Кафе-барлар, шайханаларға айыппұл салынуда

Әсіресе қала ішіндегі тойханалар мен мейрамханалардың жұмысы қатаң бақылауға алынды.

Мемлекет басшысы елімізге төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін аудан әкімінің басшылығымен аудан аумағында бірнеше мобильдік топ құрылғаны белгілі. Аталған топ мүшелері қала мен өзге де елді мекендерде арнайы тексеру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе қала ішіндегі тойханалар мен мейрамханалардың жұмысы қатаң бақылауға алынды. Өйткені төтенше жағдай кезінде көп адам жиналатын түрлі тойлар мен еске алу рәсімдерін өткізуге тыйым салынған болатын. Сонымен қатар кафелер мен барлардың бекітілген тиісті жұмыс жасау кестесі де қадағаланды. Нәтижесінде олардың қожайындары тарапынан төтенше жағдай режимін бұзған деректер анықталмаған.

Есесіне аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Мұрат Демегенов кейбір кафе-барлар мен шайханалардың төтенше жағдай кезінде санитарлық талап ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Дәлірек айтқанда, Құлсары қаласындағы екі кафе-бар қожайындарының үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Төтенше жағдай режимін бұзу» деп аталатын 476-баптың 6-тармағы бойынша хаттама толтырылған. Сот қаулысымен оларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар қала басындағы шайханалар да міндетті санитариялық-эпидемиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, қазіргі таңда аудандық сот қарауына жолданған.

М.Демегеновтың айтуынша, полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары өткен Наурыз мерекесіне орай бес күнге созылған, демалыс күндерінің бірінде қалада бір компьютерлік ойын клубының жұмыс жасап тұрғанын анықтады. Ал Мемлекет басшысының Жарлығына және соған сәйкес шыққан аудан әкімінің өкіміне сай төтенше жағдай режимінде мұндай объектілердің жабылуы міндеттелген еді. Бұл жерде клуб иесі заңды талапты өрескел бұзып, ойын бөлмесіне бірнеше балалардың кіріп, топтасып ойын ойнауына жол берген. Сондықтан аталған кәсіп иесінің үстінен де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабының «жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салу» деп аталатын 3-тармағы бойынша іс қозғалып, сот қарауына жолданды.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521