.
Жуырда ауданымызда жантүршігерлік қайғылы жағдай орын алғаны аян. Жасөспірім қыздың тағдырына балта шапқан бұл оқиға елдің еңсесін езіп, жұртшылықтың ашуын туғызды. Құқық қорғау органдары бұл биыл тіркелген алғашқы дерек екенін айтқанымен, артынша Құлсары қаласының 5-учаскесінде осыған ұқсас тағы бір оқиға орын ала жаздағаны туралы ақпарат тарады. Осыған орай ашуға булыққан тұрғындар сейсенбі күні кешкілік №7 орта мектеп алдындағы алаңға аудан әкімі мен жергілікті полиция бөлімшесінің басшысын бетпе-бет кездесуге шақырды.
Жұртшылықтың жанайқайын жеткізген олар атқарушы органдардың әрекетсіздігі мен полицейлердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова келді. Оның сөзінше, 5-учаскеде орын алған оқиға кезінде күдіктінің спирттік ішімдік ішкені анықталған. Және бұл мәселе төңірегінде атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарымен бірге өз ойын да білдірді:
-Аудан бойынша қоғамға қауіп төндіреді деген азаматтардың жиналатын орындары белгілі болды. Сол аумақтарды полициямен бірлесіп бақылауға алып, рейдтік шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай-ақ Құрсай өзегіне қатысты қауіптің алдын алу мақсатында он күннен кейін арнасын тереңдету жұмыстары басталып, айналасын бекіту, төсеніш төсеу жүргізіледі. Одан бөлек көше шамдарын жаңарту бойынша да мемлекеттік портал арқылы мердігер мекеме анықталады. Ол да жуық арада жүзеге асады деп жоспарлануда,-деді ол.
Иә, халықтың көңілінде күдік көп. Олар арты оқушы өлімімен аяқталып, қылмыс болған күні кезекшілікте болған учаскелік полицейдің әрекетсіздігіне ашулы. Кешегі жиында оның жүзін бірінші рет көріп тұрған тұрғындар да аз болмады. Оны марқұм қыздың анасы да растап, бұған дейін бірде-бір рет көрмеген полицейдің сұрақтарға жауап бере алмай мүдіріп тұрғанына қынжылып, жылап жіберді. Және жұмысына көңілінің толмайтынын жеткізіп, оқиға орын алған күннен бері жасөспірім жанұясының жағдайын бір қызметкердің де сұрап келмегенін ашына айтты. Бұл жөнінде жергілікті тұрғынның атынан сөйлеп, халықтың нақты талабын жеткізген Рашид Байгуршимов:
-Ашығын айту керек, 8 жастағы кішкентай бүлдіршін оқиғасында жұмыс жасалған жоқ. Жұдырықтай жұмыла жиналған тұрғындар қызды өздері іздеді, бейнебақылау камераларын қарады, ақыры өздері тапты. Неге мұның барлығын қарапайым халық жасау керек? Сонда полиция қызметкерлері не істейді? Сол күні учаскелік полиция қызметкерінің еңбек демалысында болғандығы, орнына басқа қызметкер келгендігі, кадр тапшылығы көңілге кірбің ұялатады. Одан бөлек сол күні қызды іздегендеріңізді дәлелдеп, видеофиксация арқылы көрсетіңіздер десек, оған да жауап бермейді.
Иә, ауданымызда халық игілігі үшін көп жерде футбол мен ойын алаңдары салынды. Бірақ олардың қауіпсіздігі қаралмаған. Енді осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл жерлерге жарық орнатып, бейнекамералар қондырылғанын қалаймыз. Және жедел түрде. Орталық базар маңына да жалдамалы жұмысшылар келеді.
Иә, түсінеміз, жұмыстың болмауынан бұл жерге жиналатын болар. Бірақ олар жай ғана бас қосып қоймай, ішеді, төбелеседі, жатады, ұйықтайды, ойларына келгенін жасайды. Міне, осының нүктесін қою қажет. Біздің ауданда қанша дүкен бар. Әлі де ішкілікке салынып, түнімен алкогольді сусындар сататын сауда орны көп. Осыны да қолға алып, барлық дүкеннің 23:00-ден кейін ішімдік сатпауын қадағалау керек,-деді өз сөзінде.
Ал облыстық полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Мейірім Ердәулеттің сөзінше, ауданда қылмыс қаупі жоғары 70 нүкте анықталып, сол жерлерге бейнекамера орнату ұсынысы жасалған. Алайда қазіргі таңда тек 10 нүктеге ғана бейнебақылау қойылған екен. Сондай-ақ ол:
- Жылыой ауданында жыл басынан бері тіркелген зорлық дерегі біреу. Өкінішке қарай, жасөспірімнің қазасы бар. Бұл қылмысқа қатысты тергеу амалдары қазіргі таңда департамент бастығының тікелей бақылауына алынған. Күдікті қамалып, уақытша ұстау изоляторында. Одан бөлек, аудандағы полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі мен кадр тапшылығы мәселесі бұқараға жариялануға жатпайды,-деді пікір білдіріп.
Иә, халықтың жанайқайы мен ашынған үні билікке де, құқық қорғау органдарына да естілер шақ келді. Жас өмірдің қиылуы тек бір отбасының ғана емес, бүтін бір ауданның қасіреті. Бейкүнә баланың тағдырына селқос қарау болашаққа жасалған қиянатпен тең. Сондықтан да тұрғындар енді уәде мен құрғақ баяндама емес, нақты іс пен әділдікті күтеді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ