Таяуда аудандық Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиын барысында аудан аумағында қаңғыбас иттердің бақылаусыз көбеюіне байланысты қалыптасқан жағдай кеңінен қаралды. Бұл мәселе тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті әлеуметтік түйткіл ретінде күн тәртібіне шығарылды. Отырыстың жұмысына қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ ветеринария саласына жауапты уәкілетті мемлекеттік органның басшысы қатысты. Қоғамдық кеңес мүшелері қаңғыбас иттердің көбею себептерін, оның салдарын, тұрғындарға төнетін қауіп-қатерлерді және атқарылып жатқан әрі алдағы уақытта жүзеге асырылатын шараларды жан-жақты талқылады.
Жиында сөз сөйлеген Қоғамдық кеңес төрағасы Бекет Құлбаев соңғы жылдары ауданда қараусыз жүрген иттердің саны айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай әсіресе мектеп оқушылары мен кешкі уақытта жұмысынан қайтатын тұрғындар үшін күнделікті қауіп көзіне айналып отыр. Күннің қысқарып, түннің ұзара түсуімен бірге иттердің топтасып жүру фактілері жиілеген. Әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан алаңдаушылық білдірген бейнежазбалар мен үндеулер көбейіп, тиісті органдардан нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдауды талап ететін пікірлер жиі жариялануда. Аталған мәселенің бір ғана құрылымның күшімен шешілуі мүмкін еместігін атап өткен кеңес төрағасы бұл бағытта әкімшілік органдар мен жауапты мекемелердің бірлескен, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық ветеринария станциясының КМК басшысы Нұрболат Өрбісінов аудан көлеміндегі ахуалға нақты деректер арқылы тоқталды. Оның мәліметінше, 2025 жылдың өзінде 68 ит қабу дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш қаңғыбас жануарлар мәселесінің тұрғындар қауіпсіздігі үшін қаншалықты өзекті екенін айғақтайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бұралқы иттерді жоюға, яғни атуға қатаң тыйым салынғанын атап өтті. Осыған байланысты мәселені заң аясындағы әдістермен шешу қажеттігіне баса назар аударылды.
Уақытша паналау орындарына қатысты да бірқатар мәселелер көтерілді. Қазіргі таңда ауданда қаңғыбас иттерді толық қамтитындай паналау орындарының жеткіліксіздігі байқалады, ал кейбір елді мекендерде мұндай инфрақұрылым мүлде жоқ. Бұл иттерді уақытша ұстау, емдеу, стерилизациялау және бақылауға алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Құлсары қаласының өзінде 300-ден астам ит ресми түрде тіркеуден өткен, яғни олардың құжаттары бар. Дегенмен тіркеусіз, қараусыз қалған иттердің саны әлі де азаймай отыр. Аталған мәселені шешу бағытында нақты жұмыстар да қолға алынуда. Алғашқылардың бірі болып Жем ауылдық округінде учаскелік полиция қызметкерлері, әкімдік мамандары және жергілікті ветеринариялық қызмет өкілдерінің қатысуымен рейдтік шара ұйымдастырылды. Рейд барысында тұрғындарға үй жануарларын тіркеу, құжаттандыру және оларды ұстау қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қағидаларды бұзу деректері бойынша ескертулер беріліп, алдын алу сипатындағы әңгімелер өткізілді. Бұл өз кезегінде округтер деңгейінде жүйелі жұмыстардың басталғанын көрсетеді. Сонымен қатар жиында жеке кәсіпкер Арман Сатқынов иттерді құжаттандыру, чип салу және асырауға алынған жануарларды ресми тіркеуден өткізу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді. Бұл шаралар жануарларды бақылауға алып, жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам екені айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері қаңғыбас иттер мәселесінің бір жылда немесе қысқа мерзімде толық шешіле қоймайтынын атап өтті. Бұл – жылдар бойы жинақталған күрделі мәселе. Алайда жүйелі жоспар құрып, тұрақты әрі кезең-кезеңімен жұмыс жүргізілген жағдайда алдағы бірнеше жыл ішінде нақты әрі оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта уақытша паналау орындарының санын арттыру, стерилизациялау көлемін ұлғайту, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық әлеуетін күшейту және қаржыландыруды көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұрғындардың жануар ұстау мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілігін арттыру бағытындағы түсіндіру және ақпараттық жұмыстар да күшейтілмек.
Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүзеге асырылса, қаңғыбас иттерге қатысты ахуалды бақылауға алып, оны кезең-кезеңімен шешу мүмкіндігі арта түспек.
А.Ерденқызы




