Қыстың қамын жазда ойлағандар жер қара, күн жылыда отын-суларын қамдап, от жағатын пешінің арналарын, мұржаларын тазалап, жылыту маусымына сақадай сай отырары анық. Бұл әсіресе жеке тұрғын үй секторларында тұратын тұрғындар үшін аса жауапты кезең.
Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келіп қалады. Қоңыр күзіңіздің өзі қазан айынан бастап күрт салқындай бастайды. Жауын-шашынды, қара суық өңменіңнен өтетін мезгіл де иек астында тұр. Күз мезгілі мен көктемнің алғашқы айы наурызды қосқанда алты ай бойына жылыту маусымы аяқталғанша от жағылады. Бұл ретте ауданның төтенше жағдайлар бөліміне де тыным жоқ. Жаз маусымында суға шомылу мен дала өрттерінен қорғанудың жолын көрсетіп, халық арасында үгітнасихат жұмыстарын жүргізіп тыным таппаса, күз бастала салысымен жеке тұрғын үй секторларын аралап, газдан, көмірден келетін қауіп-қатердің алдын алуға жұмыстанады. Жасыратын несі бар, қарапайым тұрғындардың басым көпшілігі өрт қауіпсіздігі ережелерін ескере бермейді.
Жылыту пештері мұржаларының бітеліп қалуының салдарынан газға, түтінге уланып қалу деректері кездеседі. Өкінішке орай, өртке ұласып, арты қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. «Тілсіз жаудың» көп бөлігі тұрғын үй секторының үлесіне тиеді. Өрт салдарынан адамдар оттан және улы газдан қаза тауып, жарақат алады. Ең өкініштісі, арасында балалар да бар. Себебі төтенше оқиғаның көбісі жеке секторларда орын алатынын жоғарыда айттық,-дейді мамандар.
Қазір аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторда тұратын азаматтардың баспанасын аралауды бастады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – халыққа тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын жеткізу. Бүгінгі күні тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау үшін хабарлама таратылып, түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтеншеліктер күн сайын үйлерді аралау арқылы 2023-2024 жылдарға жылыту маусымына дайындықтың алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Онда пешпен жылытудың жай-күйі мен дайындығы туралы тұрғындарға түсіндіру әңгімелері жүзеге асырылады.
Жылу беру маусымында қауіпқатердің екі есе өсетіні белгілі. Статистикалық мәліметке сүйенсек, онда әрбір орын алатын 3 өрт оқиғасының біреуі пештің ақауынан шығады. Ал төтенше жағдайдың салдары адамның денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкелері хақ.
Басқа-басқа, газ құбырлары мен түтікшелерінде сызаттар болмауын қадағалап, газдың шүмегін толықтай жаппаса, одан иіс шығып, оқыс оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін. «Құдай да сақтанғанды сақтайды. Аудан тұрғындарына төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтар және қояр талабы: әр тұрғын өрт қауіпсіздігіне өте мұқият болғаны дұрыс. Әсіресе, жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындар от жағу маусымына дейін пештерін, мұржаларын, түтін жүретін қабырға арналарын толықтай тазалап алғаны абзал. «Тілсіз жау» ақау болса үйді отқа орап қана қоймай, алаңсыз ұйықтап жатқан жандарды шарпиды, болмаса, түтінді газға уланып қалады. Өкінішке орай, өрттен өрімдей балалардың да ғұмыры қиылып жатады. Сондықтан халық қауіпсіздікті естен шығармағаны дұрыс. Әсіресе, үлкен сауда үйлері мен ойын-сауық, адамдар көп шоғырланып жүретін мекемелер мен тауарлар қоятын контейнер иелері электр желілерін асқан сақтықпен қолданғаны жөн.
Айнұр МАХАМБЕТОВА