елге жеткізгенше асықты. Қарияның кәрі сүйегімен бірге туған жер төсіне оның рухы да қалықтап ұшып келгеніне сенді. Сондықтан да қолынан келгенінше арулап жерлеп, дұғасын бағыштап, Жер-ананың қойынына берді. Артында қалған ұрпағына жерленген жерін көрсетіп, басын қарайтуға себепші болды. Бұдан асқан аруаққа деген құрмет, имандылық, адамдарға деген сүйіспеншілік сезім бар ма?! Қарапайым ауыл азаматын мұндай көзсіз ерлікке итермелеген, әрине, жоғарыда айтқандай - қайсар рухы мен адами қасиеті.

 Биік рух пен адами қасиеттің үлгісін көрсеткен Құрманғали Ершуов атамекеніне аман-есен жеткесін өзге ауылдастары секілді соғысқа дейін халық шаруашылығы саласында түрлі қызметтер атқарды. Ел басына күн туған сын сағаттарда қолына қару алып, қан майданға аттанды. Қолдағы бар деректерге қарағанда, Құрманғали әкеміз 1942 жылдың наурыз айының 3-і күні әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың 22 ақпанында кезекті кескілескен ауыр шайқастардың бірінде қаза табады. Сүйегі Ресейдің Смоленск облысы, Сжатский ауданы, Медведка деревнясының түбіндегі бауырластар зиратына жерленген. Өкініштісі сол, өз ауылдастарын жат жерге қалдырмай, туған еліне арқалап жеткізген рухы биік адамның өзіне туған жерінің топырағы бұйырмады. Арманда кеткен арысым, есіл ерім-ай! Маңдайына жазылған тағдыры солай болды.

Кенжеғали Ермеков,

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT