Қадыр сөздерінің құдіреті күллі қазаққа аян. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған дара ақынның туғанына биыл мерейлі 90 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Сөздің бәрі құдіретті» атты поэтикалық марафон өтті. Иә, қазақ поэзиясының патшасы, қарымды қаламымен алты алашқа аян қасиетті қара өлеңін қалдырған Қадыр Мырза-Әлі тек қана ақын емес, сонымен қатар жазушы, әрі Қазақстанның алғашқы Әнұраны авторларының бірі еді.
Аталған поэтикалық марафонға мектеп оқушылары мен ұстаздары, аудандық «Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері белсене қатысты. Алдымен, кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жұмырбаева ақын туралы тың мәліметтермен бөлісіп, деректі фильмді ұсынды. Поэтикалық марафон ретінде өткеннен кейін қатысушылар Қадыр Мырза-Әлінің бір өлеңін жатқа оқып, көкейге түрлі ой салды.
Бірінші болып ортаға шыққан Дүйсәлі Қалдыбай, Бақытгүл Биманова, Қайсар Серіктер көркем сөзді нақышына келтіре оқып берді. Одан кейінгі кезекті №1 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары алды. Ақерке Жексембаева ақын сөзіне жазылған «Асыл әжем» әнімен жүректің сырын шертсе, Ұлжан Есенбайқызы «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әнін домбырамен шырқап, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Ал, А.Жаңбырбаева «Қазақ поэзиясының пырағы» атты Қадыр Мырза-Әлі кітаптарынан құралған көрмеге шолу жасады.
Осы шара барысында ақынның біз білмейтін көп қырларын байқап, қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік қаламгерлердің бірі екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті. 50-ден астам жыр жинақ пен 200-ден аса әннің сөзін жазған Қадыр Мырза-Әлінің аты тарихта алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз. Шара соңында ақынның сөзіне жазылған жүрекке жылулық сыйлайтын «Атамекен» әнін барша көрермен қосыла шырқап, поэтикалық марафонды аяқтады.
Е.ҚАРАҒҰЛОВ