Кәсіпкер қолдан келген көмегін аямады

Мұндай қайырымдылық оларды жігерлендіріп қана қоймай, жұқпалы ауруларды болдырмауға септігін тигізбек.

Дәріханалардағы медициналық бетперденің қасқалдақтың қанындай тапшылығы қиындық тудыруда. Сондықтан адамдар бетпердені кездеме маталардан ыңғайлы етіп өздері қолдан тігіп кие бастады. Жұқпалы, аты жаман кеселді жұқтырмаудың бір жолы - жаппай маска кию екені айдан анық. Ауданымыздағы көптеген тігін ательелері қазір тұтынушылардан тапсырыстар алып матадан маскалар тігуге көшті.

«Дәріханадағы бір реттік медициналық маскаларды тек 4 сағатқа дейін ғана пайдалануға болады. Ол терлетіп те жібереді. Ал жұбайым шыт матадан қалың етіп тіккен мына бетперде терлетпейді, сондай ыңғайлы. Матадан тігілген масканың бір артықшылығы - ұзақ уақыт пайдалануға болады. Кешкісін ыстық сумен жуып, үтіктеп, залаласыздандырып алып кие бересің»,- дейді аты-жөнін атамауды өтінген бір оқырманымыз.

Шынында да, қолдан тігілген масканың ыңғайлы екенін, дәрігерлік маскадан еш кем түспейтінін байқадық. Алайда ауданымызда қолдан осындай маска тігіп алуға жағдайы келмейтін тұрмысы төмен отбастары мен мүгедек, жалғызбасты қариялар да бар. Кейбір жүрегі мейірімге толы тігіншілер мен кәсіпкерлер жаңағы өзіміз айтқан мұқтаж жандарға тегін маска тігіп, үлестіріп жүр екен. Олардың осы қайырымды ісіне риза боласың.

Жақында жеке кәсіпкер Мұрат Машанов маскаларды тегін тігіп таратып, сауапты іс жасап жүргендерге көмек болсын деп өз ақшасына кездеме сатып алып берді. Аудандық оқу бөліміне қарасты орта мектеп мұғалімдері тегін маскалар тігіп, қайырымдылық жасап жүр дегенді естіген ол 90 метр матаны аудандық оқу бөлімі басшысы Айбарша Қақпанбаеваға табыс етті.

Кездеме матамен бірге ол тігіншілерге керекті ине-жіп, резеңке сияқты құралдарды да қоса сатып алып апарып берді. Мұрат Суықбайұлы 10 метр матаны тігінші Ақбаян Құбашеваға да сатып әперді. Кәсіпкер апарған кездемені қабылдап алған аудандық оқу бөлімі басшысы А.Қақпанбаева рахмет айтып, маскаларды тігіп дайындаған соң оларды мұқтаж жандарға таратуға, сондай-ақ провизорлық стационарлардағы инфекционист дәрігерлерге де жеткізуге уәде берді. Себебі ең қымбат адам өмірі үшін күні-түні күресетін дәрігерлер еңбегін қолдағанымыз жөн.

Инфекционист дәрігерлер мен медбикелердің күнделікті жұмысы қауіп-қатерге толы. Мұндай қайырымдылық оларды жігерлендіріп қана қоймай, жұқпалы ауруларды болдырмауға септігін тигізбек. Қазір жер-жерде «Біз біргеміз» акциясы өтуде. Шынында да, барша қазақстандықтар бір кісідей бірлесіп, бір жұдырықтай жұмылып, қауіпті кеселдің таралуына жол бермей қарсы тұрса ғана жеңіске жететініміз анық қой. Ендеше, Мұрат Машанов секілді жүрегі жомарт кәсіпкерлер көп болса, әлемді дүрліктірген пандемия да қазақ елі үшін үшін қауіпті емес.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521